Елімізде түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Өйткені, еңбек – сотталғандарды түзетудің бір формасы. Мұндай қадам оларды жаза өтеу жерлерінде қылмыстық ортадан шектеуге және босатылудан кейін өмірге дайындауға мүмкіндік береді. Аталған бағытта Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде де тиісті шаралар қолға алынуда.
Мәселен, жуырда №25 мекеме бастығы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелидев қала әкімі Бақытжан Орынбековпен кездесіп, мекеме аумағындағы өндірістік ғимараттарға кәсіпкерлерді тарту, осылайша кәсіпкерлікті қолдап қана қоймай, сотталғандарды да жұмыспен қамту жайын қозғаған еді. Нәтижесінде, шаһар басшысы ұсынысқа қолдау білдіріп, кәсіпкерлерге түзеу мекемесі аумағында өз ісін ашқан жағдайда бірқатар жеңілдіктер беру жағын да қарастырған болатын.
Осылайша №25 мекеме мен Тараз қаласы әкімдігінің арасында жасалған келісім шеңберінде мекеменің өндіріс аумағындағы қолданыстағы жұмыс күшін кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатымен «Ашық есік» күні өткізілді. Оның аясында «Еңбек-Тараз» РМК филиалының қолданыссыз бос тұрған өндірістік үй-жайлар мен ғимараттарын кіші және орта бизнес субъектілеріне бірлескен келісіммен беру мәселелері қарастырылды. Шара барысында өңірдегі кәсіпкерлер мекеме аумағында орналасқан бос өндіріс аймақтарымен танысты. Сондай-ақ іскер азаматтарға бос ғимараттарды жалға алып, өз ісін ашудың тиімді жақтары баяндалды. Жеке кәсіпкерлерге №25 мекемесінде өз кәсіптерін ашу ұсынылды.
Шара шеңберінде сотталғандарға қосымша жұмыс орындарын ашу жолдары да сөз болды. Бұл, өз кезегінде, жазасын өтеушілерге мемлекет және жеке тұлғалар алдындағы талап қарыздарын өтеуге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар еңбек жазасын өтеушілердің түзелу жолына түсуіне ықпал етіп, өзін-өзі тәрбиелеуіне жол ашады.
Д. Мұсаева,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД №25 мекемесі
сотталғандарды еңбекпен қамту тобының аға инспекторы,
әділет майоры