Жастар мәселесі кеңес беру алаңында қаралды | arainews.kz

Жастар мәселесі кеңес беру алаңында қаралды

270

Тараз қаласында жастарға қатысты мәселелерді жергілікті жерде кең ауқымды түсіндіру мақсатында «Жастарға мемлекеттік бағдарламалар және түрлі салалар аясында консультациялық алаң!» атты қалалық Кеңес беру алаңы ұйымдастырылды. Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырған шара Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде өтті. Жиынның ашылуына Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Абзал Есіркепов қатысты.

Кеңес беру алаңында 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, мүмкіндігі шектеулі жастар, жеке кәсібін ашатын немесе кәсібін дамытушылар, түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдау тетіктері, тұрғын үй, жұмысқа орналасу, әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететіндер, жоғары және орта арнаулы оқу орнын бітіруші студенттер, орта мектепті бітіруші түлектер түрлі мәселелеріне жауаптар алды.

Шараға барлығы 500-ден аса жастар қамтылды. Қатысушылардың басым бөлігі өз кәсібін бастау үшін кәсіпкерлік палатасының маманына, сонымен қатар, жастар практикасы және тегін курстарда оқу бойынша жұмыспен қамту орталығының маманына сауалдарын қойды. Сонымен қатар, жаттығу залдары мен спорт алаңшалары бойынша дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманындары, колледжді аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсу бойынша білім басқармасының маманы, жат ағымдардан сақтану жолдары туралы дін секторы маманы тыңғылықты жауаптарын берді. Ал, жеке мәселелер бойынша жастар психолог маманыннан кеңес алып, студенттерге арналған жол жүру билеттері бойынша тұрғын-жай коммуналдық шаруашылығы маманы түсініктерме берді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.