Тараз «ақылды қалалар» қатарынан көрінеді | arainews.kz

Тараз «ақылды қалалар» қатарынан көрінеді

170

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында еліміздің даму жолының жаңа тетіктерін айтып берді. Жаңа технологиялар қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен көш бастаған заманда тың жаңалықтың, жаңашылдықтың қоғам үшін де қажеттігін ашып берді. Елбасы: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді».

Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, бала­ларымызды қалай тәрбие­лейтінімізді түбегейлі өзгертуде» деген еді. Шындығында жылдың бұл бас құжаты бұған дейінгі Жолдаулардың дәстүрлі жалғасы болды. Ал мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған іргелі мақсаттарын жүзеге асыруда – көне шаһар Тараз жұртшылығы да тынымысыз еңбек етіп, бейнеттің рахатын көріп отыр. Атап айт­қанда, өткен жылы «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама қаланың қоғамдық өмірінде бел­сенді жүзеге асуда. Қазір бірнеше көшеге «Ақылды бағдаршамдар» орналастырылды. Алдымен қала әкімдігінің қызметкерлері техни­калық бақылау инспекциясының өкілдерімен көлік кептелісі жиі туындайтын көшелер мен қиылыс­тарын анықтап, зерделеді. Рас, бүгінде қалада көлік саны артып келеді. Сондықтан, тұр­ғын­дардың өмірін жеңілдетуде кей көшелердегі бағдаршамдар алынып тасталды. Яғни, бейне­бақылау арқылы көше қозғалысы бақыланып, келешекте онда қандай жол белгілерін қою керек екенін нақтылайтын боламыз.

Биыл облыс орталығындағы 25 магистарльді көшенің 99 қиылысындағы бағдаршам ауыстырылады. Сондай-ақ жол белгілері де өзгертіледі. Оған 200 миллион теңге қарастырылып, бүгінде конкурсқа хабарландыру берілді. Қосымша 1470 жол белгілері ауыстырылады. Оған 13 515 мың теңге қаралды. Қазір қалада жеті ақылды бағдаршам жұмыс істеп тұр. Олар интеллек­туалды басқару жүйесіне қо­сылған. Төле би – әл-Фараби, Жібек жолы – Самарқан, Жібек жолы – Балуан шолақ, Тәуке хан – Саңырық батыр, Жамбыл – Көшеней, Төле би – Аққозиев, Абай – Ташкент көшелерінің қиылысында орналасқан ақылды бақылаушылар жол қозғалысын реттеу мен тұрғындар қауіпсіздігі­нің алдын алуда тиімді екенін көр­сетті. Әрине, бұл технология­ның тиімділігін ескере отырып, тағы да қосымша үш көшенің қиылысына осындай «Ақылды бағдаршам» орнатамыз. Яғни, Жамбыл – Сәтпаев, Жамбыл – Ниетқалиев, Жамбыл – Сүлей­менов көшелерінің қиылысына жыл соңына дейін орнатылады.

Биыл қала көшеле­ріндегі қауіпсіздікті реттеуге бар­лығы 410,0 миллион теңге бөлі­ніп, бүгінде 89,6 миллионы игеріл­ді. Сонымен қатар «Қауіпсіз аула» және «Қауіпсіз қала» жоба­лары аясында қоғамдық орын­дарға бейнекамералар орнаты­лып, 66 қылмыстың ашылуына сеп бол­ды. Бұдан өзге 7852 әкім­шілік құ­қықбұзушылық пен 5183 жол ережесін бұзған жүргізушілер анықталды. Қазір қалада 206 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек «Қазақтелеком» АҚ-ы облыс орталығындағы тұр­ғын үйлердің подъездеріне 241 бейнекамера орнатып берді. Жыл соңына дейін «Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында қосымша 151 бейнекамера орнатылады. Бір айта кететін жай, қазір қала көше­лерінің атаулары толық латын әліпбиімен жазылып жатыр. Осылайша, жоғары технология­лар­ды игеру жұмысын ширата түсеміз. Жалпы, «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасын жүзеге асы­руда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интер­нетпен қамтамасыз етіп, Қа­зақстанның транзиттік әлеуе­тін арттыру. Екінші бағыт – эко­номиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақ­тау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысы­ның сапасын арттыру және төр­тінші бағыт – IT мамандарды даярлау. Қазір Таразда облыстық балалар шығармашылығы орта­лығы мен №30 гимназияда екі ІТ сынып жұмыс істейді. Бұл сынып­тар балалардың жазғы демалы­сын­да ашылып, қатысуға ниет еткен балалардың қатарын көріп қуандық. Елбасы «Ақылды қала­лар» өңірлік дамудың, инновация­ны таратудың және еліміздің бар­лық аумағында тұрмыс сапа­сын арттырудың локомотивтеріне айналады» деді. Бұл бағытта алдағы уақытта тың жобаларды қолға аламыз.

Сонымен қатар биылғы Жол­даудың сегізінші басымдығы жекешелендіру жоспарын жүзеге асыруды жылдамдату есебінен тиімді мемлекеттік басқару болып анықталды. Осыған орай, Үкі­меттің 2015 жылғы 30 жел­тоқ­сандағы №1141 қаулысымен бекітілген 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру жалғастырылады. Оған Тараз қаласы бойынша 6 ұйым кірді. Атап айтқанда, «Жамбыл – Тараз» газетінің редакциясы» ЖШС (10%), «Тараз Тұрғын үй» ЖШС (51%), «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС (100%), «Рауан» балалар сауықтыру лагері» МКҚК және «Болашақ» балалар сауық­тыру лагері» МКҚК (мүліктік кешен), «ТаразҚұрылысПроект» ЖШС (49%). Бүгінде бәсекелес ортаға берудің межелеген жос­пары орындалып, нәтижесінде қалалық бюджетке 13,0 млн теңге түсіп, сенімгерлік басқару келі­сім­шарттарының мерзімі аяқтал­ғаннан соң 675,6 млн теңге түседі деп күтілуде. Сонымен бірге, заңды тұлғаларды, коммуналдық меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілерін оңтайландыру мәсе­лелері жөніндегі өңірлік комис­сияның 2015 жылғы 2 сәуірде өт­кен кеңесінің №5 хаттамасына сәйкес, «Дзержинец» демалыс орталығы мен «Қаратау» мөлтек ауданы №39 мекенжайда орна­ласқан тұрғын емес жай 3 жыл мерзімге кейіннен сатып алу құ­қығымен сенімгерлік басқаруға берілді. Нәтижесінде, сатып алудан 2019 жылы қалалық бюд­жетке 54,1 млн теңге түседі деп күтілуде. Объектілер мен актив­терді сатуды жүзеге асыру меха­низмінің ашықтығын жоғары дең­гейін қамтамасыз ету мақ­сатында барлық сауда-саттық жұмыстарын www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталымен бірлесе бірыңғай сауда алаңында электронды пішінде өткізіледі. Бұл – сауда-саттықтың ашықтығын және бизнестің «бір терезе» қағидасы бойынша ақпаратқа қолжетім­ділігін қамтамасыз етеді. Пор­талда жекешелендірудің екінші толқынымен байланысты барлық қажетті ақпаратпен бірге нысан­дардың атауы көрсетілген сату кестелері, инфографика және сауда-саттыққа қатысу тәртібін түсіндіретін бейне-нұсқаулықтар орналасқан.

Жекешелендірудің осы кездегі толқыны нарықтық экономика­ның негіздерін берік ету мақса­тын­да жүргізілуде және осы бағ­дарламаның негізгі идеясы – елдің жеке бизнесінің одан әрі дамуына серпін беру. Себебі, қазір бәсекелестік заманы.

Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ, Тараз қаласының әкімі

aikyn.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.