Жасөспірімдер олимпиадасында қазақстандық спортшылар өз рекордын жаңартты | arainews.kz

Жасөспірімдер олимпиадасында қазақстандық спортшылар өз рекордын жаңартты

630

Қазақстандық жас спортшылар Буэнос-Айресте Жасөспірімдер олимпиадасы тарихында өз рекорттарын жаңартты.

Биыл үшінші мәрте өткен төртжылдық додада отандастарымыз 4 алтын, 3 күміс, 3 қола (10) медальмен жалпы командалық есепте 15-ші орынға ие болды. Бұл жасөспірімдеріміздің Олимпиада ойындарындағы әзірге ең жоғарғы жетістігі.

Айталық, ең алғашқы Жасөспірімдер олимпиадасы 2010 жылы Сингапурде өтті. Аталған әлемдік додаға спорттың 17 түрінен 47 қазақстандық спортшы қатысқан болатын. Онда спортшыларымыз Қазақстан қоржынына 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль салып, жалпы есепте 18-ші орыннан көрінген еді.

Ал араға төрт жыл салып, яғни 2014 жылы екінші Жасөспірімдер олимпиадасы  Қытайдың Нанкин қаласында өтті. Оған әлемнің  201 мемлекетінен ең таңдаулы спортшылар бақ сынады. Нанкиндегі ІІ жасөспірімдер олимпиадасына Қазақстаннан 51 спортшы 17 спорт түрінен сайысқа түсті. Нәтижесінде ел қоржыны 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен толығып, жалпы есепте 21-ші орынға табан тіреді.

Міне, биыл 4 алтын, 3 күміс, 3 қола (10) медальмен алғаш рет алғашқы 15 елдің қатарына кірді.

Биылғы Олимпиадада алғашқы алтын медальді дзюдошы Бекарыс Сәдуақас салды. Ол ерлер арасында 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, олимпиада чемпионы атанды. Екінші алтынды каноэ есуден Диас Бахриддин жеңіп алса, үшінші алтынға велоспорттан Қазақстан ерлер командасы қол жеткізді. Ал төртінші бас жүлдені боксшы  Айбек Оралбай жеңіп алды.

Үш күмістің бірін дзюдодан әйелдер арасында 78 келі салмақта сынға түскен Маргарита Гриценко қанжығасына байласа, екінші және үшінші күміс жүлдені боксшылар Дамир Тойбай мен Талғат Шайкен қанжығасына байлады.

Ал үш қола медалдің алғашқысын байдарка есуден Стелла Суханова жеңіп алды. Екінші қола медальға бокстан әйелдер арасында сынға түскен  Надежда Рябец ие болса, үшінші соңғы қола медаль жарыстың соңғы күні кареташы Әбілмансұр Батырғалиға бұйырды.

Биылғы Буэнос-Айресте  өткен Жасөспірімдер олимпиадасында Ресей құрамасы топ жарды. Олардың еншісінде 29 алтын, 18 күміс, 12 қола (59) медаль бар. Екінші орынға 18 алтын, 9 күміс, 9 қола (36) медаль иеленген қытай спортшылары жайғасты. Үздік үштік 15 алтын, 12 күміс, 12 қола (39) медаль еншілеген жапониялықтарға бұйырды.

Айта кетейік, ІІІ Жазғы жасөспірімдер олимпиадасы 6-18 қазан аралығында өтті. Оған 206 мемлекеттен 4 мың спортшы қатысты. Жарыстар бағдарламасына спорттың дәстүрлі 28 түрінен бөлек, спорттық билер (брейк-данс), каратэ, тауға өрмелеу, роликпен сырғанау қосылды.

Байрақты додада ел намысын 58 спортшы қорғады.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.