Таланттар туған өлкеде неге тұрақтамайды? | arainews.kz

Таланттар туған өлкеде неге тұрақтамайды?

913

Екі мың жылдан астам уақыт өркениет пен өнердің, даналық пен дамудың, ілім мен ізденістің, білім мен бірліктің, табыс пен тірліктің алынбас қорғаны, алтын қазығы болған Тараз шаһары қай заманда да талантқа кенде болған емес. Бірі шойын сапырып, темірден түйін түйсе, бірі сәулеті мен дәулетін тасытқан, енді бірі ғазиз ғұмырын ғылымға һәм өлеңге арнап, өздерінің өміршең өнегелі іздерін өскелең ұрпаққа мәңгілікке аманаттап кетті. Алайда, «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» деп Абай хакім айтқандай, текті топырақта туылып, жастық жігерін, қажыр-қайратын туған өлкеге емес, басқа өңірлерге я болмаса шетелде еңбектенумен сарп етіп жүрген жерлестеріміз қаншама. Не себептен талантты жастарымыз туған жерге тұрақтамайды? Жағдайдың жасалмағандығынан ба әлде мәселенің бұдан да басқа бұлыңғыр бұралаңдары бар ма? Газетіміздің «DODA» ой-пікір алаңында осы мәселені жан-жақты көтеріп, сан түрлі салмақты сауалдарға жауап іздедік.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ,
облыстық «ARAI» жастар газетінің директор-Бас редакторы:
– Қай жағынан алсақ та Тараз – таланттылар мекені. Өкініштісі, сол дарынды дүлдүлдер сырт аймақтарға кетуге асық. Оның себебі неде? Жамбылдық жалынды жастардың ізденісінің игілігін, шығармашылық әлеуетінің тиімділігін көбіне басқа өңірлер көріп жүр. Мәселен, қазіргі қазақ поэзиясындағы мықты ақынның бірі Ерлан Жүніс әулиеаталық бола тұра, қазір Жетісу жерінде жұмыс жасауда. Осы секілді жан-жаққа кетіп жатқан жастарымыз аз емес. Кейбіреулері шетел асып жатыр. Осыларды қалай ұстап қалуға болады? Қайтпек керек?

Қайырбек АСАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Жарты ғасырға жуық жан-жақта жұмыс жасап, Таразға табан тірегенімізге 5 жыл болды. Менің ата-бабамның туған жері осы Тараз. Шынында да, «ARAI» газеті бүгінгі бүкіл оқырмандардың, облыс жұртшылығының алдында өзекті тақырыпты қозғап отыр. Бұл кеңес дәуірінен келе жатқан мәселе. Тараз – қасиетті топырақ. Таланттар көп шыққан жер. Кеңестік кезеңді қазір көп жамандаймыз. Бірақ, ол жүйенің әдеби өмірде жақсы тұстары болды. Сәбит Мұқановтан бастап әдебиет корифейлері ақыл-кеңес айтатын орталық, көркем әдебиетті насихаттау бюросы жұмыс жасады. Сол бюроны өзім екі жыл басқардым. Сонда 3 қаламгердің басын құрап, сонау Оралдың ауданына жіберетін. Ақын-жазушылар ауданның тыныс-тіршілігімен толық танысып, кездесулер өткізеді. Әдеби жоспар құрылып, насихат жұмысы толыққанды жүзеге асырылады. Оның үстіне ақын-жазушыға лайықты құрмет көрсетілетін. Ең бастысы, ел арасында әдебиетке деген қызығушылық болатын. Міне, Алматы осындай мүмкіндіктер ұсынды. Кейбір ауылдың талантты ақындары осындай ортаға қызығып, туған жерін тастап кетіп қалатын. Бірқатарын қызметке шақырып жататын. Бірақ, өзінің шын патриоттығын сездіру үшін туған жерден кетпеген ақындарымыз да аз емес. Мысалы, біздегі Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосын, Серік Томанов, Нарша Қашағановтар ауылдан алысқа ұзаған жоқ. Ол кісілердің елдің ішінде жүргенінің өзі жерлестері үшін үлкен абырой еді.
Осы орайда, біз Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүйелі жүзеге асырылуына жұмылуымыз керек. Жас қаламгерлердің кітабы шығарылып, қолдау болса, олар ешқайда да кетпейді. Жастар орталығы жастарды тұрақтандыру бойынша жұмыс жасап, өскелең ұрпақтың бүкіл патриоттық сезімін туған жерге арнатуы, туған жерге деген махаббатын оятуы керек. Әлі де кеш емес. Өңірімізге іскер әкім тағайындалды. Ішкі саясат басқармасына да іскерлігімен танылған, әдебиетке шын жанашыр азаматтар келуде. Сондықтан, алдағы уақытта талантты һәм табысты жастарға қамқорлық болады деген ойдамын.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Бір ғана жастар саясаты мәселелері басқармасының қамқорлығымен барлық мәселе шешіліп кете қоймас. Дегенмен, таланттарды танытып, талабын ұштау үшін басқарма, облыстың жастар ресурстық орталықтарында қандай жұмыстар жасалып жатыр?

Талғат ШАЙХИЕВ,
облыстық «Жастар ресурстық орта­лығы» КММ-ның директоры:
– Мемлекет қашанда талантты жастарды қолдаудан шет қалған емес. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы да талантты жастарға әрдайым бағыт көрсетіп, демеп келе жатыр. Былтыр 12 орталықтың ұйымдастыруымен 2 мыңға жуық талантты өренді қолдауға арналған шаралар өткізілді. Оның ішінде дәстүрлі Дельфилік ойындар да бар. Одан бағы жанған жастар аз емес. Спортшыларымыз да жеткілікті. Көмектесуден кенде емеспіз. Ал, әлеуметтік жағдай тек талантты жастардың басындағы ғана емес, қоғамдағы маңызды сұрақ. Алдымен «Талант деген кім?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек сияқты. Біздің көз алдымызға талант десе әнші елестейді. Ал, шоу-бизнес өкілдеріне тұрақтанудың қажеті жоқ. Оның бағын байлап, облысқа тұрақтандырып қоюдан ештеңе ұтпаймыз. Өнер шыңдалуы керек. Шабыт шарықтауы қажет. Таланттар Таразда тұрып, шарықтай алмайды. Мүмкіндігінше Астана, Алматыға, шетелге баруы қажет. Бірақ, түптің түбінде өзінің туған жеріне еңбегін сіңіруге тиісті. Мысалы, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар Алматыға бармаса, осыншалықты танымалдылыққа ие болар ма еді? Баяғы Біржан салдар да бір орында тұрған жоқ. Бұл – үрдіс. Сол сияқты спортшылардың да жолын бөгей алмаймыз. Илья Ильин, Геннадий Головкин Алматыда жаттығады деп кім айтты? Барлығы шетелде шыны­ға­ды. Солай үлкен нәтижеге қол жеткізеді.
Осы орайда, оқушыларды дайындайтын ұстаздарға көңіл бөлінсе құба-құп. Мәселені жан-жақты саралауымыз керек деп ойлаймын. Білім жағынан да тәжірибе алмасу қажет. Әр өңірдің таланттыларға берген үлесі – өзінің іргетасы. Ол үшін оқу ошақтарымыздың әлеуеті, ұстаздарымыздың әлеуметтік жағдайы мықты болуы керек.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Арамызда «Жамбылдың жыр қағаны» атанған ақын Нұрболат Жолдасбекұлы да отыр. Нұрболат, мен білсем қазір өзің де жұмыссыз жүрсің. Жағдайыңды жасап, Қызылордаға шақырса кетіп қалар ма едің? Және өңірден шыққан алдыңғы буын ақындармен де араласып жүрсің. Ерлан Жүністер не себептен кетті деп ойлайсың?

Нұрболат Жолдасбек, жас ақын:
– Ерлан Жүніс халықаралық «Шабыт» фестивалінде жеңімпаз атанғанда Тараздан үй берілетін болған. Алайда, кейін үй емес, оның орнына көлік тарту етілетіндігі айтылды. Ақыры ол да жоқ болды. Баспана болмаған соң Алматыға кетті, жан-жақта жұмыс жасады, біраз жерде жүрді, елге келе алмады, себебі, мұнда ешкім шақырған жоқ. Ерлан Жүніс – қазіргі қазақ поэзиясындағы ең шоқтығы биік ақын. Кейін жетісулық жақсылар Талдықорғаннан баспана беріп, жұмыспен қамтыды. Белгілі ақын Назира Бердалы да Астанада тұрады. Өзінің бір сұхбатында «Алғашқы кешімді өткізер болсам, Таразда ұйымдастырар едім» деп айтты.
Жуырда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Таразға келгенде шетелге бір жас ақынды жіберіп оқыту қажеттігін айтты. Себебі, әлемдік деңгейдегі әдеби форумдарда маңдайалды ақындарымыздың шетелдік әріптестерімен тең дәрежеде сөйлесуге білімдері жетпейтін көрінеді. Қазақ руханиятында орны ауытқымайтын дүние әдебиет қой. Сондықтан да осы ұсынысты қолдау керек. Біз, жас ақындар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына да, жастар саясаты мәселелері басқармасына да «Неге жас ақындарға қолдау жоқ?» деген сұрақпен талай бардық. Бірақ, қолдау шамалы. Тағы бір айта кетерлік жайт, жастарды қоғам тәрбиелейді. Алдыңғы буын ағалардан, үлкендерден үлгі аламыз. Бірақ, бізде әлі трайбализм дерті бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Біреудің ағасы жақсы немесе көкесі мықты болса, сол өседі. Жаңадан шыққан жалынды һәм талантты жастарды көрмейсің.
Таразда тұңғыш рет өткен поэтикалық дуэль айналдырған 400 мың теңгенің дүниесі. Сол әлі ел аузында жүр. Соны ұйымдастыруда кейбір жауаптылар қаржылай қолдау білдірген жоқ. Меніңше, белгілі бір деңгейде жастарға жағдай жасау керек.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Республикалық телеарналардағы маңдайалды мықты мамандардың бірталайы жергілікті қарашаңыраққа айналған «JAMBYL» телеарнасынан шықты. Қазір Жансерік Бейсеев, Нұрсұлтан Ибрагимов секілді жастарды барлық Қазақстан біледі. Неге сондай мамандарды өзімізде ұстап қалуға болмайды?

Жалғас САҢҒЫЛ,
«JAMBYL» телеарнасы жаңалықтар қызметінің жетекшісі:
– Оның себебі өте қарапайым. Кеңестік кезеңдегі стандарттар қазір мүлде өзгерген. Бірақ, біз сол ескіліктен шыға алмай келе жатырмыз. Қоғамда да солай. Осыдан 20 жыл бұрын елімізде ұялы телефон болмаған. Қазір онсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Таланттарды Таразда ұстап тұру үшін де керек шаралардың заманауи форматын өзгерту керек. Бірақ, біз әлі жастар өз еркімен келетіндей, келмесе жұрегіне жол табатындай шаралар жасай алған жоқпыз. Кеңестік кезеңде сондай еді, керемет болған еді деп армандап қоямыз. Қазір Таразда, тіпті, ауылда жатып-ақ өлеңді интернетте бөлісе салуға болады. Таразды киелі деп айтамыз, бірақ сол киелі деген сөздің қадір-қасиетін сезінбейтін дәрежеге жеттік. Несімен киелі екеніне мән бермейміз. Тараз қаншама империяның ордасы болған. Қаншама елшілер келген. Неге? Өз дәуірінің озық өркениетін таланттардан басқа кімдер жасады? Одан бері ислам дәуірінде қандай мықты ғалымдар шықты. Отыздан аса әл-Таразилер арабтан келген ғылымды меңгеріп, арабтың ғалымдарынан асып түсті. Әлем түркі ғалымдарына тәнті болды. Ол ғалымдар осы жерде тұрды, өмір сүрді. Неге қазір сондай үрдіс жоқ? Бір шеті әлеуметтік мәселеге тіреледі. Сол баяғы Маркстің капиталы, сананы тұрмыс билеп тұр. Жалпы, қазір бізге заманға қарай бейімделген, жастарды қолдайтын жаңа формат керек. Флешмобтың аты өзгергенімен заты өзгермеген. Сол баяғы топырлатып жастарды жинап алатын іс-шаралар. Кеңестік кезеңдегі форматқа сәл ғана өзгеріс енгізіп, іс-шара ұйымдастыруға бейімбіз. Қазіргі тілмен айтқанда, ол «өтпей» жатыр. Мойындау керек оны. Түпкі бағыты қайда апарып отыр? Оған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ, адам жиналды, іс-шара өтті. Сөз жоқ, оның ішінде нәтижелілері де бар. Бірақ, сол пайдалы шаралардың үлесі аздау. Сондықтан, қоғамды баурайтын, таланттарды қолдайтын идеологиялық жұмыс жүйесіне басқаша қадам, тың серпіліс керек секілді. Оны сіз бен біз болып қалыптастыруымыз қажет. Телеарнада дикторлардан бөлек, эфирге шықпайтын операторлар, техникалық қызметкерлер, монтажерлер, дыбыс режиссерлері тапшы. Дәл осындай кадр тапшылығы Астанада да бар. Сондықтан, ыңғайы келсе жастарға бірден құда түседі. Бірақ, оларды ешкім қумайды. Республикалық арнада жалақы жоғары, мүмкіндік мол. Жастарға керегі де сол. Бізде мүмкіндік, әлеует бар, бірақ соны қалай пайдалану керек екенін білмейміз. Кеңестік кезеңде ол әміршіл жүйемен реттелген. Қазір нарықтық жүйе. Әркім өз орнын табуы қажет. Ата Заңда мемлекеттің ең басты байлығы – адам деп жазылған. Жапон, корейлер де дәлелдеп отыр, қазынаның мұнай, жер асты байлығы емес, ол адам екенін. Әлеуметтік жағдай дамыған елдерде жолға қойылған. Бас қатырмайсың оған. Бізде әр азаматтың жеке мәселесі. Сол үшін шығармашыл адам қоғамға өкпелейді. Астын сызып тұрып айтатын мәселе, бір саусақпен 10 келі жүкті көтеруге болады, дұрыс көтермесең саусағыңды сындырып алуың да бек мүмкін. Бұл жастарға да, дарындыларға да қатысты айтылған мысал.

Нұрболат ЖОЛДАСБЕК:
– Мен жоғары оқу орнын қазақ әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Мектепке жұмысқа тұрарда «WҺatsАpp» желісіндегі группаластардың чатында «Кімнен қанша сұрап жатыр?» деп жазылды ең алдымен. Әрқайсысы 250-300 мың теңге сұрап жатқандарын айтады. Бұл барлығына белгілі дүние. Мектепке жұмысқа орналасар кезде ашық айтылады тіпті. Бұрын студент тесттен өте алмай қалса, ақша беріп қайта тапсыратын. Сонда білім, сапа деген дүниелердің күлі көкке ұшқаны ма? Мейлі, студент оқудан бір жыл қалып кетсін. Бірақ, ол келесі жолы жемқорлыққа ұрынбайды ғой?

Жалғас САҢҒЫЛ:
– Сен айтып отырған осы мәселені жүзеге асыру үшін студенттердің 70 пайызын оқудан, мұғалімдердің 80 пайызын жұмыстан шығару керек болады. Тағы бір айта кетерлік жайт, жапондарда 1 кесе шай 5 доллар тұрады. Әрине, қымбат. Екінші жағынан, сіз 200 доллар айлықпен қызмет істегенше, Жапонияға барып шай сатсаңыз жағдайыңыз әлдеқайда жақсы болады. 5 долларға шай ішкен адам 50 мың долларға көлік мінуге қиналмайды. Бірақ, таланттар айлыққа, 100-150 мың теңгеге байланбауы қажет. Оған байланған таланттың өрісі тар. Біздің таланттарымыз мақсатсыз өмір сүреді, жоспарсыз жұмыс істейді. Өзіміз мектепте оқып жүрген кезде көбейту кестесін шемішкеше шағатын,
10 шумақ өлеңді 3 рет оқып берсең жаттап алатын сыныптас, замандастарымыз болды. Ондай талантты достарымыз не істеді? Университетте оқыды. Итаршылықпен бір диплом алды. Әкесінің сиырын сатып, мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрды. Сөз жоқ, жақсы мұғалім болды. Білім беру ісінің үздігі атанды. Медаль тақты. 40 жылдан кейін Құрметті мұғалім болып, зейнетке шығатыны белгілі. Біздің таланттардың өмір жолын қарасаң, басым көпшілігі осындай. Бұл барлық салаға қатысты. Өмірін айлыққа байлады, айлық қашан түсер екен, кредитті қалай жапсам екен деп өмірі өтіп кетті. Нәтижесі сол, біз қазақ баласы әлі бір қаламсап шығарған жоқпыз. Ауылда ғана емес, қалада да қарық болып жатқандар шамалы.

Талғат ШАЙХИЕВ:
– Билік жастардың барлығын бірдей алып жүріп, әрқайсысының кем-кетігін, жыртығын жамауға тиісті емес. Сол себепті, «мен өмірге келдім, енді мемлекет бақсын, Үкімет өлтірмейді, аузыма су тамыз» деп күтіп жатудың қажеті жоқ. Өмірге адам болып келдің, Алла сана берді, талантыңды шыңда, оқы, білім ал, бәсекелестікке төтеп бер. Сонда ғана азамат болып, өз орныңды табасың. Жыламсырап, өзіңнің жолыңның болмағанына, өмірде кездескен кедергілерге Үкіметті кінәлай берсең, осылай жүре береміз. Әлі талай ғасыр жүреміз. Кешегі қылышынан қан тамған қызыл империяның кезеңінде де Мағжан, Сұлтанмахмұттар өмір сүрді ғой. Қаныш Сәтбаевтар ғалым атанды. Олардың барлығына мүмкіндік берілді ме? Ешкімге берілген жоқ. Керісінше барлығын қудалады. Қазақты қырыққа бөлгісі келді. Түк шықпады. Өйткені, олар рухы, жүрегі мықты, өз-өзіне сенімді тұлғалар еді. Мойыған жоқ. Осындай отаншыл, патриотты болу қажет. Ол әр адамның жүрегінде болу керек. Әрбіріміз өзімізден бастамасақ оңбаймыз. Біз құлағын бұрап қойса ары қарай шылдырлап отыра беретін робот емеспіз ғой. Біз санасы бар адамбыз. Қанымыз, жанымыз барда өз-өзімізге еңбек етіп, айналамызға дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек. Қазір бала білімге емес, ақшаға сенеді. Сол ұғым қазір сананы билеген. Барлығы өзімізге байланысты. Таланттыларды оқытатын таланттар қажет. Оларға жөн сілтейтін қариялар керек. Әлемдегі кез келген мықты адамдар өз-өзімен жұмыс жасағандар.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Жанғазы Нұржанұлы, білуімізше өзіңіз де бірқатар шет мемлекеттерде біліміңізді жалғастырып, бүгінде М.Х.Дулати атын­да­ғы Тараз мемлекеттік университетінде қызмет атқарып жүрсіз. Өзіңіз секілді өзге елде білім алған жастарымыздың арасында елге оралмай, сонда қалып кетіп жатқандардың көп екені қабырғамызға батады. Тіпті, оқуын тәмамдап, қайтып келген күннің өзінде туған жерде емес, Астана, Алматы сынды мегаполис қалаларда қызмет істегенді дұрыс көреді. Мәселен, сізге де өзіңіз білім алған Польша немесе Германияда қалуға ұсыныстар түскен жоқ па? Сіз секілді білікті маманға еліміздегі іргелі оқу орындарында да сұраныстың жоғары екені де рас. Неге Таразда қалып қойдыңыз?

Жанғазы МОЛДАМҰРАТОВ:
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD докторы:
– Жалпы, қатарынан оза туған талантты, дарынды жастардың үлкен мүмкіндіктер беретін қалаларға кетуі заңдылық. Бұл үрдісті ешкім тоқтата алмайды. Негізінен білімді, білікті мамандар тек бір ортада қалып кетпеуі керек. Бәсекелесе алатындай, өзін жан-жақты дамыта білетін ортаның да ықпалын сезінгені жөн. Олай етпесе өзінің даму процесі тоқтап, көкірек көзі қараңғыланып қалуы да мүмкін. Осы орайда, тағы бір нәрсеге назар аударған жөн деп есептеймін. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дейді дана халқымыз. Яғни, көзі ашық, көкірегі ояу, қабілетті жастар хакім Абай айтпақшы, өмірден өз кетігін табады. Тек керек кезінде қолдап отырғанның өзі жеткілікті.
Дәулет Төлендіұлы, сіздің сұрағыңызға оралар болсам, осыдан бірнеше жыл бұрын Еуропа елдерінде білім алып, тәжірибеден өттім. Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде келісімшарт негізінде қызмет атқарып жатырмын. Себебі, шетелдік тәжірибеден өтіп келгеннен кейін әлемдегі озық оқу орындарында білім алуға мүмкіндік сыйлаған университетте 3 жыл қызмет атқару туралы келісімшарт жасалған болатын. Ал, болашақта шет асып кетпесем де, еліміздің өзге де аймақтарында қызмет ету ойымда бар.

Жалғас САҢҒЫЛ:
– Жалпы, елімізде болсын, өңірімізде болсын талантты жастар өте көп. Өкініштісі, өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмайды. Егер де біз сұңғыла жастардың қарым-қабілетін толық пайдалана алсақ, еліміздің дамуына жаңа серпіліс сыйлар еді.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Өте дұрыс айтасыз. Бірақ, неге екені белгісіз, жастарымыз Тараз қаласында қалуды құп көрмей, өзге аймақтарға асығып тұрады. Алысқа бармай-ақ, ортамызда отырған Жанғазының өзін мысал етіп алсақ жеткілікті. Мәселен, Жанғазы өзіңіз туып-өскен қалада жүріп те қызмет етіп, ғылымға бейім жастарды тәрбиелеуге болмай ма?

Жанғазы МОЛДАМҰРАТОВ:
– Мегаполис қалаларда қызметімді жалғастыру жоспарымда болғанымен, бүгін-ертең аттанып кету ойымда жоқ. Сондықтан, бұл мәселе алдағы күндердің еншісінде. Жалпы, біз жастарымыздың өзге қалаларға кетіп жатқанына үрке қарамауымыз керек. Ең бастысы, ел ішінде жүріп, Қазақстанның дамуына қал-қадірінше өзіндік үлесін қосып жүр. Керісінше, қызмет қуып шетел асып кетіп жатқан жастарға тосқауыл қоюымыз керек.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» бөлім меңгерушісі:
– Менің де пайымдауымша, талантты жастарымыздың еліміздің түкпір-түкпіріне қызмет қуып кетуінен қорқатын дәнеңе де жоқ секілді. Жанғазы айтпақшы, қай қалада жүрсе де ел дамуына тамшыдай болсын үлесін қосса, мұның өзі үлкен мәртебе. Дейтұрғанмен қынжылтатыны, талантты жастарымызды бағалай алмай жатамыз. Сол себепті, көп жастарымыз тұрақтай бермейтін секілді. Бұл мәселе тұрғысында көп мысал келтіруге болады.

Жасұлан ҚАМБАТЫРОВ, облыстық қазақ драма театрының актері:
– Сөзіңіздің жаны бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық қазақ драма театрының ұжымы «Қыз Жібек» спектаклімен Румынияға бардық. Жиырма сегіз мемлекеттен келген театр ұжымдарының арасында өткен фестивальде білікті мамандар тарапынан еңбегіміз жоғары бағаланып, екі бірдей жүлдені қанжығаға байладық. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, туған жерге келдік. Бізді қапаландырғаны, жеңіспен оралған театр ұжымын елеп-ескерген ешкім болмады. Билік тарапынан қолымызды алып, құттықтап кеткенінің өзі жетер еді. Бір жағынан мұндай дүниелерге әбден етіміз үйренген. Сондықтан, таланттарымызды тасада қалдырмайтын тұғыры биік тұлғалы азаматтарымыз көп болса екен.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Осы ретте, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасынан арнайы келіп отырған маманды сөзге тартсақ. Басқарма жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жастарды тұрақтандырудың қандай амалын тапты?

Ғали РАЙЫМҚҰЛОВ,
облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:
– Өздеріңізге де мәлім, қай кезде болмасын Жамбыл спортының жұлдызы әрдайым жоғарыдан жарқырап келеді. Төрт жыл сайын өткізіліп тұратын Олимпиада ойындарында, Әлем және Азия чемпионаттарында, ел бірінші­лік­те­рін­де жамбылдық жампоздар ешкімге есе жіберген емес. Сондықтан да болса керек, біздің спортшыларға өзге өңірлерден сұраныс өте жоғары. Бірақ, тек «Тараз» футбол клубының ойыншыларынан басқа сыртқа кетіп жатқан спортшы жоқ. Себебі, бүгінде облыс намысын қорғап, мәртебемізді биіктетіп жүрген саңлақтарымызға жергілікті билік тарапынан барлық жағдай жасалған. Облыс әкімінің 2017 жылғы 27 қарашадағы қаулысына сәйкес, ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүрген спортшылар, олардың жаттықтырушылары, сондай-ақ, клубтық командалардың жетекшілері ай сайын жеткен жетістіктеріне қарай 100 мың теңгеден жоғары стипендия алып отырады. Бұл спортшыларымызға үлкен қолдау және өсіп келе жатқан жастарымыздың да жеңіске деген жігерін оятады. Керісінше, өңірімізге сырттан келіп жатқан спортшылар көп. Атап өтер болсақ, Рио Олимпиадасына қатысушы Михаил Красилов, оқ атудан Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Бақтияр Ыбраев арнайы шақыртумен келіп, бүгінде облыс намысын қорғап жүр.
Бүгінгі ортаға тасталған өзекті тақырып жөнінде тағы бір қоса кетер жайт, кезінде белді клубтарда ойнап, атой салған танымал футболшы Нүркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетовтерді танымайтын қазақ кемде-кем шығар. Аталған қос азамат еліміздегі бірқатар клубтарда ойнап, карьерасын аяқтаған соң туған жерге қайтып оралды. Қазіргі таңда «Тараз» футбол клубын жаттықтырып, жарқын жеңістерге бастап жүр. Кез келген талантты тұлға сыртта жүріп тәжірибе жинағанымен, кейін елге келіп қызмет етіп жатса, қанекей.

Серік ЖОЛДАСБАЙ:
– Жоғарыда айтқандай бүгінгі қоғамда «Үкімет өлтірмейді» деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Таланттарды тұрақтандырудың түрлі амалын жасауға болады. Мысалы, кезінде Алаш арыстары «Қазақ» газетін шығара отырып, жан-жақта білім алып жатқан қазақ жастарын қолдау мақсатында байлардан ақша жинады. Түскен ақшаны өскелең ұрпақтың керек-жарағына жаратып, аталмыш басылым 5 жылдық тарихында жүздеген баланы оқытты. Яғни, таланттарымызды тұрақтандыруда жекелеген адамдар да қалыс қалмау керек.

Талғат ШАЙХИЕВ:
– Тарихқа шегініс жасар болсақ, Кеңес үкіметінің тұсында қазақ даласынан қандай талантты жастар шықты. Тіпті, өте көп болатын. Мәселен, сол жастарға әлдекім барлық жағдайын жасап қойды ма?! Әрине, жоқ. Керісінше, қыспақ көріп өткенін тарихтан білеміз. Ал, біз өмір сүріп жатқан қоғамда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Тек жалқаулыққа салынбай, жұмыс істесең болғаны. Сондықтан, Мағжан сенген жастарымыз қай уақытта болмасын қысылып-қымтырылып қалмай, өз мүмкіндіктерін аямай көрсете білсе екен.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Құрметті қонақтар, осымен бүгінгі кездесуімізді тәмамдасақ. Бүгін бір ғана мәселенің төңірегінде қаншама тұшымды ойлар айтылып, пікір қайшылықтары орын алды. Алдыңғы толқын ағаларымыздың, жастардың айтарына құлақ түрдік. Таланттарды тастүлектей түлеткен Таразымыз әлі де талай-талай таланттар толқынын тәрбиелейтініне сенімдіміз. Ал, шын таланттарымыз тасада қалып қоймаса екен.

 

Талдықорғанмен тікелей байланыс:

Ерлан Жүніс,
ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты:

– Тараз топырағы қашанда текті, құтты, рухани құнарлы. Таланттар аз туған жоқ. Қай салада болса да. Өскен ұл өріс іздейді, өнер мен ғылымның жаңа кеңістігіне ұмтылады. Сол үшін де кетеді. Бірақ, сол кеңістікті Тараздың өзінде де жасауға болар еді. Барлық негіз бар. Тек сол шығармашылық атмосфераны қалыптастыруға жастарға қамқорлық керек.

 

Түйін
Жастар басылымының ой-пікір алаңындағы басқосудан кейін бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып кетеді деп айта алмаймыз. Бірақ, кейінгі толқынның санасына сәлде болсын осы қадамымыз арқылы сәуле шаша алсақ, мақсатымызға жеткеніміз. Ең бастысы, кез келгеніміздің кіндік қанымыз тамған жерге, маңдай тері де тамуы керек екенін ұмытпасақ игі.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.