«Бала – басты байлығымыз,
ал ең асылымыз оның тәрбиесі»
Жүсіп Баласағұн
Бала – біздің болашағымыз, ертеңгі үміт артар жалғасымыз. Болашақ еліміздің туын тік ұстар, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеті. Ұрпақ тәрбиесі-келешек қоғам тәрбиесі екендігі сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін» деген болатын. Осы ретте алдыңғы жылдан бері балалар дамып қалыптасуына, таным көкжиегін танытуға көп көңіл бөлінуде. 2025 жылға дейін балалардың 100 пайызын балабақшамен қамтуды тапсырды.
Осы орайда, мектепке дейінгі ұйымдары мен отбасылық тәрбиенің сабақтастығы баланың даму процесі үшін аса маңызды екенін де естен шығаруға болмайды. Себебі ата-ананың бала дамуына ықпалы орасан зор екені сөзсіз. Елімізде «ана құрсағынан бастап тәрбиелеу», «ана сүтімен тәрбиелеу» деген мағынасы терең ұғым бар. Балаларды тәрбиелеу мен білім берудің ең алғашқы іргетасы мектепке дейінгі ұйымдардан бастау алмақ. Мектепке дейінгі кезең бұл бала тұлғасының дамуы мен қалыптасуының ең маңызды кезеңі. Яғни, баланың санасы дүниеге келген күннен бастап әлем туралы түсінік, қоршаған орта туралы алуан ақпарат алуға дайын болады. Осы ақпаратты дұрыс, сауатты жеткізу үлкен, жауапты еңбек. Бұл ең алдымен мектепке дейінгі ұйымдардан басталмақ. Яғни, мектепке дейінгі ұйымдардың базасы, педагог қызметкерлердің кәсіби білігі, дамытушы ортаны тиімді құру, заманауи әдістерді тәрбиелеу мен оқыту процесінде тиімді қолданудан бастау алары сөзсіз. Мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие процесіне оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін үздіксіз ендіру және қолдану — уақыт талабы. Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда қолданылатын инновациялық педагогикалық технологиялары өте көп. Олардың негізгі көздейтін мақсаты — жаңа әдіс-тәсілдері қолдана отырып, мектепке дейінгі жастағы баланы ойын арқылы жан-жақты дамыту. Демек, әр педагог осы жайтты ескеріп, бала үшін ойын арқылы оның логикасын, шығармашылығын, денсаулығын, санасын сапалы, бірізді, жүйелі дамытатын тиімді инновациялық технологияларын меңгеріп, тәжірибеде қолдану басты талап болмақ.
Бізде ұзақ уақыт бойы мектеп – балалардың басты тәрбиешісі, ал отбасы – оған көмекші әрі одақтас деп саналып келді. Алайда, жеке тұлғаның басты тәрбиешісі отбасының нақ өзі екенін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Әрбір баланы жеке тұлғаға айналдыратын қайталанбас бейнесі отбасында қалыптасады. Ал осыдан тағы бір маңызды қорытынды шығады: ата-аналардың педагогикалық білім-білікпен қарулануы мектеп педагогтарынан кем болмауы тиіс.
Әрбір ұлт «өсуі» қажет, яғни ұлттық білім алудың, ана тілін, әдебиеті мен өнерін оқытуды ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысудың, тұтас алғанда оқушылардың өз ұлтының мәдениетіне араласуының қажеттілігін ұғынуы тиіс.
Жас ұрпақ бойында тәрбие арқылы қалыптасатын, туыстарымен, жақындарымен араласудың, өмірдің әртүрлі жақтарына қарым-қатынастың өз алдына әдебі бар, мысалы, өзінің шыққан тегін міндетті түрде білуді көздейтін «Жеті ата» заңы. «Жеті атасын» білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», туған шаңырақты құрметтеу заңын сақтау — «қарашаңырақ», өз халқының тарихи «Шежіресін» тану арқылы шыққан тегін білу; «қара шаңырақты» қадірлеу арқылы – ата-бабаны қадірлеу, оларды естен шығармау, жаңа буынмен арадағы уақыт байланысын нығайту әрі жаңғырту: ата- әке- немере осының бәрі адам бойында ұлттық сапамен, тарихи тамырын, ана тілін білумен қатар, ұлттық әдепті қалыптастыруға негіз болады.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп, Абай атамыз айтпақшы, бүгінгі жас ұрпаққа қамқорлық жасап оларды ізгілікке, адамгершілікке, отаншылдыққа, ұлтжандылық пен мемлекеттік тілге деген құрметке тәрбиелесең ғана еңбегің жемісті болмақ! Ертеңімізді бүгін ойлап, жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу мен жеткілікті білім қорын беру әр ұстаздың міндеті екенін естен шығармайық. Біздің басты мақсатымыз отбасымен ынтымақтастық орнатып, баланы жан-жақты тұлға ретінде тәрбиелеу.
Марина Кенжебаева,
М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, э.ғ.к.