Бүгін Тараз қаласында қазақ эстрадасының маэстросы Нұрлан Байкөзовтің «Таразымның алтын күзі» атты эстрада және джаз фестивалі өтеді. «Баласағұн» орталық концерт залында өтетін өнер кешкі 18:00-де басталады.
Нұрлан Байкөзов – сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижер, аранжировка шебері.
Оның өнердегі негізгі қадамы студенттік күндерден-ақ басталған. 1973 жылы ол Шымкент музыкалық училищесінде жүріп, «Степные маки» («Қыр қызғалдақтары») деп аталатын вокальдық-аспапты ансамбль құрады. Арада бір жыл өткенде ансамбль Мәскеуде өткен байқауда жеңімпаз атанады. Кейіннен кезінде дүркіреп шыққан «Гүлдер» ансамблінің бес жылдай бас дирижері (1979-1984) болса, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыкалық жетекшісі (1984-1988), төрт жыл Мақпал Жүнісова құрған «Назерке» ансамбліне көркемдік жетекшілік жасайды.
Қазақтың цирк өнерін тұңғыш рет әуенмен өрнектеген де Нұрлан Байкөзов еді. Сегіз жыл бойы өзі құрған алғашқы эстрада ұжымын басқарып, Алматы мемлекеттік цирк оркестріне бас дирижерлік жасады (1992-2010 жж.). Ал 2005-2012 жылдары Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болған ол бүгінде А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатында эстрадалық-симфониялық оркестр құрып, жетекшілік етеді. Оның аранжировкаларын бүкіл Қазақстанда ойнайды.
Нұрлан халыққа композитор ретінде де танымал. Бүгінде әндерінің саны 60-тан асқан. М.Шахановтың сөзіне жазылған «Қорықпаймын түсінігі жоқтардан…» деп келетін, Өкім Жайлауовтың «Қуыр-қуыр қуырмаш», Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Деме сен», «Ғашықтар мұңы», «Назерке», М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Үш бақытым», т.б. әндері халыққа танымал. Бұдан бөлек, 50-ден астам симфониялық, эстрадалық-симфониялық оркестрлерге, аспапты ансамбльдерге арналған шығармалары бар. Оның көпшілігі Еуропа елдерінің сахнасында орындалған.