Тұрғындар ауыз сумен толықтай қамтылады | arainews.kz

Тұрғындар ауыз сумен толықтай қамтылады

757

Су – тіршілік көзі. Оның адам өміріндегі маңызы баршаға аян. Сондықтан да бүгінде елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы мәселесі күн тәртібіне өткір қойылуда. Сәйкесінше Жамбыл облысында жыл соңына 209 елді мекен тұрғындары орталықтандырылған ауыз суды пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Нәтижесінде, өңір тұрғындардың ауыз сумен қамтылуы көрсеткіші 56 пайызға жеткізілмек.

Оның ішінде, Тараз қаласының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтуға баса назар аударылып отыр. Осыған орай, биыл бюджеттен Тараз қаласының сумен қамту бойынша 2 жобаға жалпы құны 1 миллиард 775 миллион 200 мың теңге қарастырылып отыр. Мұнан бөлек тараздықтардың ауыз сумен қамтылу көрсеткішін 100 пайызға жеткізу үшін 7 жоба әзірленіп жатыр. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде Тараз қаласы маңындағы «Шалғай Қарасу – 1,2,3,4,5,6,7», «Қайнар», «Мичуринец», «Ақжол», «Родничок», «Тектұрмас», «Қарасай», «Барысхан», «Шөлдала», «Құмшағал», «Қызыл Абад», «Казарма», «Көлтоған», «Жиделі» сынды саяжайлар мен тұрғын алқаптарының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізеді.

Халықты ауыз сумен қамту ісінде Елбасының тапсырмасына сай сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жөніндегі «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы іске асырылуда. Бүгінде облыс аумағындағы ауылдық елді мекендердің 53,3 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал өңірдегі 4 қала тұрғындарының орталықтандырылған сумен қамтылу көрсеткіші 88 пайызды құрады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.