Пайғамбар мүше болған қоғамдық ұйым | arainews.kz

Пайғамбар мүше болған қоғамдық ұйым

173

Қай заманда болмасын елдің болашағын ойлайтың, сенім артатын,  халқына адал перзент болуға лайықты жастар болған. Бірақ, жастардың барлығын олай деп тағы да айта алмаймыз. Кейбір жастар албырттыққа бой алдырып, қателесіп жататындары да бар. Сондықтан жастардың дұрыс жолды таңдай білулеріне әрдайым үлкеннен ұлағат, достан көмек қажет-ақ.  Тіпті, қоғамдық ұйымдардың да атқарар қызметі маңызды.   Осы ретте Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың жастық шағында келелі істердің басы-қасынан табылатындығын үлгі етуге болады. Ол кездері пайғамбарымыз  жиырма жас шамасында еді. Меккеде жағдай өте нашарлаған кезең болатын. Зұлымдық кеңінен таралып, жан, мал, ар-намысты сақтау мүмкін болмайтын халге жетеді. Меккенің жергілікті халқы сауда жасауға және Меккені зиярат етуге сырттан келген адамдарға зұлымдық жасайтын. Зұлымдыққа ұшыраған адамдар ақыларын қайтаруды талап ететін жер таппайтын. Осы кезеңде сауда үшін Меккеге келген Йемендік бір саудагердің заттарын Ас бин Уәил деген бір меккелік адам күштеп тартып алады. Осы оқиғаға байланысты Йемендік адам Әбу Кубәйс тауына шығып, бар дауысымен айқайлап, ақысын қайтару үшін тайпалардан көмек сұрайды. Зұлымдықтың шегіне жеткен осындай оқиғаларға байланысты Хашим,  Зухра руларының бас көтерерлері және басқа да тайпалардың алдыңғы қатарлы адамдары Абдулла бин Жудан деген кісінің үйіне жиналады. Жиында жергілікті халықтың сырттан келген бөтен адамдарға ешқандай зұлымдық жасамауға, жауыздыққа тосқауыл қоюға және зұлымдық көрген адамдардың ақыларын қайтаруға шешім қабылдайды. Қабылданған шешімді жүзеге асыру мақсатында бір әділет қоғамын құрады. Бұл қоғамдық ұйымның құрылуына Мұхаммед пайғамбар жас кезінде тікелей ықпалын тигізген және мүшесі болған. Құрылған қоғамдық ұйым «Хилфул фудул» деп аталды. Бұл қоғамдық ұйым зұлымдықтың алдын алып, Мекке қаласында бұзылған тәртіпті қайтадан қалыптастырды. Тіпті бұл ұйымның ықпалы ұзақ уақытқа дейін жалғасын тапты. Пайғамбарымыз өзіне пайғамбарлық білдірілгеннен кейін сахабаларға «Абдулла бин Жуданның үйінде жасалған уағдаластықта мен де бар болатынмын. Маған сол анттасу көптеген байлыққа ие болудан артық. Қазір де мені сондай мәжіліске шақырса, келісер едім»,- деп еске алатын болған екен. Мінекей, бүгінгі қоғам үшін де жақсылыққа шақырып, жамандықтың алдын алуда қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде жастар ұйымдарының да рөлі маңызды.

Тұрар Түгелұлы

kazislam.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.