Шілденің шіліңгір ыстығы әлі қайтпайды

Биыл жаз тым кеш түсті. Сәуірдегі қар, мамырдағы жауын — шашыннан кейін жаз шықпайтындай көрінген. Бірақ, биылғы жаз тым ерекше ыстық. Маусым айынан бері республиканың барлық өңірлерінде аптап ыстық сақталуда. Әсіресе, шіліңгір шілденің аптабы зар күйінде.

Республика өңірлері тегіс ыстықтан зардап шегуде. Шілденің басында шығыстағы аптап ыстық талайдың мазасын қашырды. Кей жерлерде ауа температурасы +45 градусқа дейін көтерілді. Жамбыл облысын да ми қайнатар аптап ыстықтың табандап тұрып алғанына бір жетіге кетіп барады. Күндіз күннің ыстығы +40-42 градусты көрсетсе, соңғы апталарда қапырық түннің өзінде де төмендемей, +25-30 градустың төңірегінде болып отыр. Жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызған шілденің шіліңгір ыстығы тек осы аптаның соңына дейін жалғасады. Шілде айы ортасынан ауа +30-35 градус тұрақты түрде сақталатын болады.

Қалай десек те, әр нәрсенің өз уақытымен болғаны жөн. Сондықтан, шілдедегі ауа райының ысуы қалыпты жайт деуге де болады. Алайда, мұндай ыстық ұзақ уақыт сақталатын болса, егін күйіп шаруаларға үлкен зиянын тигізеді. Сонымен қатар, өрт оқиғасы да жиілеп кетуі мүмкін. Сол себепті де ыстықтың ертерек беті қайтқаны тиімдірек. Енді қандай жағдай орын алатынын көппен бірге көреміз. Алдағыны бір Алла ғана біледі.

 Қасиет АЛДАМЖАРОВ,

 ауа райын болжаушы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.