Облыс орталығында білім беру саласын дамытуға жіті көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта жалпыға міндетті білім беру қоры шығындары есебінен аз қамтамасыз етілген отбасының балаларына тегін ыстық тамаққа – 722,2 млн. теңге, киім-кешекке 298,6 млн. теңге қарастырылған. Ал, жазғы мектеп жанындағы лагерьлерге 7966 баланы қамтуға — 35,8 млн. теңге, 3600 балаға жазғы сауықтыру лагеріне 140,4 млн. теңге көзделіп, тегін ыстық тамақтың құны, бір балаға 450 теңге болып бекітілді, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.
Жалпы, қаладағы жалпы білім беретін күндізгі 60 мектеппен 1 кешкі мектепте 71 013 бала оқиды. Салада ашықтық принципін қалыптастыру мақсатында 1 сыныпқа оқушыларды қабылдау қызметтері автоматтандырылған. Мұндай жүйе балабақшаға кезекке қою мен жолдама беру ісінде де енгізілген.
Жаңа білім ошақтарын салу ісінде де ілгерілеу бар. Мәселен, биыл шаһардағы №6, 10, 12, 14, 29, 52 және 56 мектептер ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Бұл жұмыстарға 33,3 млн. теңге қарастырылған.
Ал, облыс деңгейінде бекітілген білім нысандары құрылысының Жол картасына сәйкес 2020 жылы №1 лицейге 300 орынға арналған жапсарлас ғимараттың, «Шалғай-Қарасу» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында әрқайсысы 600 орынды мектептердің және «Казарма» алқабында 180 орынды мектептің құрылыстары жүргізілмек.
2021 жылы «Арай» және «Қайнар» алқаптарында әрқайсысы 600 орынды мектептердің құрылыстары жоспарлануда. Аталған нысандар бойынша қазіргі таңда жобалық-сметалық құжатамалары әзірленуде.
Бұдан бөлек, қалада 65 мемлекеттік және 61 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет атқарады, онда 19 451 бала тәрбиеленуде. Биылғы жылы 1 454 орын ашу жоспарланған. Осы мақсатта мемлекеттік білім беру тапсырыстарынан бөлек, мемлекеттік-жекешеменшік әріптестіктің тетіктері іске асырылатын болады.