Мирный ауылы әкімдігінің мәжіліс залында өткен ауыл, аудан әкімдерінің есеп беру жиынына халық көп жиналды. Мұнда алдымен ауыл әкімі Ғани Тілешев, содан соң аудан әкімі Мәден Мұсаев 2019 жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді.
Есептен соң ауыл тұрғындары Л.Тринога, С.Иманбеков, Л.Сивоха, Л.Середа, Е.Черепанова, Б.Жүгібаевтар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, оған жауап алды.
Ауыл халқының басты мұқтажы – ауызсу. Сонымен қатар олар 30 жылдан аса күткен Мирный-Қияқты автожолдарымен 40 тонналық ауыр техникалардың жүруіне қатты алаңдайды. Ауыр жүк машиналарының жүруіне тыйым салған жол белгісі құлап қалған. Соны қалпына келтірсе дейді олар.
Жиында аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Әйтішев денсаулық саласына байланысты, аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің бас маманы А.Тналиев ветеринария саласына байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.