Сараптамалық қауымдастықты дамыту жайы сөз болды | arainews.kz

Сараптамалық қауымдастықты дамыту жайы сөз болды

364

Бүгінгі күнге дейін елімізде тіркелген барлық үкіметтік емес ұйымдар арасында ауқымды мониторинг пен әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Олардың атқарып жатқан жұмыстарын бағалау мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Олардың қатарында көпжылдық тәжірибе мен материалдық база, кадрлық қамту, үкіметтік емес ұйымдарға ұдайы қызмет ұсыну мүмкіндігі мен тұрақты мақсатты топтардың болуы әрі көпшілік алдындағы беделі көбірек ескерілді. Міне, осы үрдісті жалғастыру мақсатында Шу ауданының орталығында ауқымды семинар болып өтті.

«Компания «Мар-Нур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастырған шара «Сараптамалық қауымдастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу» тақырыбына арналып, онда бірқатар мәселелер талқыға салынды. Шараның шымылдығын ашқан Ғалия Әбітаева семинарға қатысқан қоғам белсенділеріне өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып, олардың мақсатымен таныстырды.

Семинар барысында үкіметтік ұйымдардан бөлек, жастар арасындағы жұмыссыздық пен білім беру саласындағы қайшылықтар туралы да сөз қозғалды. Осыған байланысты, ауданға белгілі Тұңғышбек Байқұлов, Мәкен Уақтегі, Несіпхан Қоңырбаев, Тоғжан Мұсаева, Бектен Қарғабаев сынды ауданымызға белгілі азаматтар өз ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерін білдірді. Жиын соңында қатысушыларға «Сараптамалық қауымдастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы семинардың бағдарламасын нәтижелі аяқтағанын куәландыратын сертификаттар табысталды.

Жалпы, еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап-ақ Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытуды ұдайы назарды ұстап келді. Осыған орай, арнайы заң да қабылданып, іргелі істер жүзеге аса бастады. Байқап қарасақ, бұның бәрі қазір өз жемісін беріп отыр. Айталық, егемендіктің алғашқы жылдарында елімізде бар-жоғы 400-ге тарта үкіметтік емес ұйым болса, бүгінгі күні олардың саны 20 мыңнан асып кеткен. Осыдан-ақ олардың ел әлеуетін арттырудағы маңызды рөлін бағамдай беруге болады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.