«Таласқа түссе жан мен Ту, Жан емес маған керегі | arainews.kz

«Таласқа түссе жан мен Ту, Жан емес маған керегі…»

137

Марқай, Қазақ! Тойла, Тараз! Жаса, Жамбыл спорты! Сары құрлық бәсекесінде жамбылдық жампоздар бет қаратпай келеді. Ұлттық құрама қоржынында осы таңға дейін 8 алтын, 9 күміс, 30 қола медаль болса, соның 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медалін жерлестеріміз жеңіп алды. Бір жеті бұрын таэквондодан Руслан Жапаров қола жүлдесімен қуантса, артынша грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев күміспен күптелді. Ал, осы аптаның басында каратеші қызымыз Гузалия Гафурова алтыннан алқа тағып, айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Гафурованың ерлігі

Олай дейтініміз, Гузалия үлкен спортқа араға екі жыл үзіліс салып барып оралып отыр. Және ең алғашқы үлкен турнирі бірден Азия ойындары болды. Десе де, «алтын қызымыз» абдырап қалған жоқ. Жеңіске деген жігер танытып, алғашқы кездесуінде өзбекстандық Ділдор Аннадурдиеваны 3:0 есебімен айқын ұтты. Одан кейін ирандық қарсыласы Пегах Зангенехракутиден басым түсті. Жартылай финалда Вьетнам елінің намысын қорғаған Тхи Нгуенге еш мүмкіндік бермесе, ақтық айналымда қытайлық Танг Лингті тізе бүктіріп, 68 келіде теңдессіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Естеріңізге сала кетсек, Гузалия 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да көк туымызды жеңіс тұғырында желбіреткен болатын. Енді міне, араға төрт жыл салып екі дүркін Сары құрлық додасының чемпионы атанып отыр.
Ал, Гафуроваға осы жолғы финалдық жекпе-жекте қарсылас болған қытайлық Танг Лингтің жетістігіне келер болсақ, ол Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы және әлемдік рейтингте 24-орында тұрған каратеші қыз. Міне, осындай даңқты спортшыны «алтын қызымыз» алып ұрып, аспан асты елінің жанкүйерлерін жерге қаратты.
Толағайымыз жарыс­тан кейінгі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында бұл жеңісін туған елімен қатар, қызына арнай­тындығын айтты.
«Бұл жолғы Азиаданың жүгі ауыр болды. Себебі, отбасы құрып спорттан қол үзіп қалғаным былай тұрсын, жарыс алдында қабырғамды жарақаттап алдым. Сондықтан, өз күшіме тек 70 пайызға сенімді болдым. Десе де, жанкүйерлерімнің қолдауының арқасында жеңіс тұғырынан көріндім. Барлықтарыңызға айтарым тек алғыс. Бұл жолғы жеңісімді туған Отаным Қазақстанға және қызыма арнаймын», – деді чемпион.
Иә, күні кеше ғана отбасы құрып, өмірге сәби әкелген Гузалияның спортқа бұлайша тез оралатындығына көпшілік сенбеген еді. Тіпті, әлем сарапшылары спортшымызды Азия ойындарының фавориттері қатарына да қоспаған болатын. Алайда, Гузалия қазаққа тән қайсарлық танытып, барлық спорт болжаушылардың аузына құм құйды.
Жерлесіміздің жеңісіне орай, облыс әкімі Асқар Мырзахметов те құттықтау хатын жолдады.
«Бүгін жамбылдық спортшы Гузалия Гафурова Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында каратеден әйелдер арасында 68 келі салмақта жеңімпаз атанып, ел қоржынына алтыншы алтын медальды салды.
Құрметті Гузалия, сізді Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің бүгінгі табысты жеңісіңіз – Қазақстанның, сондай-ақ, өзіңіз туып-өскен өңірдің спорттағы беделін асқақтатып, көпшіліктің мерейін өсірді. Байрақты бәсекеде бас бәйгені жеңіп алуыңыз – ел-жұртыңыз үшін үлкен қуаныш болса, кейінгі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болмақ. Ел намысы сынға түскен халықаралық жарыстарда Әулиеата өңірінің спортшылары қашан да биіктен көрініп, мемлекетіміздің, өңіріміздің мақтанышына айналған. Сіз бүгін Азияның кіл мықтыларын жығып, араға төрт жыл салып Азия құрлығының екі дүркін чемпионы атанып, ел мақтанатын мәртебелі спортшыларымыздың қатарына қосылып отырсыз. Алдағы уақытта дүбірлі додаларда биік белестер мен асуларды бағындыруға тілектеспін және Джакартада сынға түсіп жатқан еліміздің басқа спортшыларына да сәттілік тілеймін!», – делінген хатта.
Иә, толағайымыз қандай мақтауға да лайық.
Жарайсың, Гафурова. Жарайсың, «алтын қыз»!

Күміс жүлде жауған күн

Иә, Гафурованың көзсіз ерлігі тарихта қалары ақиқат. Одан бөлек, газетіміздің өткен санында таэквондошымыз Руслан Жапаровтың да батырлығын жазған болатынбыз. Ал, Русланның артынша күміс жүлдемен көпшілікті қуантқан балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев те нағыз толағайға тән ерлік көрсетті. Олимпиада ойындарында жолы болмай жүрген Нұрмаханның Сары құрлықта айы оңынан туатынын ел жақсы білетін. Сондықтан, жерлесімізден жанкүйерлер тек жүлде күтті. Саңлағымыз осы сенімді ақтай білді. 130 келі салмақта күш сынасқан Тінәлиев финалға еш қиналмай жетіп, ақтық сында өзбек балуаны Муминжон Абдуллаевқа ұпай санымен жол беріп қойды. Дегенмен, бұл күмістің де біз үшін орны ерек.
Бұл күндері Азиададағы жамбылдықтардың табысы мұнымен толастаған жоқ. Ұлттық құраманың негізін құрайтын «Айша бибі» су добы клубының қыздары намысты қолдан бермей, күміспен күптелді. Осылайша, жамбылдық спортшылар бір күнде бір емес, бірнеше күміс жүлденің сыңғырын естіртті.

Жампоздарымыздың жарқын жеңістері

Индонезия төрінде боксшы­лардың да аламаны қыза түсті. Былғары қолғап шеберлеріміздің арасында шаршы алаңға бірінші болып, 69 келідегі жерлесіміз Асланбек Шымбергенов көтерілді. Жарыс қожайыны Сарохатуа Лумбатобингпен жұдырықтасқан оғланымыз қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ, 52 келіде жекпе-жекке шыққан Азат Махметов те келесі кезең­нің жол­да­масына қол жет­кізді. Оның қарсыласы жұдырық­тасудан бас тартты. Бокстан әйелдер арасындағы додада да алғашқы жеңімпаздар анықталды. 57 келідегі боксшы қызымыз Сәния Сұлтанқызы шри-ланкалық Кешани Кастури Араччигеменді еш қиналмай ұтып, келесі кезеңге өтті.
Өзге спортшылардың жетістігіне тоқталсақ, соңғы күндердегі алғашқы медальді академиялық есу спортынан Александра Опачанова қоржынға салды. Ол жекелей сында Қытай, Тайпей спортшыларын алға жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Артынша таэквондошы Ерасыл Қайырбек те қола медальмен қуантты. 68 келіде күш сынасқан саңлағымыз тайландтық Нутхави Кломпонганы, малайзиялық Розайми Розалиді айқын басымдықпен жеңгенімен, финалда даңқты оңтүстіккореялық спортшы Да Хун Лиге 10:32 есебімен есе жіберіп қойды. Десе де, Ерасылды кінәлайтын еш негіз жоқ. Себебі, оңтүстіккореялық спортшы әлем рейтингісінде көш бастап тұр. Оның еншісінде Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдесі бар. Сондықтан, Қайырбектің қоласы да біз үшін алтынға бергісіз.
Бұдан бөлек, жарыстың аптааралық күндерінде стенд атудан «дубль-трап» бағдар­ла­масы бойынша 125 ұпай жинаған Мария Дмитриенко үздік үштікті түйіндеді. Алтын және күміс жүлде Қытай спортшыларының еншісінде кетті. Жүзу спортынан Дмитрий Баландин брасс әдісімен 50 метрге жүзуден екінші қола жүлдесіне қол жеткізіп, қазақ спорты тарихында болмаған кіші сенсация жасады. Бұдан бөлек, баттерфляй әдісімен 50 метр қашықтықта бақ сынаған Әділбек Мусин де қоржынға қола салды.
Біздің теннисшілеріміздің де ойыны оңалып келеді. Жұптық жарыста кортқа шыққан теннисші қыздар Гозаль Айнитдинова мен Анна Данилина жартылай финалға дейінгі қарсыластарын қоғаша жапырып, талайды таңғалдырған. Алайда, финалдық жолдама сарапқа салынған сында Тайпей спортшыларына жол беріп, қола жүлдені місе тұтты. Сондай-ақ, аралас жұп ретінде бақ сынаған теннисшілер Александр Недовесов пен Анна Данилина да үшінші сұрыпты медальді иеленді. Ал, ерлер арасындағы теннис бәсекесінде Денис Евсеев пен Александр Бублик финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, алайда, ақтық айналымда үндістандық спортшыларға есе жіберіп қойды. Десе де, еншімізде күміс жүлде бар.
Айта кетейік, ел теннисшілері бұрын-соңды мұндай биікті бағындырмаған болатын. Сондықтан, спортшыларымызға тек «Бәрекелді» демекпіз.
Джиу-джитсу спортының шеберлері де жүлдеден құр қалмауда. Алдымен 56 келіде бақ сынаған Нұржан Сейдуәлі қола жүлде сарапқа салынған сында өзбек спортшысы Акмал Амировты айқын жеңсе, 69 келіде күш сынасқан Нартай Қажеков те үшінші тұғырға табан тіреді.

Иә, қалай дегенде де бұл Азиада ел спорт­­шылары үшін табысты болуда. Алда әлі жарыс жолына шықпаған талай спорт­шы­ла­ры­мыз бар. Ендеше, ел спортшыларына сәттілік тілейік. Көк байрағымыз тек биікте желбіресін!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.