Тараздықтарды не толғандырады? | arainews.kz

Тараздықтарды не толғандырады?

665

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың көшпелі қоғамдық қабылдауы №4 аумақтық округтегі «Даңқ» аллеясында жалғасты. Шаһар басшысы тұрғындардың түрлі өтініштері мен мәселелеріне құлақ түрді.

Айталық, Қалдыкүл Келгенбаева Бурненская көшесіне жарық жүргізуді сұрай келіпті.
– Қас қарайған бетте-ақ бұл көшені қараңғылық жаулайды. Жаз мезгілінде балаларымыз сыртқа ойнауға шығып, күн батқанша жүріп қалатыны бар. Сондай кезде бойымызды қорқыныш билейді. Олар үйге оралғанша жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Өйткені бұл көшемен балалар түгілі ересектердің өзі зорға өтеді. Сондықтан осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, – деді Қалдыкүл Жамауқызы.
Тағы бір тұрғын Кенжекүл Бөрібаева Тілеміс ақын көшесіне қаңғыбас иттердің қаптап кетуіне алаңдаушылық білдірді.
– Соңғы күндері жабайы ит-мысықтар осы көшені торуылдап жүр. Бір-екі рет адамдарға ұмтылған кездері де болған көрінеді. Сол үшін балаларымызды маңайдағы дүкенге жіберуге қорқып қалдық. Құтыр- ған жануардың біреуі оларға тап беріп, жазым ете ме деген үрейіміз басым, – деп базынасын жеткізді тұрғын.
Мунара Тоғызбаева болса, келінінің мемлекеттік бизнес грантына қол жеткізе алмай жүргенін алға тартты.
– Келінімнің мүмкіндігі шектеулі баласы бар. Сол үшін баласын қараусыз қалдырып кете алмайды. Сондықтан мемлекет тарапынан бизнеске берілетін грантты пайдаланып, өз кәсібін ашса деген ойымыз бар. Бірақ 2-3 жылдан бері соған қол жеткізе алмай келеміз. Келінім жұмыс істеп, нәпақасын табудан қашпайды. Бірақ сол ниетке қолдау болмай тұр, – деді Мунара Қадырбайқызы.
Жалпы осы күні 16 сауал келіп түскен. Барлығын мұқият тыңдаған шаһар басшысы көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырды.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.