«Taraz Press» тағы да олжалы | arainews.kz

«Taraz Press» тағы да олжалы

196

Жалпы, Қызылорда облысы әкімінің кубогы сарапқа салынған дуы басым бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан келген командалар қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Айта кетерлігі, аталмыш жарыста өңірдің намысын БАҚ саласында қызмет атқарып жүрген сайдың тасындай іріктелген «Taraz PRESS» және жаңадан жасақталған «Jambyl MEDIA» құрамалары қорғады. Қос команда да намысты қолдан бермей, аймақтың мерейін көтеріп, абыройын арттырып, даңқын аспандатты деп ауыз толтырып айтсақ болады.
Турнирдің шымылдық ашар ойынын «Taraz PRESS» командасы мен «Qyzylordatv» ойыншылары ашты. Турнирге тыңғылықты дайындалған алаң иелері біздің командаға есе жібере қойған жоқ. Есесіне, айласын да асыра алмады. Қорытынды есеп 3:3. Тілге тиек ете кететін жайт, жарыстың алғашқы голын тараздықтарды бастап барған облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали соқты. Сондай-ақ, тараздықтардың капитаны турнирдің соңғы қорытынды голын торда тулатып, әулиеаталық аяқдопшылардың әлеуетін көрсетті. Алғашқы ойында тең түскен «Taraz PRESS» жігіттері келесі матчта міндетті түрде жеңіске жету керек еді. Жеңіске деген жігер танытқан жігіттеріміз Астанадан келген «Sport-59» командасына 6 гол соғып, тағы көпті таңғалдырды. Артынша «Ернияз Медиа» командасына 1:2 есебімен жол беріп қойғанымен, топтан 2-орынмен шығып, плэй-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл айналымда тараздықтар оралдық «Жайық» командасынан 5:1 есебімен басым түссе, ақтық ойын үшін «Хабар» агенттігінің құрамасымен күш сынасқан жерлестеріміз 1:1 есебімен тең түсіп, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды. Бұл сында тараздықтардың асығы алшысынан түсіп, финалға шықты.
Басты жүлде үшін болған ойын шымкенттік «Ернияз Медиа» командасымен өрбіді. Финалдың тартысты өткені соншалық, «Taraz PRESS» командасының бір ойыншысы «қызыл қағаз» алуына байланысты алаңнан қуылса да, негізгі уақытта жігіттер тең есепті ұстап қалды. Ақтық сында жанкешті ойын өрнегін көрсеткен әулиеаталықтардың пенальти сериясында жолы болмады. «Taraz PRESS» жігіттері осылайша екінші рет республикалық турнирде қатарынан күміспен күптеліп отыр. Ал, Қызылорда облысы әкімінің кубогы шымкенттік «Ернияз Медиа» командасының қанжығасында кетті.
Өңір намысын қорғаған екінші командамыз «Jambyl MEDIA» да жаңадан жасақталғандығына қарамастан, турнирде біршама командаларды шаң қаптырып кетті. Атап айтқанда, олар алғашқы ойында жергілікті «Қаламгер» командасын 8:2 есебімен ойсырата ұтса, келесі кездесуінде тәжірибесі мол «Хабар» агенттігінің құрамасына 1:3 есебімен есе жіберіп алды. Сондай-ақ, шымкенттік «Рейтинг» командасымен 0:0 есебімен тең түсіп, ұпай бөлісуге тура келді. Осындай нәтижемен топтан шыққан «Jambyl MEDIA» ширек финалда бір ай бұрын Таразда өткен турнирде чемпион болған алматылық «Апорт» командасымен күш сынасты. Бұл сында алматылықтардың қақпасына жауапсыз екі гол соғып, жеңісті жұлып алды. Бірақ, жамбылдық жігіттер ақтық айналымға аяқ аттам жерде «Ернияз Медиа» командасы тоқтатты. Ал, үшінші орын үшін болған кездесуде «Хабар» агенттігінің құрамасына тағы да 0:3 есебімен есе жіберіп алған жігіттеріміз төртінші орынды місе тұтты. Дейтұрғанмен, бұл буыны енді қатайып келе жатқан команда үшін толайым табыс.
Сыр елінде өткен тартысты турнирде әулиеаталық қос команда да азулы командалардың барлығын жарыс жолынан ығыстырғанымен, сәл ғана сәттілік жетіспеді. Дегенмен, алдағы уақытта Астана қаласында өтетін БАҚ арасындағы республикалық турнирде қарсыластарын қаймықтырып, доп додасында дара шабатынына сенім мол.

Шынболат Сейдуалиев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.