Шотландияда тұңғыш рет ғарыш айлағы салынады

Британиялықтар Шотландияда ғарыш айлағын салмақ ниетте.

Біріккен Корольдік бұл үшін тік ұшуға арналған алаңы бар тұңғыш космодром салу үшін қаржы бөлетін болды.

Шотландияның солтүстік жағалауындағы түбек Ұлыбританияның тұңғыш ғарыш айлағына лайық деп табылған. Шотландиялық Сазерланд графтығындағы Амхойн түбегі таңдалмас бұрын Ұлыбританияның шет аймақтарындағы 26 нысан қарастырылған.

Нысанды тұрғызу үшін алғашқыда 2.5 миллион стерлинг фунты бөлінетін болады. Бас серіктес америкалық аэроғарыш алыбы Lockheed Martin болмақ. Лондон жалпы инвестиция көлемі 33,5 миллион стерлинг фунты болады деп жоспарлап отыр. Құрылыс шамамен 2020 жылы аяқталуы мүмкін. Ұлыбританияның бизнес, энергетика ісі және өнеркәсіп стратегиясы бойынша министрі Грег Кларк былай деді:

Грег Кларк, Ұлыбританияның бизнес, энергетика ісі және өнеркәсіп стратегиясы бойынша министрі:

— Ұлыбритания – жаңашылдар және кәсіпкерлер ұлты. Оның өнеркәсіп стратегиясы аясында жер серіктерін ғарышқа ұшырған Еуропадағы алғаш мемлекет болғанын қалаймыз. Ұлыбританияның ғарыштық өнеркәсібі, ғылыми-зерттеу қауымдастығы және аэроғарыштық жабдықтарды тасымалдаудың жетілген желісі тігінен және көлденеңінен ұшыруға арналған алаңдарды жасауда көшбасшы болуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, үш жыл бұрын Байқоңыр ғарыш айлағынан британиялық астронавт тарихта бірінші рет ғарышқа ұшқан болатын. «Союз ТМА-19М» кемесі экипажының мүшесі Тим Пик тәжірибелер мен ғылыми зерттеулер жүргізіп, жастарды жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттыруды көздеген болатын.

 24.kz 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.