Тұрғын үймен қамтуда кедергі болмауы қажет | arainews.kz

Тұрғын үймен қамтуда кедергі болмауы қажет

187

Қазіргі таңда облыс орталығы бойынша 72 мыңнан аса адам жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр. Ал олардың сұранысын қанағаттандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінің соңындағы бөлінген жер телімдеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтеретін жеке үйлердің құрылыс қарқыны ойдағыдай жүріп жатыр ма? Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиын осы және өзге мәселелер қаузалды.
Жиында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы хабарлады. Оның айтуынша Сүлейменов көшесінің соңындағы бөлінген 22 гектар жер телімінде 255 жеке тұрғын үй бой көтеруі тиіс. Бұл бойынша төрт мердігер компаниямен келісім шарт жасалған. Қала басшысы бүгінде онда 51 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын тілге тиек етті.
Асқар Исабекұлы ондағы құрылыс жұмыстарының сылбырлығын сынға алды. Мердігерлермен жасалған келісімшарттарды қайта қарап, ондағы қос тарапқа тиесілі міндеттемелердің қаншалықты орындалып отырғандығына талдау жүргізу керектігін баса айтты. Өз кезегінде мердігерлер инфрақұрылым мәселесін алға тартып, жұмыстарға тұсау болып отырған бірқатар өзекті жайттарды атады. Сондай-ақ, бағдарлама шартына сай соғылатын жеке тұрғын үйдің шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспау керек десек, мердігерлер құрылыс материалдарының бағасының қымбаттағанын жеткізді.
Өңір басшысы аталған мәселелерді уақыт созбай шешу, ол бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспар-кестесін түзу үшін тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, он күн уақыт берді. Сонымен қатар, жобаларды оңтайландыру жолдарын қарастыруды тапсырды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.