Жауапкершілік жүгі

83

Осыдан бірнеше жыл бұрын кенжеміз ҰБТ-дан 121 балл алып, «Алтын белгіге» ие болып, облыстағы білім деңгейі бойынша төмен дәреже көрсетіп абыржыңқырап жүрген ауданымыздың айын аспанға бір-ақ шығарғаны бар. Қуанышымыз қойнымызға сыймай дастархан жайдық. Таразда тұратын достарымыздың бірі Арыстан ағам үй шаруасындағы әйелі Раушанға:
– Кешке киініп дайын отыр, Қаратауға барамыз, Зико (Зиярат) «Алтын белгі» алыпты, Ербол мен Үміт жуатын болды, – дейді жұмысынан телефонмен хабарласып.
– А-а-а?! Ә-әй, ол бала қалай алтын алады-ей, әкесі мен шешесі «қаңғиды да жүреді»… – депті таңданғанын жасыра алмаған Раушан құрбым күйеуін күлдіріп.
– Жарайды, еркек – түздің адамы. Бірақ, сен де бізге қарағанда үйде көп отырмайсың, ылғи іссапарда жүресің, оның үстіне өңкей ұл балаларыңа қалай ие боласың-әй, құпияңды бізбен бөліссеңші! – десіп, үйге келген соң осы қалжыңды жеткізген Раушандарға басын шұлғи қосылғандар жапа-тармағай маған жабылды.
– Пультпен басқарам, – дедім мен жай ғана. Жымиып тұрған менің бетіме құрбыларым аңтарыла қарады…
Жұмысбасты болсам да, бес-алты жасына дейін жүріс-тұрысын бақылап, мектеп табалдырығын аттаған алғашқы жылдарында ұлдарымның әрқайсысымен жеке-жеке тапжылмай бірге отырып, әліппе оқып, есеп шығарысып қана қоймай, өмір мен тіршілік заңын саналарына мысқалдап болса да сіңдіре берумен мұқият шұғылданғанымды достарым қайдан білсін. Аса зор төзімділік пен мейірімділікті, ашушаңдықты емес – ақылдылықты, қатыгездікті емес – қаталдықты, таяқшылдықты емес – талапшылдықты таразылау қажет ететін отбасы тәрбиесі өз нәтижелерін бермей қойған жоқ.
Балаларым тазалық сақтауға бейімделіп, үй жинауды да үйреніп, гүл баптап, күрек те ұстап, кетпен шабуды меңгеріп, әсіресе, әскерге барсақ керек болады деп өз жейделерінің түймесін өздері тігуге, жеңіл-желпі тамақ та пісіруге дағдыланған. Бүгін болған сабағының үйге берілген тапсырмасын бүгін орындап қоюға, кесте бойынша келесі аптада бір-ақ болатын болса да, мұғалімнің жаттап келуге бергенін сол күні үйде жаттап алуға қалыптасқан. Теледидар көрсетілімі мен компьютерді белгілі бір мөлшерде ғана қолдануға қатаң тырысатын олар күнделікті бос уақытын ұтымды пайдаланып, ойын ойнап та, спортпен шұғылданып та үлгеретін. Мектептің түрлі үйірмелері мен сыныптан тыс шараларына қатысып, алтын ұялары – сүйікті білім ордаларының белсенді оқушысы мен ұлағатты ұстаздарының озық ойлы шәкіртіне айнала білді. Ең бастысы – кісілік мектебінен өтті. Шүкір, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет жасап, қатарларымен, замандастарымен қарым-қатынас орнатудың мүмкіндігінше әдепті жолдарымен түзу жүрсе деген игі тілегіме құлақ асады.
Балалар әкелері секілді спортсүйгіш болып өсті. Футболда мықты ойыншы, шебер қақпашы. Өнерден де құралақан емес.
Мектеп жасында облыстық Абай, Шәкәрім оқуларының бес мәрте жеңімпазы атанып, суырыпсалма айтыскерлігімен танылған, қазір облыстық ювенальды сотта қызмет істеп жүрген Бағланымыз ұлы Абайдың бүкіл бір том шығармаларын жатқа біледі десем артық айтқандығым емес. Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актері Жасұланымыз Оралхан Бөкей атындағы облыстық конкурстың жеңімпазы, айтулы асаба, қоңыр дауысты әнші. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Экономика және бизнес жоғары мектебі» факультетінің студенттік деканы болып, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын алған Зиярат қазір – магистрант.
Отау құрып, немере сүйгізіп жатқан Жасұланымыз өз шаңырағындағы ер-азаматтық рөлі мен орнын біледі, аяулы жарына мейлінше қамқорлық көрсетіп, балапандарының алдындағы парызына жауапкершілікпен қарап, әкелік міндетін мінсіз атқаруға тырысуда.
Маған «Қыз тумаған соң, қызы бар біздерді түсінбессіз» деп мұңын шағып, сырын айтатындар бар. Мені қызы жоқ, басына түспеген соң біле бермес деп бұлай ойлайтындар қателеседі. Тұрмысы төмен туыстарымның жағдайларына қарап, олардың өздерінің де, ұл-қыздарының да бәрінің дерлік болашағы менің мойнымда болды. Бүлдіршін шағынан бауырыма басқан бірнеше қызымды ұзаттым. Төсек-орын бердім. Жасауын жабдықтадым. Әлі де солардың үй болып, аяқтарынан тік тұрып кетулеріне қал-қадірімше үлес қоса берсем деген арманым бар.
Сіздерге де соны тілеймін.
Ол үшін отбасы, қоғам алдындағы жауап­кершілік сезімнен ешкім ешқашан айнымау қажет.

Үміт БИТЕНОВА,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, ақын,
Талас ауданының Құрметті азаматы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.