Облысымызда жыл басынан бері 9 адам газдан уланып ажал құшқан | arainews.kz

Облысымызда жыл басынан бері 9 адам газдан уланып ажал құшқан

266

Жамбыл облысында газдан улану фактілері көбейген.

2018 жылдың 9 айында облыста газдан уланудың 15 оқиғасы тіркелсе, оның салдарынан 20 адам жапа шегіп, 9 адам қаза тапқан. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың есепті кезеңінде осындай 12 қайғылы оқиға тіркелген еді. «Біздің департамент газдан улану оқиғалары тіркелген барлық мекенжай бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соған қарамастан, газдан улану оқиғалары 25 пайызға, жапа шеккендердің саны 2 есеге, қаза болған адамдар саны 3 есеге артып отыр. Жалпы, 2017-2018 жылыту маусымы кезінде пеш ақауларына байланысты облыста 23 улану дерегі тіркеліп, соның салдарынан 42 адам жапа шексе, 9-ы көз жұмған», — дейді Жамбыл облыстық ТЖД өрт саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының басшысы Мақсат Әкімбаев.

М.Әкімбаевтың айтуынша, басқарма қызметкерлері ағымдағы жылдың тамыз айында өңірдегі тұрғындарды жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін 87 нысанның өрт қауіпсіздігін тексеріп шыққан. Оның қорытындысы бойынша екі учаскеде ғана, атап айтқанда, «ЖЭС» ЖШС мен «Солтүстік ЖЖС» мекемесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі байқалмаған. Қалған 85 учаскеде ереже талаптарын бұзу бойынша 438 факті анықталған.

Бұл кемшіліктерді жою үшін олардың басшыларына тексеру нәтижелері бойынша актілер беріліп, 16 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 579 812 теңге көлемінде айыппұл салынған.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.