Жаза мерзімін өтеуші азаматтар арасында спорттық сайыс өтті | arainews.kz

Жаза мерзімін өтеуші азаматтар арасында спорттық сайыс өтті

77

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде жаза мерзімін өтеуші азаматтар арасында спорттық сайыс өткізілді. Олар қол күресінен, гір көтеру және шағын футбол сынды спорт түрінен сынға түсті. 

Бас бостандығынан айырылған жаза мерзімін өтеуші азаматтарды жазасын өтей отыра түзелу жолына салу – бүгінгі күннің басты талабы. Оның ішінде, бірнеше қылмыс жасаған адамдарды түзелу жолына салу біраз күш-жігерді қажет ететін жауапты әрі қиын жұмыс. Жаза мерзімін өтеуші азаматтардың дене тәрбиесімен айналысуы ой-өрісін психологиялық тәрбиелеумен қатар жүргізілетін әдістердің бірі. Себебі, еңбекпен тәрбиелеу секілді спортпен тәрбиелеуді қатар алып жүрудің де маңызы жоғары.

Сотталған азаматтар командаға бөлініп, жарыс көркін қыздырды. Гір тасын көтеруден Е. есімді сотталған басқа қатысушыларды басып озды. Ал М. және Т. есімді азаматтар сәйкесінше ІІ және ІІІ орын иеленді. Шағын футболдан мекеме жасақтарының командалары сынға түсті. Ала доп аламаны тартысқа толы болды. Қызықты да тартысты өткен додада №5 жасақтың құрамасы І орын алса, ІІ орынға №4 жасақ құрамасы командасы табан тіреді. Жүлделі ІІІ орынға №3 жасақ командасы лайықты өнер көрсетті. Қол күрес сайысы да қызықты өтті. Білек күшінің арқасында І орынды М. есімді азамат қарсыластарын қапы қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, сотталған Н. және С. жүлделі орындарға жайғасты.

— Жаза мерзімін өтеуші азаматтарды жазасын өтей отыра түзелу жолына салу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында әртүрлі тәрбиелілік іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Бүгінгі шараға қатысушылардың барлығы да белсенділік танытып, өздерінің спортқа деген оң көзқарастарын көрсете білді. Спорттық іс-шараларға қатысқан сотталғандар темір торда телміріп отыра бергенше, әртүрлі қимыл қозғалыстарға түскенде, бойларына қан жүгіріп, санасы сергіп,бостандықтағы мақсаттарына деген талпынысы артады,— дейді мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов.

Сайыс қорытындысы бойынша аса белсенділікпен атсалысқан азаматтар мен жеңімпаздарға мекеме басшылығының атынан алғысқа ұсынылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.