Жүргізілген мониторингтер нәтижесін беруде

Елбасының Ұлт жоспары – «100 нақты қадамда»  айтылған міндеттер мен басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының негізінде аудандық Қоғамдық кеңес құрылған болатын.

Басты мақсат – жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, елді мекендердегі тұрақтылық пен ауыз бірлікті сақтау, халыққа көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын арттыру, тұрғындардың билікке деген сенімін қалыптастыру, олардың арыз-шағымдарына сергектікпен қарау, аудандағы толып жатқан әлеуметтік мәселелерді шешуге азаматтардың белсенділігін арттыру. Заңда көрсетілгендей, Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы өкілеттіктерінің іске асырылуы қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган жұмысының нәтижесі жөніндегі есептерін тыңдау арқылы жүргізіледі.

Қоғамдық кеңес «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасының 1-ші бағытын жүзеге асыруда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атқарған жұмыстары туралы тыңдау өткізді. Онда техникалық және кәсіби білімді кадрларды даярлауда және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға үміткерлердің тізімін қалыптастыруда меншік нысандарына қарамастан барлық жұмыс берушілердің сұранысын және аудан тұрғындарының қандай қызмет түрлерін алуға мұқтаж екендіктерін терең зерделеп, анықтау жөнінде бағдарламаның осы бағытын жүзеге асырушы тараптарға ұсынымдар берілді. Сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаушылардың жұмысқа орналасуы бойынша аудан облыс көлемінде алдыңғы қатарда болса да, аудандық жұмыспен қамту орталығының оларды мүмкіндігінше толығырақ жұмыспен қамту жолдарын іздестіріп, шешуі Қоғамдық кеңестің бақылауында болады.

Аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жергілікті полиция қызметкерлерінің Әдеп нормаларын орындауы және мал ұрлығының алдын алуда тиісті мекемелермен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарын қарау барысында біраз кемшіліктер анықталып, оны жою жөнінде ұсынымдар берілді. Осы ұсынымдарды жүзеге асыруда елді мекендерде учаскелік полиция қызметкерлеріне көмектесу үшін белсенді жастарымыздан арнайы топтар құрылды.

Елбасы Жолдауларының бірінде: «Бүгінде Қазақстандағы үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарының құқық қорғау қызметінде де, тұрғындардың ерекше қызығушылықтарын дамыту саласында да, қоғамды әлеуметтік қалыптастыруда да атқаратын рөлі өте маңызды», – деп ерекше атап өткен болатын. Қоғамдық ұйымдардың бірі болып табылатын аудандық қоғамдық кеңес азаматтық қоғамның дамуына, оның белсенділігінің өсуіне ерекше көңіл бөледі.

Қоғамдық кеңес берілген ұсынымдарының орындалуына үнемі мониторинг жасайды. Мәселен, биылғы жылы аудан әкімдігінің 2 бөлімінің ұсынымдарды орындауы жөніндегі есептері тыңдалып, оларды жыл соңына дейін бақылауда ұстау жөнінде шешім қабылданды.

Қоғамдық кеңес мүшелері 5 топқа бөлініп, аудандағы барлық мектептердің 2018-2019 оқу жылына дайындығына жүргізген мониторингінің арқасында мектептер дер кезінде дайын болды десек, асырып айтқандық емес. Халыққа қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік салалардың жұмысына жүргізілген мониторингтер де оң нәтижесін беруде. Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істей отырып, өздеріне берілген өкілеттікті жүзеге асыра беретін болады.

Шорабек АТАБАЕВ,

аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.