Әйгілі жазушы, қырғыз халқының ұлы перзенті Шыңғыс Айтматовтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Атақты қаламгердің шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, басылды.
Жазушы өз шығармаларында қазақ пен қырғызға ортақ тағдырды жырлап, қазақ даласында өткен көптеген оқиғаларды сипаттайды. Соның ішінде Шыңғыс Айтматов үшін Жамбыл өңірінің орны бөлек. Кезінде Луговой мал дәрігерлік техникумында білім алған жазушы өз естеліктерінде Әулиеата өңірін ерекше ілтипатпен еске алады.
Шыңғыс Айтматовтың мерейтойына орай көрші Қырғыз елінен Қырғызстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, жазушы Сұлтан Раев бастаған азаматтар Жамбыл өңіріне келді. Құрметті қонақтарды Тараз қаласының шығыс қақпасынан Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев бастаған өнер ұжымы қазақы салтпен қарсы алды. Меймандарға жергілікті азаматтар Әулиеата жерінің дәмін ұсынып, құрмет көрсетті.
Осы күні Жамбыл облыстық орыс драма театрында аталған театр актерлерінің қатысуымен Сұлтан Раевтың Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының инсценировкасы негізінде жазылған «Найман ана» нақылдама драмасы қойылды. Драманың қоюшы-режиссері Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Айтматов атындағы Жастар сыйлығының иегері, Халықаралық «Жаңа кино» кинофестиваліндегі «Азаматтық ерлігі үшін» номинациясының дипломанты Нұрлан Әбдіқадыров және қоюшы-суретші Рахат Сапаралиева. Аталған драманы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық және қалалық әкімдіктердің өкілдері мен тараздық қалың көпшілік арнайы келіп тамашалады. Бұл күні залда ине шаншар орынның болмауынан да Жамбыл жұртшылығының заңғар жазушыға деген құрметін көруге болғандай еді.
Жазушының міндеті адам табиғатын ашып көрсету, заман бейнесін боямасыз бейнелеу, адамзат үшін апатты нәрсені ескерту десек, Шыңғыс Айтматов «Найман ана» шығармасында адамзат үшін ең ауыр қасірет мәңгүрттікті бейнеледі. Жалпы, мәңгүрттік түркі кезеңінде қарақытайлардың тұтқынға жасаған әрекеті болып есептеледі. Есінен айырылған, ақылсыз мәңгүрт қайдан шыққанын, өзінің кім екенін білмейді. Ол өз қожайынының сөзінен басқа ешкімді де тыңдамайды. Мәселен бұл шығармада Дөненбайдың ұлы Жоламан мәңгүртке айналады. Ал Найман ана өз ұлын тауып, үйіне қайтарғысы келгенімен, ол анасын танымағандықтан өз еліне бармайды. Тіпті сол мәңгүрт қожайындарының «ол сенің басыңдағы кепешті шешуге келді» деген жалған сөзіне бола өз анасын өлтіреді.
Бұл қойылымда Шыңғыс Айтматов шығармасының өн бойындағы осынау адамзаттық трагедия айқын аңғарылып тұрды. Сахнаны сілкіндірген драма шөлейттегі Орта Азияның тоталитарлық елдімекені, темір жол бойындағы тіршілікті сипаттаудан басталды. Сонымен қатар, шығармадағы Боранды бекет, Сарыөзек, ел, мифологиялық кеңістік, Жер планетасы мен оның төңірегіндегі ағаш сияқты бірнеше кеңістіктер қойылым қуатын арттыра түсті. Сонымен қатар, сахнадағы екі жағы да тікенекті сыммен қоршалған, адамзатқа беймәлім мифологиялық әлемнің көрінісі де көпшілікті таңдандырды деуге болады. Оның бір жағында Ұлы ғылым мен білімнің Ұлы ұстазы болса, екінші жағында ата-баба заңын ұстана отырып күнелтуге тырысып жүрген адамзат бар. Сахнада ежелгі халықты түп-тамырымен жою мақсатында Сарыөзек даласына ауыз салған жуанжуан (қарақытай) тайпасының тұтқындарды адам төзгісіз азаптауы ашық бейнеленген. Соғыстың зардабына қарамай, мәңгүрт ұлын құтқару үшін жаудың даласына аяқ басқан ананың балаға деген махаббаты көрерменді бей-жай қалдырмады. Адамдық қасиет пен пасық ойдың арпалысына құрылған бұл драма режиссердің тосын шешімдерімен ерекшеленіп, актерлердің ойнау шеберліктерімен ұштасып жатты. Найман ана рөлін сомдаған Галина Соколованың өнеріне халық тәнті болды. Ал драманың мазмұнын арттырған Евгений Орловтың сомдауындағы Едіге бейнесін нағыз өнер шеберлігі деуге де болатындай. Сонымен қатар, сахнада өнер көрсеткен Бекназар Ізбасаров, Данияр Кенжебеков, Тимур Романюк, Санжар Ботбайбек, Марина Просалович, Эльмира Аққұлиева, Нұғайша Ибаділдаева, Әділет Құлмырзаев, Елена Козаченко сияқты өнерпаздардың да өнеріне көпшілік сүйсінді.
Қойылым біткен соң сахнаға Дүйсенәлі Бықыбаев шығып, Сұлтан Раев бастаған айыр қалпақты ағайындарға алғысын білдірді. Қазақ пен қырғызға ортақ жазушының мерейтойымен көпшілікті құттықтап, халқымыздың жөн-жоралғысымен құрметті қонақтарға сый-сияпат көрсетті. Жамбыл жерінде сахналанған драма туралы, жалпы қазақ халқы туралы Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі, жазушы Сұлтан Раев өз ойымен бөлісті. «Қасиетті Найман ана бейнесі өз ұлтының темірқазығы. Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының инсценировкасы 1998 жылы жазылып, Бішкек қаласындағы «Тұңғыш» театрында қойылды. Бұл шығармаға Шыңғыс ағамыздың өзі жоғары бағасын берген болатын. Мен Шыңғыс ағамыздың жанында көп жүрдім. Қазақтың дархандығы, кеңпейілдігі жайлы көп естідім. Ол кісі негізінен қазақ пен қырғызға ортақ тұлға. Өз шығармаларында да қазақ даласы туралы тебірене толғайды. Ал Луговой малдәрігерлік техникумында оқыған сәттеріндегі естеліктерінің өзі бір төбе. Кезінде қазақ Жамбыл Жабаев пен қырғыз Тоқтағұл Сатылғановтың достығы керемет болған. Кенен Әзірбаев атамыз да қырғыз жеріне жиі келіп тұрған. Сондықтан да қазақ пен қырғыз халқының достығын біз жоғары бағалаймыз», дейді жазушы.
Шыңғыс Айтматовтың «Шоқ жұлдыздардың ішінде алғаш танысқан адамым – қазақ халқының ұлы перзенті, күллі әлем мойындаған жазушы Мұхтар Әуезов болатын» деген сөзінен-ақ оның қазаққа деген қалтқысыз құрметін көруге болады. Ал «Мен Жамбыл жайында жар сала ой толғағым келеді» деген жүрекжарды сөзі халқымыздың мәртебесін арттырған асыл сөз. Сондықтан да қазақ пен қырғыз барда Шыңғыс Айтматовтың аты мәңгі өшпейді деуге болады.