Жастар басылымы «Жамбылполитехта» | arainews.kz

Жастар басылымы «Жамбылполитехта»

311

«ARAI» жастар газетінің таралымы 10 мың данадан түспей келе жатса, онда оқу орындарының да қосып отырған үлесі зор. Солардың қатарында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі ұжымының да қолдауын айқын сезініп келеміз. Осы орайда бүгін аталмыш білім ошағына арнайы ат басын бұрып, басылым күнін өткіздік. «Жастар басылымы Жамбылполитехта» атты іс-шара аясында колледждің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, оқытушылармен және студенттермен жүздестік. Газеттің директор-Бас редакторы Дәулет Төлендіұлы Жастар жылы аясында қолға алынған жарқын жобалар туралы әңгімелеп, басылымның бағыт-бағдарына тоқталды. Редакцияда талантты жастардың топтасқандығын тілге тиек етіп, бүгінгі басқосудың басты мақсаты бұрыннан қалыптасқан байланысты бекемдей түсу екендігін жеткізді. Өз кезегінде «ARAI»-дың шығармашыл ұжымы аянып қалған жоқ. Жыр тиегі ағытылып, күй күмбірлеп сала берді. Әуезді ән де әуеледі. Осы орайда тараздық жас талант, газетіміздің жанашыры Әділет Асанов та өз репеутуарындағы бірнеше әндерді шырқап, жиылған көпшілікті бір серпілтіп тастады.
«Ел іші-өнер кеніші» демекші, шығармашылыққа бейім студенттер әрбір оқу ордасында кездеседі. Біздің басылымның басты ұстанымдарының бірі-осындай жастардың тұсауын кесіп, талантын таныту. Бүгінгі шарада да өнерге құштар бір топ өреннің өлең оқуына мүмкіндік берілді. Олардың тырнақалды туындылары алдағы уақытта «ARAI»-да жарияланатын болады. Сонымен қатар газетіміздің таралымын арттыруға аянбай атсалысып жүрген колледж директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты, жастардың жанашыры Жанар Орынбаева мен осы мекемедегі кітапхананың меңгерушісі Гүлдариха Жаңабаеваға редакцияның Алғыс хаты мен гүл шоқтары салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ басылымымызға мазмұнды мақалаларын жолдап жүретін оқытушы Ботакөз Көбен мен студент Талшын Байтураковаға штаттан тыс тілші екендіктерін дәлелдейтін арнайы куәлік табыс етілді.
Айтпақшы, кешті жас ақын, газетіміздің «Мәдениет» бөлімінің редакторы Нұржан Қадірәлі шалқар шабытпен жүргізді. Шара соңында оны тосын сый күтіп тұрған болатын. Әр тоқсанның қорытындысы бойынша редакцияішілік рейтингте топ жарған тілшілерге тағайындалатын бас редактордың сыйақысы осы жолы Нұржан ақынға бұйырып, 50 мың теңгенің сертификатына ие болды. Кеш соңында колледж директоры Жанар Рымбекқызы осындай керемет әсер сыйлаған «ARAI» газетінің ұжымына алғысын жеткізіп, оқу ордасының жастар басылымына жоғары деңгейде жазылатынын жеткізді.
Алдағы уақытта осындай кездесулер Тараз қаласындағы өзге де оқу орындарында өтеді деп жоспарлануда.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.