Өндірістік ортада «Сарысуда жасалған» бренді қалыптасып келеді | arainews.kz

Өндірістік ортада «Сарысуда жасалған» бренді қалыптасып келеді

2 545

Бүгін аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпкерлік нысандарды аралады.

Әуелі аудан басшысы Жаңатас қаласында орналасқан «Стиль» тігін цехының жұмысына аралық бақылау жүргізді. Мұнда медициналық маскадан бастап, өндіріске қажетті барлық киім түрлерін және үй жиһазының жабдықтарын тапсырыспен тігеді. Цехта 15 адам тұрақты түрде жұмыс істейді.

Жеке кәсіпкер Ирина Николаевнаның айтуынша, цех 10 жылдан бері жергілікті нарықта бәсекеге қабілеттілігін танытып келеді. Қазіргі таңда «Слава» маркасымен танылған өнім түрін тұтынушылардың қатары артқан. Әсіресе, жергілікті «ЕвроХим» және «Қазфофат» сынды ірі кәсіпорындардан түсетін сұраныс жоғары. Тіпті, жергілікті тұрғындар да қалауындағы киім үлгісін тіктіруге тапсырыс беруде.

Аудан әкімі жауапты сала мамандарына жеке кәсіпкерге көмек беріп, цехқа қажетті шикізат өнімдерін (мата, жіп, т.б.) өзге аймақтардан төмендетілген бағамен жеткізуге мүмкіндігінше жол ашуды тапсырды.

Сарысуда мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт барын бірі білсе, бірі білмес. Жаңатас қаласындағы «Жарас» зауыты мұнай өнімдерін сақтап ғана қоймай, өңдеумен де айналысады. Оның ішінде: дизель отынының 4 түрі, мазут (печное топливо) және мұнай ертіндісі (нефтяной расстворитель) бар. Зауыт кәсіпкердің жеке қаражат есебінен салынып, 2011 жылдың қазан айында іске қосылған.

Аудан әкіміне ірі өндірістік нысанның қазіргі тыныс-тірішілігін зауыттың атқарушы директоры Ернар Ерланұлы баяндады. Оның айтуынша, зауытта вахталы жұмыс режимімен тұрақты түрде 70 адам жұмыспен қамтылған. Алғаш ашылғанда кәсіпорынның өнім өндіру қуаты жылына 40 мың тоннаны құраса, 2018 жылы зауыттың екінші бөлігі іске қосылып, нәтижесі екі еселенген.

Одан әрмен Марат Қырғызәліұлы аудандағы йодталған ас тұзын өндіретін «Асыл Тұз» зауытының жұмысын барлап қайтты. Өндірісі жыл сайын өріс алған компанияда 60 адам екі ауысыммен жұмыс істейді.

Кәсіпорынның жұмысы жүйелі. Ауданға қарасты Қамқалы ауылынан 4 жүк көлігі үздіксіз тұз тасиды. Зауытқа келген шикізат толық өңдеуден өтіп, сұрыпталады. Осылайша йодталған дайын өніп, дүкен сөрелерінен табылады.

Қазіргі таңда зауыт күніне 40-50 тонна тұз шығаруда. Бұл деп отырғанымыз айына орта есеппен 1500 тоннаны құрайды.

Сонымен қатар «Сарысуда жасалған» ас тұзы Ресей мен Украинаға да экспортталады. Ол үшін мемлекет тарапынан арнайы темір жол тұйығы тартылған. Нақтырақ айтқанда зауыт «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды жүргізу бойынша облыстық үйлестіру комиссиясының оң қорытындысын алған.

Өткен жылдың өзінде сарысулық ас-тұзының 14 мыңға жуық тоннасы, яғни 2 мың вагоны алыс-жақын шетелге жөнелтілген.

Нұрсұлтан Рахымбай,
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.