Сағыныш самалы | arainews.kz

Сағыныш самалы

290

Анашым! Бұл сөзді мейірлене, еркелей айтпағаныма да он айдың жүзі болыпты. Бұрындары ана туралы ән айтылып, жыр оқылса жүзімді жас жуады деп ешқашан ойламаппын.
Анам Райхан Сарбасқызы Найманбаева 1963 жылы 11 тамызда Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 3-сыныпты аяқтаған соң қазіргі Құмшағал иініне қоныс аударыпты. Ата-анасы көпбалалы, қарапайым жандар болған. Атамыз ерте дүниеден озғандықтан есімде жоқ. Ал, нағашы әжем Ұялған Құтыбасқызы Талас ауданы, Амангелді ауылының тумасы. Ойық-қызылқұрттарға түгел таныс Құтыбас ақынның қызы. «Адамның жақсы болуы нағашыдан» демекші, анам нағашы жұртына тартқан сөзге шешен болды. Әуелете ән салып, домбыра шертетін. Қай жерде болмасын дүйім жұртты аузына қарататын. Өзі отбасының бесінші перзенті. Барлық көпбалалы жанұялардағыдай еңбекке ерте араласты, жұмыс істей жүріп мұғалім мамандығын меңгерді. 18 жасында әкеме тұрмысқа шығып, 4 баланы дүниеге әкелді. Өкінішке қарай, екі перзентін сәби кезінде Аллаға тапсырып, қалған екеумізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиеледі.
«Балаңа тәрбие берме, өзіңді тәрбиеле» деген даналық сөз менің анамның өмірлік принципі болғандай. Мен ес білгелі анам ешқашан еңбектен қашпаған, өтірік-өсек айтпаған. Әдетте, ауылда әйелдер көшеге шығып немесе көршінің үйіне барып әңгіме-дүкен құрады емес пе? Жоқ, менің анамның үйде де, жұмыста да артық әңгімеге уақыты болмайтын. Өйткені, екі баласына сапалы білім, саналы тәрбие бергісі келді. Бос уақыты бола қалса, қосымша іспен айналысатын. Өзіне қиянат жасаған жандардың өзіне жақсылық тілейтін. «Таспен ұрғанды аспен ұр», ешқашан кекшіл болма, Алланың көзі түзу, пенде болып біз асығамыз, Аллам асықпайды» деуші еді. Жастықпен әр айтылған сөздің асылын ұғына бермейміз ғой, қазір анамның әрбір әрекеті, салиқалы сөздері санамда сайрап тұрады.
Әлі есімде. Бірінші сыныпқа барған кезім. Ер балалардың қыздарды жылататын әдеті емес пе? Бірде бір баламен әлденеге таласып, ол мені жұдырығымен бір ұрғаны. Содан жылап 5-сыныпта оқитын ағама бардым. Ағам да үп-үлкен болып кішкентай баланы жазалағанға ұялса керек, «Оны ұстап тұрамын, сен аяма» дегені бар. Не де болса тірегіме сенген болуым керек, анау баланы әбден тоқпақтадым. Мұны терезеден байқап қойған анам далаға шығып екеумізге ұрсып, «Мұғалімнің балалары тәртіпсіз екен деп айтады, ешқашан бұзықшылық жасамаңдар» деді. Міне, содан бері «мұғалімнің баласына ұят болады» деген сөз менің өмірлік тәрбие құралыма айналды. Бауырым екеуміз үйде де, қоғамдық ортада да анамызды «жерге қаратпайық» деп есейдік.
Анам жастайынан бейнетті көп көрген жан. Ағам да анама қолқанат болайын деп еңбекке ерте араласты. Ал, мен болсам салмақ салмайын деген оймен өз мәселелеріме анамды араластырмайтынмын. Мектепті тәмамдаған тұста кез-келген маман иесі болуға қабілетім болды. Бірақ, анам маған «Сен дайын мұғалімсің, ұстаз боласың» деді. Бала күннен журналист болуды армандағанымды айтқанымда «Қызым, журналистика – өнер. Өнердің жолы – ауыр жол. Іссапарлар өте көп, түздің адамына айналасың. Менің 4-5 балам жоқ, көзімнің ағы мен қарасы сендерсіңдер, сондықтан, үйлі-жайлы болғандарыңды көріп, құда-құдағилармен араласып отырғанға не жетсін» деген еді. Содан ағылшын және түрік тілдері мамандығын игеріп шықтым. Дипломдық жұмысымды жазып жүргенде-ақ, жүгіртпе жолдағы хабарландыру арқылы телеарнаға келдім. Сонда күнделікті тәжірибеден кейін үйге кеш қайтамын. Анам қайда жүресің деп сөйлейді. Мен болсам телеарна туралы тек ағама айттым. Өйткені, анам қарсы болуы мүмкін. Оның үстіне жұмысқа кіріп жатсам анама тосынсый жасайын деген ойда болдым. Алланың қалауымен жұмысқа орналасқанымда қазір ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманы екенін, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатынымызды түсіндіріп, ақ батасын алдым. Эфирге шыққанымда төбесі көкке жетіп, әр хабарымды көруге тырысатын.
Анамның қазасын ауыр қабылдағандығым соншалықты, кей күндері жылап отырып, түсім сияқты боп көрінетін. Соңғы жылдары өз отбасым, балаларым, жұмысыммен қолым босамай аптасына 1-2 рет хабарласып тұратынмын. «Бәлкім, көбірек көңіл бөлгенімде бұлай болмас па еді?» деген ойлар маза бермей өзімді кінәлап, өкініштен өзегім өртенді. Жақсылық та, жамандық та – бір Алладан екенін білсек те, жаның жараланған тұста әртүрлі ойларға, әртүрлі сезімге ерік береді екенсің.
Биыл анамның ұстаздық еткеніне – 25 жыл. Әттең, бейнетінің зейнетін көре алмады. Соңғы сапарға шығарып салғанда тік тұрып қызмет еткен шәкірттерін көргенімде «жақсының аты өлмейтіндігіне» тағы да көзім жетті. Анашым–баршамыздың жүрегімізде, сағынышым ешқашан ортаймайтындығы анық. Қолдан келері дұға етіп, берген тәрбиесіне лайық болу, «мұғалімнің баласы» деген атқа кір келтірмеу! Жаныңыз жәннатта болсын, аяулы анашым!

Зарина ҚУАТТЕГІ,
«77 TV» телеарнасының директоры

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.