Сарысуда суармалы су мәселесі басты назарда | arainews.kz

Сарысуда суармалы су мәселесі басты назарда

1 270

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданына жасаған жұмыс сапарында «Талас өзенінің суын қос аудан тең ішуі тиіс» деп, нақты қадап айтқан болатын.

Облыс басшысы ол үшін арнайы кесте жасалып, шаруалар суды рет-ретімен алатындығын жеткізген.

Осы ретте Сарысуда суармалы су мәселесін шешу, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға өткен жылдан бері айрықша көңіл бөлінуде. Республика аумағында соңғы екі жылда орын алған қуаңшылыққа байланысты тіпті, бұл мәселе аудан әкімдігінің апта сайын өтетін аппараттық кеңесінде күн тәртібінен еш түскен емес.

Бүгін аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары Олжас Тұрғынұлымен бірге ауданға келетін Талас су арнасын кезекті рет барлап қайтты.

Шаруалардың қажеттілігіне алаңдаушылық танытқан аудан басшылары жол бойы Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Қайқы көліндегі су мөлшерін көзбен көріп, Талас ауданы аумағындағы Нұрабай каналының басынан табылды.

— Аудандағы алқаптарды суландыру бойынша жұмыстар жоспарлық кестеге сай, өткен жылдың төртінші тоқсанында басталған болатын. Аудан әкімінің ұйымдастырумен, 2021 жылдың желтоқсан айына дейін негізгі су көзі келетін «Түгіскен магистралдық каналына» механикалық жасақтың күшімен тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонау 1984 жылдан бері қараусыз қалған арнаның табаны орташа есеппен 2 мерт топырақтан 3.5 шақырымы демеушілер тарапынан аршылды. Қазіргі таңда табиғат салдарынан, өкінішке қарай ауданға келетін су мөлшері өткен жылмен салыстырғанда өте аз. Мәселен, былтыр осы уақытта Таластан келетін су мөлшері секундына 20 текше метр болса, биыл бұл көрсеткіш 3.8-ді құрап отыр. Сондықтан жергілікті шаруалардан биыл жерге ылғалдың аз түскендігін ескеріп, сабырлық танытуды сұранамыз, — дейді аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей.

Айта кетейік, өткен жылы «Қазсушар» РМК мекемесімен бірлесіп, «Тасарық» каналының 15 шақырымы да тазаланды.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.