Жамбылдық жастар Әулиебастаудың маңын тазалады | arainews.kz

Жамбылдық жастар Әулиебастаудың маңын тазалады

534

Жамбыл ауданындағы Күйік-Қаратау күре жолының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Әулиебастау қасиетті бұлағы өзінің сұлулығымен, әр тұстан бұрқырап шығып жатқан қайнар суларының молдығымен ерекшеленеді. Мұнда деніне шипа, жанына қуат іздеп, табиғатты тамашалау үшін келетін адамдар легі еш толастамайды. Сол себепті бұл жерде тазалықтың сақталуы аса маңызды.

Тазалық сақтауда сенбіліктің маңызы зор. Себебі ол туған өлкені түлетуге деген жауапкершілікті арттырады. Аудан аумағында абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Бұл – алғашқы ретте көктемгі және күз айларында өткізілетін екі айлық тазалық жұмыстарының нәтижесі. Осы орайда аудан аумағындағы елді мекендерде көріктендіру және санитарлық тазалықты сақтау бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Апта аяғында аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының бірлесіп ұйымдастыруымен №17 Жамбыл колледжі мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің білімгерлері «Жастар жылы» аясында Әулиебастау маңына сенбілікке шықты. Жалпы, іс-шараға 70-тен аса жас жұмылдырылып, ауызбіршілікте жұмыс жасап, өз істерін тиянақты атқарды. Сенбілік барысында қолдарына сыпыртқы, күрек, тырма, айыр ұстаған белсенді жастар тазалыққа ден қойып, мемлекет қорғауындағы киелі жерді қоқыстан, шөп-шаламнан арылтты. 60 түп жеміс көшеттерін отырғызды.
Сенбіліктің өту барысы туралы орталықтың шаруашылық меңгерушісі Рахымбек Мұзбеловтен сұрағанымызда, ол тазалыққа мән беріп, ауданымызды көріктендіріп, құлпырта түсу баршамызға ортақ міндет екенін тілге тиек етіп, жастардың алдағы уақытта да тазалық шараларына атсалысатынын айтты.

Ильяс Қалыбеков

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.