Премьер-Министр Б. Сағынтаев 11 облыстағы экономика өсіміне қатысты түйіткілді мәселелерге назар аударды | arainews.kz

Премьер-Министр Б. Сағынтаев 11 облыстағы экономика өсіміне қатысты түйіткілді мәселелерге назар аударды

290

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Б. Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев еліміздің 2018 жылдың сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары туралы баяндады.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан экономикасының оң өсу үрдісі сақталып отырғанын айтты. Сонымен бірге, экономикалық даму әлемдік нарықтардағы сын-тегеуріндер мен құбылмалылықтардың күшеюі жағдайында жүріп жатыр.

«Есепті кезеңде ЖІӨ өсуі 3,8% құрады. ЖІӨ өсімі бойынша 4% мақсатқа жету үшін, ай сайынғы өсімді ағымдағы жылдың соңына дейін орта есеппен 4,2% деңгейінде қамтамасыз ету қажет», — деді Т. Сүлейменов.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы жеті айда 3,5% қарағанда 2,4% құрады. Бәсеңдеу Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы егін жинаудың төмендеуінің салдарынан өсімдік шаруашылығының 1,5% төмендеуімен байланысты. Мал шаруашылығы 3,9% өсті.

Құрылыс саласы 3,6% мақсатты көрсеткіш кезінде бар болғаны 0,8% өсті. Жеті айда өсім 1,3% болған.

Көрсетілген қызметтер өндірісі ағымдағы жылғы қаңтар–шілдедегі 3,8%-тен 3,7% дейін бәсеңдеді. Мақсатты көрсеткіш 4,1% құрайды. Бұл ақпарат және байланыс қызметтерінің 0,7 п.т.-қа 4,5% дейін (7 айда – 5,2%), ғылыми және техникалық қызметтің 0,2 п.т.-қа 2,5% дейін (7 айда – 2,7%) өсім қарқындарының бәсеңдеуіне байланысты орын алып отыр. Сонымен қатар, сауда — 5,8%-ға (мақсатты көрсеткіш — 3,9%), көлік — 4,8% өсті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,4% өсті, оның ішінде жеке инвестициялар — 26,8%.

Өз баяндамасында Т. Сүлейменов бірқатар облыста өндіріс көрсеткіштерінің төмендегеніне назар аударды.

«Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында өнеркәсіп өнімдері өндірісінің төмендеуі байқалады. 1,1%-тен 3,9%-ке дейінгі қарқынмен республикалық мәннен төмен өсім Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді», — деп баяндады ұлттық экономика министрі.

ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, аталған өңірлерде мұнай мен газ конденсатын, уран кенін өндіру, жүк вагондары және ұн өндірісі қысқартылды.

Ауыл шаруашылығы бойынша оң үрдіс 12 өңірде сақталуда. Сонымен бірге, Батыс Қазақстан облысы теріс аймаққа ауысты. Астық өнімдерін жинаудың азаюына байланысты төмендеу 1,7% құрады. Ақмола облысында өткен жылғы деңгей сақталды.

Құрылыс бойынша теріс мән Астана қаласында және Павлодар облысында байқалады. Астана қаласында ағымдағы жылдың 7 айындағы (-19,1%)-тен (-21,7%)-ке дейін төмендеу тереңдей түсті.

Сыртқы сауда айналымы жоғары өсім үрдісін тұрақты сақтап тұр. Ол жеті айда 20,1% ұлғайды ($51,9 млрд). Экспорт 26%-ға ($34 млрд) өсті. Сонымен қатар, шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 4,1% ($9 млрд) құрады. Импорт 10,3% ($17,9 млрд) өсті. Негізінен өсім импортталатын инвестициялық тауарлар (машина және жабдықтар) есебінен қамтамасыз етілді. Олардың өсуі 17,2% құрады.

Еңбек нарығында тұрақтылық сақталуда. Жыл басынан бері 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылды (1 тамыздағы жағдай бойынша). Жалақы бір қалыпты қарқынмен өсуде. Қаңтар–шілдеде орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 2,3% өсті. Қаңтар–маусым айларындағы нақты ақшалай кірістер 1% өсті.

«Жылдық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге төрт ай қалды. ЖІӨ бойынша – ол 3,8%. Дегенмен қалаулы нәтиже – 4%. Бұл халықаралық саудадағы шиеленістерді және қаржы нарығындағы құбылмалылықты ескересек, оңай мәселе емес», — деп баяндады Т. Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрі соңғы алты жылдағы ЖІӨ үлесі орта есеппен 42%-тен 58%–ке дейінгі аралықта болғанын, сондай-ақ өткен жылғы соңғы төрт айдың базасын ескере отырып, ағымдағы жылдың соңына дейін салалардың өсуін төмендегі деңгейде қамтамасыз ету қажет екенін жеткізді:

  • өнеркәсіп — 5,7%, өңдеуді қоса алғанда — 5,6%;
  • ауыл шаруашылығы — 4,4%;
  • құрылыс — 3,7%;
  • көрсетілетін қызметтер — 3,8%, оның ішінде сауда — 5,8%, көлік — 4,8%, байланыс — 4,5%.

«Жылдың басынан бері ЖІӨ өсу қарқынын ескере отырып, 4% мақсаты қолжетімді болып қалады. Алайда, фармацевтика, азық-түлік және сусын өнімдерін өндіру, мұнайды өңдеу, ауыл шаруашылығы секілді салаларда мақсатты өсім қарқындарына қол жеткізілмеуі мүмкін. Аталған салаларда экономиканың сапалы өсім қарқындары үшін жылдың соңына дейін айлық өсім қарқындарын орта есеппен 4–9% аралығында қамтамасыз ету қажет», — деді Т. Сүлейменов.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрінің баяндамасын тыңдағаннан кейін 11 өңірдегі төменгі көрсеткіштер экономикадағы қолайлы үрдістерге сай келмейтінін атап өтті. Сондай-ақ, көрсеткіштердің төмендеуі құрылыс және инвестициялар салаларында байқалады.

«Айтқан сөздеріңіздің бәрі дұрыс, алайда сіз бесінші және алтыншы слайдтарды көрсеткен кезде, қолайлы үрдіс сақталып отыр дедіңіз. Өндіріс туралы айтар болсаңыз, 11 өңір өнеркәсіп бойынша республикалық деңгейден төмен тұр, неліктен қолайлы деп айтамыз? Бұдан кейін құрылыс, инвестициялар салаларын қараңыз: тек төрт өңір ғана республикалық деңгейден жоғары тұр, ал бұл нені білдіреді? Егер де негізгі капиталған инвестициялар салынбайтын болса, онда өндірісте даму болмайды, қалай бұл жағдайды қолайлы деп айтуға болады, бірінші кезекте өзіңізге талап қоюыңыз керек, сосын барып басқа жұртқа ақыл айтыңыз», — деді Б. Сағынтаев.

ҚР қаржы министрі Б. Сұлтанов осы жылдың сегіз айындағы бюжеттің орындалуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Бюджеттің негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсартылған.

Мемлекеттік бюджетке (трансферттерсіз) 5,252 трлн теңге кіріс түсті. Бұл сома 2015 жылдың жалпы жылдық көлемінен 74 млрд теңгеге артық. Экономиканың барлық салаларында макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы, оның ішінде мұнай мен металл бағасының өсуі, кірістердің өсуіне бірден-бір себеп болды. Сондай-ақ, бұған салықтық–кедендік әкімшілендіру рәсімдерінің тиімділігінің артуы да ықпал етті.

«Бюджеттердің барлық деңгейлерінде кірістер бойынша ағымдағы жоспарлар артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджет – 104,7%, республикалық бюджет – 103,7% және жергілікті бюджет – 107%. Нақтыланған жоспардың жылдың аяғына дейін толық орындалуына ешқандай кедергілер жоқ», — деп баяндады Б. Сұлтанов.

Шығыстар есепті кезеңде 7,439 млрд теңге сомаға атқарылды. Олардың ішінде 55% әлеуметтік салаға жіберілді (2017 жылғы сегіз айда — 40,8%).

Шығыстар бойынша игеру деңгейі айтарлықтай жоғары: мемлекеттік бюджет — 97,9%, республикалық бюджет — 98,6% және жергілікті бюджет — 97,8%.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылғы республикалық бюджетте 476,3 млрд теңге қарастырылған. Қаржы министрлігінің деректері бойынша, Мемлекеттік бағдарлама қаражаты республикалық деңгейде барынша жақсы игерілуде. Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 248,4 млрд теңге немесе есепті кезеңнің жоспарына 99,5% игерілді. Жылдық жоспар бойынша игеру 52,2% құрады.

«Бюджет қаражатының жұмсалуы тұрақты бақылауға алынған. Есепті кезеңде бюджет қаражатының 923 млрд теңгесі аудиторлық шаралармен қамтылды. Қаржылық бұзушылықтардың өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда төмендеуі байқалады. Барлығы 86,6 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Осы соманың 53,3 млрд теңгесі аудит барысында қалпына келтірілді», — деді қаржы министрі.

Кешенді жоспардың 887 объектісінен ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша

515 объектісі сатуға қойылған болатын. Оның ішінде сомасы 246 млрд теңгенің 435 объектісі сатылды. Сату экономикалық жағынан тиімсіз болуына және үш объектінің сауда-саттық нәтижелері бойынша сатылмағандығына байланысты, 269 объекті қайта ұйымдастыру және тарату сатысында. Осылайша, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі қайта ұйымдастырылған және таратылған объектілерді ескере отырып, Жекешелендірудің кешенді жоспары 79,4%-ке орындалды.

Б. Сұлтановтың айтуынша, жалпы жекешелендіру процесі сату кестесіне сәйкес жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы да 70 объекті, оның 15 республикалық меншік объектісі, 24 коммуналдық меншік объектісі, 31 ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың активтері сатуға қойылады.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылдың қаңтар–тамыз айларында инфляция 2,9% құрағанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш екенін жеткізді. Жылдық инфляция тамызда өткен жылдың соңындағы 7,1% салыстырғанда 6%-ға дейін төмендеді.

Ұлттық банктің бағалауы бойынша, ағымдағы жылы инфляция 5–7% мақсатты дәлізінде сақталады. Дегенмен, соңғы бірнеше айда сын-тегеуріндер артып келеді, бұл Ұлттық Банк бағалаған көрсеткіштен алдағы уақытта инфляцияның баяу төмендеуіне әкеледі.

«2019 жылы инфляция 4–7% дәлізінде, яғни шамамен 6% деңгейінде анықталған мақсатты дәліздің жоғарғы шегінде қалыптасады. Бұл сыртқы факторлардың әсеріне және ішкі жиынтық сұраныстың кеңеюіне байланысты. Осыған орай, инфляцияны мақсатты дәлізде ұстап тұру үшін қосымша шараларды қабылдау қажет», — деді Д. Ақышев.

Жыл басынан бері базалық мөлшерлеме 10,25%-дан 9%-ға дейін төмендеді. Алайда, Ұлттық банк егерде инфляциялық тәуекелдерді бағалау расталған жағдайда, ағымдағы жылдың соңына дейін ақша-несие шарттары қаталдана түсуі мүмкін екенін жеткізді.

Сонымен қатар, валюта нарығындағы теңге бағамы жыл басынан бастап 10 қыркүйек аралығында 13,8%-ға бәсеңдеп, $1 — 378,11 теңгені құрағаны атап өтілді. Жыл басынан бастап ресей рублінің 22%-ға құлдырауына қарамастан, теңге бағамына долларға қатысты дамушы елдердің валюталарының айтарлықтай әлсіреу факторлары әсер етуде.

Д. Ақышевтың айтуынша, Ұлттық банк валютаға деген сұраныстың ұсынысқа қарағанда анағұрлым жоғары болуы кезінде теңгенің құлдырауын басуда, алайда фундаменталды трендке кедергі болып жатқан жоқ. Бұл қазір курстың құбылмалдылығына әкелгенімен, ұзақ мерзімде төлем балансының  және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазіргі қалыптасқан жағдай банктер мен қаржылық тұрақтылыққа еш қауіп тудырмайды.

10.09.2018 жылдан бастап Ұлттық банк теңгенің ресми бағамын қалыптастыру жолын өзгертті. Енді ресми бағам қазақстандық қор биржасындағы негізгі қосымша сессияның есептеу қорытындысынан кейін белгіленеді. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеге негізделген. Кешегі сауда қорытындысы жаңа тәсілдің сәтті шығып, нарық қатысушыларына қиындық туғызбағанын көрсетті.

Ұлттық банк төрағасының баяндамасын тыңдаған Премьер-Министр экономикалық өсімді тежеп тұрған екі факторды атап өтті. Ол — несиелендіру және оның мөлшерлемесі.

«Сіз жағдай дұрыс дейсіз, бірақ сала бойынша қарасақ, ауыл шаруашылығы, құрылыс, байланыс, сауда-саттық  — бәрі теріс нәтижелер көрсетуде. Несие берілмейді. Несиелендіру мәселесі төмендеген. Мұның бәрі экономиканың өсуіне әсер етеді. Сіздер беретін ұзақ мерзімді несиелер артта қалды, мөлшерлемесі өте жоғары. Осыған назар аударуларыңызды сұраймын», — деді Бақытжан Сағынтаев.

primeminister.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.