Таразда жүздеген жаңа жұмыс орны ашылмақ

Ағымдағы жылы облыс орталығындағы оңтайлы істер оң шешімін табуда. Оған нақты дәлелді ілкімді істің нақты көрсеткіштерінен байқауға болады. Атап айтсақ, қалалық әкімдіктің болжамы бойынша есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 136 млрд 847,4 млн теңгені (2018 жылы – 120 млрд 535,0 млн теңге) немесе нақты көлем индексі 101,2 пайызды құрайды деп күтілуде. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 16 млрд 312,4 млн теңгеге артық өнім өндіріледі деген мақсат бар. Халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 381,9 мың теңге болып қалыптасқан.  Былтырғы  жылы бұл көрсеткіш 338,5 мың теңгені құраған еді.

Өнеркәсіп құрылымының салалары бойынша өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 102,3% (104 млрд 726,2 млн теңге), электрмен жабдықтау, газ беру саласында 98,2% (30 млрд 546,1 млн теңге), сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау саласында 107,6%-ды (1 млрд 329,1 млн теңге), кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде 97,7% құрайды деп күтілуде (246,0 млн теңге).

Химия саласы қаладағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің негізін құраушы болып табылатындықтан бұл саладағы «Казфосфат» ЖШС-нің Жаңа Жамбыл фосфор және минералды тыңайтқыштар зауытын қоса алғанда, жалпы 62 млрд 34,5 млн теңгенің өнімдерін өндірген немесе өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 17 млрд 518,6 млн теңгеге артық өнім өндіріп отыр.
Жалпы өнеркәсіп саласы бойынша салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдердің мемлекеттік бюджеттегі үлесі 13,9% немесе 2 млрд 657,0 млн теңгені құраған. Ал жалпы қала деңгейіндегі бюджет бойынша өнеркәсіп саласының үлесі 11,7% немесе 892,6 млн теңгені құрапты.

Есепті кезеңде Тараз қаласында «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы жалпы құны 4 млрд 47,0 млн теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар өз деңгейінде іске асса, қосымша тағы 447 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.