Жаңа нысандар – жақсылықтың жаршысы | arainews.kz

Жаңа нысандар – жақсылықтың жаршысы

262

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай облысымызда бірқатар жаңа нысандар пайдалануға беріліп, есігін айқара ашты. Мұның бәрі де жергілікті жұртшылықтың қуанышын еселеп, мерекелік көңіл-күй сыйлағандығы сөзсіз.

Әскери қалашықтағы қуаныш

Жуалы ауданының жұртшылығы Конституция күніне лайықты тартулармен келді. Аймақта кәсіпкерлік көкжиегі кеңіп, ауыл шаруашылығы алға басуда. Соның нәтижесінде тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі оңалып, өмір сүру сапасы жақсара түсуде. Ал, мереке қарсаңында Нұрлыкент ауылдық округі аумағында орналасқан №91678 әскери бөлімде әскери қызметшілердің балаларына арналған 75 орындық балабақша ашылды. Бүлдіршіндерді қуантумен қатар, жаңа балабақша 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Нысанның ашылуына аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысып, лентасын қиып, құтты болсын айтты.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Жуалы ауданында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетерлік. Әсіресе, қазақстандық патриотизмді нығайтуға басымдық берілуде. Бұл тұрғыда әскери қызметшілерге қолайлы жағдай жасаудың да маңызы зор. Міне, осы мақсатта бой көтерген жаңа нысанды Конституция күніне орайластырып ашып отырмыз, – деді аудан әкімі Б.Көпбосынов.

Құландағы қос балабақша

Т.Рысқұлоав ауданында да айшықты Ата Заңымыздың құрметіне арналған тағылымды шаралар ұйымдастырылуда. Бұл тұрғыда патриоттық рухтағы басқосулардың мән-маңызы зор. Сонымен қатар, аймақта жаңа нысандардың ашылуы көпшіліктің мақтаныш сезімін маздатты. Атап айтқанда, Конституция күні қарсаңында Тереңөзек және Ақыртөбе ауылдарында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде қос балабақша пайдалануға берілді. Тереңөзек ауылындағы нысан 75 орындық болса, Ақыртөбеден бой көтерген «Аяулым» балабақшаға 50 бүлдіршін баратын болады.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауларында да, ел ертеңін көздеген бағдарламалық мақалаларында да жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісіне баса назар аударып келе жатқандығы белгілі. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұнды мақаласында да келешек кілтін ұстайтын жасөспірімдердің тәрбиесіне айрықша көңіл бөлінген. Межелі міндеттер Т.Рысқұлов ауданында да оң нәтижесін беріп отыр. Мереке аясында ашылып жатқан жаңа нысандар – ел игілігіне бағытталған жұмыстардың жемісі, – дейді Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров.

«Еңлікке» ел риза

Конституция күні қарсаңында Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында балаларға арналған «Еңлік» шағын орталығы ашылды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Шыңғыс Әбдірахманның қаржысына бой көтерген жаңа нысан 80 баланы тәрбиелеуге негізделген. Бұл мақсатқа 33 миллион теңге инвестиция салынған.
– Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде еліміз жылдан-жылға өркендеп келе жатыр. Оның жарқын үлгісін Жаңатас қаласының даму әлеуетінен де байқап отырмыз. Кейінгі жылдарда бір емес бірнеше мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді. Дегенмен, мұның өзі аздық етіп келген еді. Осыны ескерген кәсіпкерлер тұрғындар үшін тамаша тарту жасап отыр, – дейді Жаңатас қаласының тұрғыны Медет Бегалиев.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.