Парламент бюджетке енгізілген түзетулерді қабылдады | arainews.kz

Парламент бюджетке енгізілген түзетулерді қабылдады

118

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында«2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Атап айтқанда, ұсынылып отырған 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру үшін әзірленді.

Осыған байланысты заң жобасында облыстан республикалық бюджетке кері трансферт аудару және оларды трансферттермен Шымкент қаласына қайта жіберу жолымен облыстың субвенциялар көлемін бөлу көзделеді.

«Тиісінше республикалық бюджет параметрлері аталған бөлуді ескере отырып қана өзгереді. Осы орайда түсімдер 8  трлн 772,3 млрд теңгені құрайды, ол бұрын нақтыланған жоспардан 12,6 млрд теңгеге жоғары. Шығыстар да 12,6 млрд теңгеге ұлғая отырып, 9 трлн 655,6 млрд теңгені қамтыды. Бюджет тапшылығы мен мұнайлы емес тапшылық өзгеріссіз қалады», — деді Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Бюджеттің шығыс бөлігінің ішкі өзгерістері үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншіден, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру ескерілген. Оған қосымша 29,7 млрд теңге бағыттау ұсынылады. Екіншіден, 83,9 млрд теңге сомасында қосымша қаржыландыруы бар Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында берілген тапсырмаларын іске асыру қарастырылған.

«Үшіншіден, нақтыланған бюджет жобасында құрылыс салу мерзімінен озып кеткен жобалар бойынша қаржыландыру, сондай-ақ бұрын қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ету көзделген.

Осылайша, 9,8 млрд теңге сомасындағы қосымша қаражат білім беру, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын-үй салу, газдандыру нысандарын салу бойынша жалғастырылған жобаларды іске асыруды тездетуге бағытталатын болады.  9,2 млрд теңгені әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағыттау ұсынылады. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ мен  «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ-ның өндірістік қуаттарын технологиялық жаңғыртуға 3,3 млрд теңге жоспарланды», — деп нақтылады министр.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақяшев 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі өзгерістердің параметрлері Ұлттық Банкпен келісілгеніне тоқтала келе, ақша-несие саясаты мен қаржы нарығындағы жағдай туралы мәліметтерді жариялады.

«2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларда инфляция 3,3 пайыз болды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен төмен. Қыркүйектегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда 6,1 пайызға дейін төмендеді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша биылғы жылы инфляция 5-7 пайыз мақсатты дәлізде қалады, ал 2019 жылы ол 4-6 пайызды құратын жаңа төмен мақсаттық дәліздің жоғары шекарасында қалыптасуы керек», — деді Д. Ақышев.

Болашақта инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін Ұлттық банк 15 қазанда базалық ставканы 9 пайыздан 9,25 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Базалық ставканың жаңа деңгейі теңге активтеріне сұранысты арттырады және қолайлы ақша-несие жағдайларын сақтауға мүмкіндік береді.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.