«Былтыр мен өзім бастап берген «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық жұмысты дамыту керек. Үкіметке 2025 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. «Жас сарбаз» бастамасы үлгісімен елімізде еріктілерді, әсіресе әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажет», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚР Президенті туризмді дамыту мәселесіне де тоқталды.
«Біз өзіміздің Қазақстанды білмейміз, шетелге барамыз. Қазақстанның кең байтақ жері біз үшін керемет. Шығысқа барсаң Қытаймен шекаралас адам аяғы баспаған ну-тоғай, өзендер мен көлдер. Ең үлкен өзеніміз Ертістің 80 пайыз суының өзіміздің таулардан алынатынын білмейміз. Алтай біздің түркі дүниесінің шыққан жері. Оңтүстік Қазақстанда Ақсу-Аюлы, Қазығұрт тауына, Жетісу жерін аралап, тауларына шыққан жоқсыңдар. Каспий жағалауында қаншама демалыс орындары ашылып жатыр. Қазақстанда мен араламаған ауыл жоқ, көргенімді айтып отырмын. Егер туризмді дамытар болса, Қазақстан экономикасына 10 пайыз өсім қосатын сала болады», — деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтауға септігін тигізетіндігін баса айтты. «Сондай-ақ ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті де нығайтуға септігін тигізеді»,- деді Елбасы.
Айта кетейік, Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр.
Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.
Президент сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтты. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.