Партияның саяси тұғырнамасы талқыланды | arainews.kz

Партияның саяси тұғырнамасы талқыланды

117

«AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалы «Бәйтерек» бастауыш партия ұйымының жиналысы өтті. Басқосуда партияның саяси тұғырнамасы жан-жақты талқыланды.
Шарада «Бәйтерек» бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұрат Бердалиев «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасына кеңінен тоқталып, құжатта әр адамның құқығы мен бостандығына баса мән берілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол партия аталған саяси тұғырнамасы арқылы еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде, бұлжымас қағидаларын, саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындалғанын сөз етті.
– «AMANAT» партиясы – еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы. Билік пен қоғам арасындағы алтын көпір. Партияның саяси тұғырнамасы арқылы бағдарламалар жетілдіріліп отыр. Нақтырақ айтқанда, тұғырнаманың «Біздің басты байлығымыз – адам», «Азаматтық қоғам – дамудың кепілі» және «Мемлекет және біз» бөлімдерінде баянды болашақтың бағдары нақтыланып, жоспар нақтыланған. Бастысы, ел дамуының негізгі тетіктері жан-жақты сараланып, экономиканы қуаттандырудың да алғышарттары басшылыққа алынған, – деді М.Бердалиев.
Келесі кезекте «AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Уалихан Байдуанов биыл өзгерістерге толы жыл болғанын тілге тиек етіп, саяси тұғырнаманың негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының қызметкерлері Фарида Оспаналиева мен Рахат Исатаевалар да партия құжатындағы басымдықтар туралы ойларын ортаға салды.
Жиын соңында «AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалының конференциясына «Бәйтерек» бастауыш партия ұйымынан делегаттар сайланды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.