Жақсы ит – иесінің көзі, құлағы

Адамзат қолға үйретіп, өзіне серік еткен алғашқы жан-жануардың бірі ит десек қателеспейміз. Қазақ халқы сонау ықылым заманнан итті жеті қазынаның бірі санаған. Оны адамның сенімді серігі, досы деп қабылдаған. Ал, иттердің түріне (пародасына) келсек, оның саны төрт жүзден асады екен. Үлкен тайыншадай бөрібасар төбеттен бастап, сән-әшекей үшін бикештер қолдарына алып, қойнында ұстап жүретін, салмағы бір килограмға жетпейтін қуыршақ тәрізді иттерді кездестіруге болады.

Жалпы, ит туралы қаншама қызықты аңыздар, хикаялар айтылып, шығармалар жазылған, тіпті, кинофильмдер де жетерлік.
Солардың бірі бүкіл әлем жұртшылығына таныс Жапония еліндегі Хатико атты иттің иесіне деген ерекше адалдығын суреттейтін, шынайы өмірден алынған кинофильм. Қысқаша қайырып айтар болсақ, Токио университетінің профессоры Хидэсабуро Уэноның сүйікті иті болады. Ол кішкентайынан иесін таңертең жұмысына, яғни, пойыз стансасының перронына дейін шығарып салып, сағат 15.00 шамасында әлгі жерден күтіп алу үйреншікті дағдысына айналады. Солай қалыптасқан ол бірде таңертең иесін станса перронына шығарып салады да, уақыт 15.00-де қайта келіп, профессорды электричка-пойыздан қараңғы түскенге дейін күтеді. Бірақ, иесі ол күні келмейді, ертеңіне де төбе көрсетпейді. Себебі, профессордың жұмыста жүрек талмасы ұстап, ауруханаға жеткізіледі де, ауыр дерттен сол күні көз жұмады. Ал, Хатико күніге сағат 15.00-де стансаға келіп, иесін күтуді доғармайды. Қараңғы түскенде ғана профессордың үйіне оралып, есік алдында түнеп жүреді. Сөйтіп, ол қимас қожайынын бірнеше айлар күтеді. Оны байқаған вокзал қызметкерлері мен көршілері иесіне адал итке жанашырлық танытып, тамақтандыра бастайды. Базбіреулері үйіне алып кеткісі келеді. Бірақ, иесіне адал күшік еш көнбейді.
Содан Хатико өмірінің соңына дейін Сибуя стансасының перронына түс ауа келіп, иесін түнгі қараңғылық түскенге дейін 8 жыл бойы күтумен болады. Көп уақыт өтпей, ол туралы жергілікті газеттің бірінде мақала жарияланғанда, жапондықтар әлгі итке ерекше қызығушылық танытып, әр аймақтан көптеген адамдар ағылады, осылайша Хатиконы жұрт аңызға айналдырады. Қартайған шағында ауруға шалдығып, қыстың бір аязды қытымыр түнінде иесін күткен ит көз жұмады. Көпшіліктің жүрегін толқытқан Хатикоға жұрт қаражат жинап, Сибуя стансасында ескерткіш орнатады, құрмет көрсетіп, қалалық бейітке жерлейді. 1987 жылы «Хатиконың тарихы» атты кинофильм, 2009 жылы «Хатико – ең сенімді дос» реймеркі түсіріледі. Адамға деген иттің достығының беріктігі мен адалдығы жапондықтар арасында символға айналып, көпшілікті ерекше толқытады.
Осы тәріздес оқиғаның Ақмола облысындағы Степногор қаласында болғаны жайлы «Жас алаш» газеті жазды. Онда халі нашар ер адамның «Жедел жәрдеммен» ауруханаға жеткізіліп, бірнеше күннен кейін ауыр дерттен жансақтау бөлімінде көз жұмғаны, мекемеге дейін көлікпен ілесіп келген қара иттің осы жерден кетпей, иесін күтіп жүргені арқау болған. Аурухананың алдында иесін күтіп жүрген иттің әрекеті көпшіліктің қызу талқысына түскен. Төртаяқтының адалдығына тәнті болған қала тұрғындары мен аурухана қызметкерлері оны әлгі біз жоғарыда баяндаған Жапон елінің әйгілі Хатикосына теңепті. «Иесінің ішке кіргенін көрген төртаяқты оның шығатынын күтіп жүр. Ит ешкімге үрмейді, тиіспейді. Кіріп-шыққан адамдардың түріне мұқият қарап қояды. Адамдардан бес метр алшақ жүреді», – дейді Степногор қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері. Дәрігерлердің пайымдауынша, иесі жалғыз басты болған көрінеді. Яғни, иесіз қалған иттің өзіне жақын санайтын басқа ешкімі жоқ. Ит иесін соңғы күнге дейін сарыла күтуде. Аурухана қызметкерлері әлгі итке сүйсіне қараса, енді біреулер оны мүсіркейді. Иттің иесіне деген берік достығы адамды таңғалдырады, жандүниеңді елжіретеді…
Бұл тұрғыда ақын Свет Оразаевтың:
«Ит адамның досы ғой, талас бар ма,
Ортамыздан хақың жоқ аластауға.
Компасың боп үйіңе алып келер,
Борандарда, түндерде адасқанда», – деп жырлауы да көпке ой салса керек.
Таяуда белгілі мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуберді Бинашевтің «Алматы ақшамы» газетінде (14.08.2018, №92) «Арам достан адал ит артық» деген мақаласы жарияланды. Автор онда өзінің асыраған иті туралы жан-жақты әңгімелей келе, «Сатып кететін кей достан адал қызмет ететін ит әлдеқайда артық деп ойлаймын. Менің «Жеті қазына» деген композициямдағы иттің бейнесі Форсажға (өзінің сенімді итінің аты) арналады. Адам мен иттің мәңгі достығын бейнелейтін бұл шығармам жас ұрпаққа ой салар деген сенімдемін», – деп жазады.
Көрнекті жазушы Несіпбек Дәутаевтың «Ақ күшік» деген қызықты, киноға сұранып тұрған тартымды хикаясы бар. Тағдыр тауқыметімен бірін-бірі түсінбей ажырасып кеткен жұбайлардың арасын жақындатпақ ниетпен екі ауыл арасында ақ тер, көк тер болып шапқылап, әлек болып жүрген ақ күшіктің өз иелеріне деген махаббаты, адалдығы көркем, әдемі суреттелінеді. Хикая соңында екі иесін жолықтырмақ болып зыр жүгірген ақ күшік көпір шайылып, топан суға ағып кетеді. Екі жағада тұрған жұбайлар өздері кішкентайынан асыраған иттерінің адамға бергісіз тіршілігіне, адалдығына, иелері үшін жанын пида еткеніне куә болады. Бұл хикаятты толқымай оқу мүмкін емес. Кішкентай ғана ақ күшіктің иелеріне деген адалдығы, тазалығы шынайы көрсетіледі, оқушысына терең ой тастайды.
Мамандардың айтуынша, ит адамға бауыр басып, оған өле-өлгенше адал қызмет етеді. Тіпті, кейде олардың адалдығы адамнан да асып түседі. Базбірде иесі болмаған сәттерде тамақ ішуден де бас тартады екен. Қазақтың әлгі «Арам достан адал ит артық» дейтіні, сірә, бос сөз болмау керек…
Бірде иттердің адал қызметі жайлы әңгіме өрбіді. Сонда Қытайдан келген қандасымыз мынадай бір оқиға айтып беріп еді: «…Қытайдағы Тарбағатай аймағының Жайыр деген жерінде Жұмақасым атты кісінің ерекше жуан, үлкендігі тайыншадай төбеті болыпты. Төбеттің бір ерекшелігі, малға, қораға келген, жүрісі бейсауат адамдарға үріп қана қоймай, аттың үстінен жұлып алатын көрінеді. Бірақ, жұлып алған адамын жараламайды, таламайды, тіпті, тісін тигізбейді. Екі аяғымен кеудесін басып отырады, адам қимылдаса болды, тісін ақситып ырылдайды. Бірде қораға түспекші болған ұрыны атынан аударып ап, басып тұрыпты. Иесі шығып: «Неге жүрсің, неғылған адамсың?» дегенде, ұры шынын айтыпты. Шынын айтқан соң Жұмақасым: «Бұдан кейін ұрлыққа түссең, төбетімнен арашалап алмаймын», – деп, ұрыны жазасыз жіберген екен».
Осыдан көп жылдар бұрын малшы ауылдарын аралап жүріп, мынадай әңгіме естігеніміз бар. «30 жыл қой баққанда менің бір малым жоғалды дегенді естігендерің бар ма? Шілденің шіліңгір ыстығында да, қаңтардың қақаған аязында да қорама күзет қоймаймын. Таң атқанша Ақтөс атты төбетім қораны айналып жүреді. Таңсәріден қоймен бірге кетіп, кеш бата келеді. Отарды мен емес, осы итім бағады десем болады. Заты ит, іс жүзінде мына кейбір жалқау қойшы-малшылардан артық екенін білемін», – деген шопан сонда итін мақтап.
Бала кезімізден есте қалған тағы бір көрініс – ауылда тазы ұстайтын құсбегі-аңшы болды. Төртаяқтыға ерекше күтім жасап, арнайы тамақ пісіріп, баптайтынына куә болдық. Қансонарда атына қонып, тазысын ертіп аңшылыққа шығатын. Жүйрік тазысының арқасында айлакер түлкілерді, қоянды мылтықсыз, бірде-бір оқ шығармай-ақ қанжығаларына байлап қайтатын. Оның бұл кәсібіне көпшілік қызығатын. Әлі де ондай аңшылар ауыл-ауылда бар болар?..
Ит қашаннан адамның қолына үйреніп, оның сенімді көмекшісіне айналды? Иттер шамамен б.з.б. 15-10 мың жыл бұрын қолға үйретілген деп есептейді зерттеуші ғалымдар. Ит қаңқалары қазба жұмыстары кезінде Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған. Ғалымдардың болжамы бойынша, қасқыр бөлтіріктерін қолға үйретуден Азияда бірте-бірте ит пайда болған.
Көшпенділер өмірі жылқымен тығыз байланысты болса, ит те сенімді серікке айналған. Италияндық саяхатшы Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді Шағатай ұлысынан, хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мыңға жуық болған. Қасқыр алар иттерге осынша мән беріліп, хан сарайында өсірілуі – жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді. Қазақи төбеттерден қазіргі алабай, азиат овчаркасы, тибет төбеті және де басқа ірі иттер таралғаны жайлы ғалымдардың пікірі бар.
Адамдардың қат-қабат тағдырымен иттің аңызға бергісіз тарихының осындай байланысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Ит тек мал шаруашылығында күзетші ғана емес, сондай-ақ аңшылықта, шекара қорғауда, есірткі тасушыларды анықтауда, зілзала, апаттарда адамды іздестіруде, ішкі істер қызметтерінде, соғыс кезінде жарақатты майдан даласынан таситын санитар ретінде пайдаланылатынын білеміз. Иттердің сезімталдығына сейсмологтар да арқа сүйейді. Өйткені, иттерде жер сілкінісін алдын ала болжайтын қасиеттер бар екен.
Тайгадағы кәсіби аңшылар аң аулауға иттерсіз бара алмайды. Ит аңның иісін алыстан сезіп, оның қайда тығылғанын иесіне «көрсетіп» отырады. Үйрек-қаз, қырғауыл атуға барғанда да аңшылыққа үйретілген ит құстарды үркітіп, оларды атуға мүмкіншілік туғызады. Қалың бұтақтар мен қамыстар арасынан, тіпті, суға түскен қаз-үйректі, қырғауылды ит өзі тауып, иесіне жеткізеді. Расында да, ит туралы әңгіме мол, көптеген қызықты оқиғаларды тізіп айта беруге болады.
Иттерді ұлт мақтанышына – брендіне айналдырып отырған халықтар бар. Алысқа бармай-ақ, Түрікмен ағайындар жылқысы мен алабай итін ұлттық байлық деп санайды, мақтан етеді. Бізде де ата-бабаларымыздан жеткен төбет пен тазы иті бар. Бірақ, олар жойылу алдында тұр. Базбір деректерге сенсек, Қазақстан бойынша 500-дей ғана таза тазы бар болса, төбеттер саны да шамалы екен. Сондықтан, төбет пен тазыны сақтап, оларды дамыту бағытында елімізде қоғамдық ұйымдар құрылып, біршама игілікті істер атқаруды мақсат етіп отырғаны ризашылық тудырады. Ой таразысына салсақ, қазақи төбет пен тазы халқымыздың брендінің бірі деп ұққанымыз жөн.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.