Жамбыл облысында тәулік ішінде екі жасөспірім суға кетті

Өткен тәулікте Жамбыл облысының су қоймаларында қайғылы жағдайлар болды, деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар.

«16 шілде күні сағат 15:40-та құтқарушылар Тараздағы «Зербұлақ» демалыс орнындағы судан жағаға 13 жастағы жасөспірімнің денесін алып шыққан. Бала шомылуға арналған жерде суға батып кеткен. Сонымен қатар 13 және 14 жастағы екі қыз құтқарылды», — делінген ведомствоның хабарламасында.

Куәгерлердің айтуынша, ұл бала әпкесін аман алып қаламын деп соңынан суға сүңгіген.

Дәл сол тәулікте Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы ата-анасының қарауынсыз қалып қойып, Тараз қаласының маңындағы Талас өзеніне ағып кеткен 8 жасар баланың денесін іздестіруді бастап кетті.

«Кешкі сағат 21:00-де іздестіру шаралары аяқталды. Өкінішке орай, нәтиже болмады. Күннің жарық кезінде жалғастырамыз», — деді облыстық ТЖД өкілі.

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2018 жылдың басынан бері өңірдің су қоймаларында арты қайғыға әкеп соққан 12 жағдай тіркелген.

 inform.kz 

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.