«Ыстық нүктелер» бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда | arainews.kz

«Ыстық нүктелер» бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда

178

Бүгін облыс әкімдігінде «Ыстық нүктелер» жоспарын қарау  бойынша жиын өтті. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовке  облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік  Құрманғали «ыстық нүктелерге»  жататын мәселелер туралы баяндады. Берік Уәлиұлы өзі басқаратын  басқарманың хаттамалық тапсырмаларға сәйкес облыстағы көп уақыт бойы өз шешімін  таппаған, қордаланған   9 мәселені анықтағанын жеткізді.  Бүгінгі таңда бұл мәселелер мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан бақылауға алынғанымен, бірқатар проблемалардың шешімін табу механизмі  жүзеге асырылмауда екен.

Басқарма басшысы алдымен еңбек жалақысы бойынша қарыздар мәселесі қордаланған  5 кәсіпорынды тілге тиек етті.  Олардың қатарында «ACIG» АҚ және «Энерджи-Тараз», «Hantau Mining», «Шу Сервис», «Қайсар Сарбаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.  Олардың барлығында  207 жұмыскер алдында  70,4 миллион теңге қарызы бар.

Сондай-ақ,  жиында Тараз қаласына қарасты «Құмшағал» және «Шөлдала» шағын аудандары аумағындағы саяжай алқаптарына қатысты, Тараз қаласындағы «Атшабар» тұрғын үй кешеніндегі үлескерлердің пәтер алу, Тараз қаласының су тазалаушы  тұндырғыштар мен сүзгілеу алаңдарының, тұрғын-үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арналған арнайы кезектің мәселелері көтерілді.  Шу ауданындағы «Бөлтірік», «Жиенбет» медициналық  және «Сауытбек» фельдшерлік-акушерлік пунктерінің санитарлық талаптарға сай келмеуі, Шу қаласының ескі кәріз жүйесінің, Мойынқұм ауданындағы  Радай өзенінде орналасқан көпірдің апатты жағдайы «ыстық нүктелер»  ретінде назарға алынды.

— Тараз қаласының аумағына қарасты «Құмшағал» және «Шөлдала» шағын аудандары аумағындағы саяжай алқаптарына қатысты тұрғындарды электр қуатына заңды тұлғаларға арналған бағамен төлеу және саяжайларды елді-мекен  категориясына  ауыстыру мәселелері де өзекті болып тұр. Бұл мәселе бақылауда тұрады.  Сонымен бірге, Тараз қаласына қатысты тағы бір ұзақ уақыт бойы шешімін таппай  келе жатқан мәселе ол – «Атшабар» тұрғын үй кешеніндегі үлескерлердің пәтер  алу мәселесі де  маңызды.  Бүгінгі күнге тұрғын үй құрылысына қаражат салған  28 салымшы  «Горизонт Строй» ЖШС ақшаларын қайтару туралы сотқа бірнеше  рет жүгінген. Облыстық сот салымшылардың талап арызын қанағаттандырып, оларға пәтер берілетін болды, — деген Б.Құрманғали сот шешімі  іске асырылған соң бұл мәселені жоспар тізбесінен шығаратындықтарын  жеткізді.

Басқосу барысында көтерілген мәселелерге байланысты тиісті тұлғалардан жауаптар алынып, оларды шешу жолдарын уақыт оздырмай қарастыру керектігі айтылды. Асқар Исабекұлы «Ыстық нүктелерге»  жататын түйінді түйткілдер бұл тоғыз көрсеткішпен ғана шектелмейтінін, ел арасындағы, облыс орталығындағы түрлі  әлеуметтік-тұрмыстық және экологиялық мәселелерді осы тізімге кіргізіп,  тиісті  шараларды тездетіп атқару керектігін баса айтты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.