Таразда әлеуметтік нан бағасы тағы да 5 теңгеге қымбаттады. Қазір қаладағы сауда сөрелерінде бөлке нан бағасы 75 теңгеден сатылып жатыр. Бұл туралы Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы ресми түрде мәлімдеді , – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.
– Бүгінгі күнге дейін тұрақтандыру қоры 38,8 млн теңге шығындалды. Бұл шығындарды одан ары ұлғайтпау мақсатында біз нан бағасын 5 теңгеге өзінің нарықтық деңгейіне жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгінгі күні бидай бағасы тұрақталды. Біз нақты білеміз нан бағасы 75 теңге деңгейінде болады. Бидай бағасы өзгермейді, солтүстіктен жеткізілген құнымен бірге тұрақты 70 теңгегеден аспайды, – дейді басқарманың азық-түлік мониторингі бөлімінің басшысы Марс Сейдібаев.
Айта кетейік, былтыр күзде Тараздағы наубайшылар нан бағасын 10-15 теңгеге көтеруді сұраған болатын. Алайда, атқарушы билік тек ақпан айында ғана нанды 5 теңгеге көтерді. Бұған наубайшылар қанағаттанбаса да шамалы көтергеніне көнген болатын. Бұл жолы бөлке нан бағасын жергілікті биліктің өзі өсіріп отыр. Оған себеп ақпан айында тұрақтандыру қоры наубайшылардың бағаны көтеруге қатысты сұранысын орындай алмады. Сондықтан, олар 94 теңгеден алынған қордағы 4300 тоннадан астам ұнды наубайханаларға 85 теңгеден беруге мәжбүр болды. Осылайша облыстық қор төмендетілген бағада ұн таратқаны үшін 40 млн теңгеге жуық шығынға ұшыраған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін нан бағасын өсіру арқылы етек-жеңін қайта жиып алмақ. Бүгінде Таразда 8 наубайхана бар десек, олар күніне 104 мың бөлке нан шығарады. Олардың ай сайынғы ұнға деген сұранысы 1300 тонннадан асады.