«Облыстағы оң өзгерістерге көңілім толды» | arainews.kz

«Облыстағы оң өзгерістерге көңілім толды»

339

Апта аралығында облысымызға Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының депутаттары жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысқанын ел-жұрт жақсы біледі. Олардың қатарында Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров та қасиетті Әулиеата жеріне ат басын бұрған болатын. Осы орайда біз ұзақ жылдар бойы сот жүйесінде жемісті қызмет атқарған жерлесімізбен жүздесіп, жаңадан қабылданған құқықтық нормалар, Конституцияның мән-маңызы, сапар барысында көтерілген мәселелер туралы ой бөліскен едік.

– Бектас Әбдіханұлы, Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды аралаумен қатар, әртүрлі саланың мамандарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадыңыз. Осы жолғы сапардан қандай ой түйдіңіз?
– Әулиеата жеріне ең алғашқы депутаттық сапарым 2016 жылы болған екен. Ол кездегі жағдаймен қазіргі жасалып жатқан жұмыстарды салыстыруға келмейді. Облыста орын алған үлкен өзгерістер мен келелі жұмыстарды көзбен көріп, қуанып қалдым. Әсіресе, Тараз қаласы тотыдай түрленіп, жаңғыра түсіпті. Бұрын Таразды 2000 жылдық тарихы бар көне шаһар ретінде білсем, осы жолы өркениет көшіне ұмтылған, жаһандануға желкен керген қаланы көрдім. Сондықтан, бұл жолғы сапарымда жаңғыруға бет алған өңірдегі өзгерістерді саралап, шешімін күткен мәселелер болса, соның түйінін тарқатуға өз үлесімді қоссам деп келдім.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесу кезінде күрмеуі қиын бірнеше мәселелер айтылды. Мәселен, 300 мыңнан аса тұрғыны бар Тараз қаласында әлі күнге кәріз суын тазалайтын құрылғының жоқтығы мені терең ойға қалдырды. Бұл экологиялық тұрғыдан өте қиын жағдай. Олай дейтінім, әлгі кәріз сулары қазір жер қойнауына сіңіп жатса, ертең Тараз тұрғындары мен жақын маңдағы аудандардың халқы тұтынатын ауызсуына араласуы мүмкін. Ал, одан ең бірінші зардап шегетін бұқара.
Егер тарихқа көз жүгіртсек, осыдан 2000 жылдай бұрын көне шаһар тұрғындары ауызсуды қыш ыдыстармен тасып, сол заманның өзінде кәріз суын реттейтін жолдар болған. ХХІ ғасырда кәріз суын тазалайтын құрылғысы жоқ Тараз қаласы республикадағы жалғыз шаһар болып тұр. Сол себепті, бұл мәселені Сенат отырысында күн тәртібіне шығарғалы отырмын.
Аймақ басшысы Асқар Исабекұлының бұл көтерген жалғыз мәселесі емес. Кездесуде бұдан өзге де күрмеуі қиын түйткілдер талқыланды. Олардың тиімді шешілуіне көмек қолын созуды Жамбыл облысының перзенті ретінде өзімнің азаматтық парызым санап отырмын.
Ал, жұртшылықтың көкейіндегі мәселелеріне келер болсақ, кейбір тұрғындардың «Оптимизация!» ұранымен медицина саласында жүргізіліп жатқан реформаларды дұрыс түсінбей жатқанына көзім жетті. Әсіресе, ауыл халқы түбегейлі зерделенбеген медициналық құрылымдық өзгерістерден азар да безер болып отыр. Тіпті, ел арасында аталмыш реформалардың пайдасынан гөрі, зияны көп дейтіндер аз емес екен.
Одан кейін білім саласындағы саны бар, сапасы жоқ реформалар да елді әбден мезі қылыпты. Әсіресе, сырттай оқу жүйесін алып тастау қызмет пен оқуды қатар алып жүрген жастар үшін қиынға соғатыны анық. Бұған мен аудан жастарымен тілдесу барысында анық көзім жетті.
Тағы бір мәселе, «Гуманизация!» ұранымен жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар да елді мекендерде сәтсіз жүзеге асуда. Қылмыстың қайталануы бойынша заңға енгізілген өзгерістердің біразының тиімсіз тұстары, соның салдарынан қылмыстың өршіп жатқаны мені алаңдатпай қоймайды. Сондай-ақ, мал ұрлығы қылмыстарының ашылмауы заң органдары жұмысындағы көп кемшілікті көрсетті.
«Халық айтса, қалт айтпайды» дейді қазақ даналығы. Бұл айтылған мәселелердің барлығы, шынына келгенде тек Жамбыл облысының халқын емес, бүкіл республика жұртшылығын мазалап отырғаны ақиқат. Сол себепті, Сенат депутаты ретінде бұл түйткілдердің түйінін тарқатуға өз күш-жігерімді салатын боламын.
– Ел Тәуелсіздігінің тарихында алғашқы Ата Заңымыз 1993 жылы қабылданса, 1995 жылы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде жаңа Конституциямыз бекітілді. Кейіннен Ата заңымызға бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Айтыңызшы, бұл қадам бізге қаншалықты қажет?
– Конституция – ол қатып қалған қағида немесе өзгермейтін заң емес. Әрбір мемлекеттің өз дамуы сатысына қарай, елдегі қоғамдық құбылыстарға сәйкес негізгі Заңдарына өзгерістер енгізіп отырады. Бұл тәжірибеде бар үрдіс. Және ол халықты өркендеуге жетелейді. Қазақстан Республикасы да осы өркендеу сатысынан өтіп келеді. Біздің Ата Заңымызға енгізілген соңғы өзгерістер еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған заманауи мемлекеттердің көшіне қосылуына жасалынған үлкен қадам болды. Сондықтан, мен қазір құқықтық теңдік салтанат құрған зайырлы мемлекеттің Ата Заңын жасай алдық деп сенімді түрде айта аламын.
Конституцияның құндылығы құжат­та­ғы мәтінінде емес, онда жазылған қағидалардың мүлтіксіз орындалуында. Сол себепті, біз айбынды Ата Заңымызды барынша ардақтап, құрметтеуге міндеттіміз. Бұл – Отан алдындағы парызымыз.
– Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 19 қадамы заң үстемдігін қамтамасыз етуге негізделген. Бұл бағытта қазір атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?
– Заң үстемдігі туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Республика халқы осы заң үстемдігінің арқасында ертеңгі күнге үлкен сеніммен қарап, бейбіт те бейқам өмір сүруде. Елдегі тұрақтылық біздің ең қымбат құндылығымыздың бірі екендігін халық жақсы түсінеді. Десе де, қоғам арасында заңбұзушылықтар да аз орын алып жатқан жоқ. Басқаны қойғанда, бір жанұяның өзінде түрлі жағдайлар болып жататынын ескерсек, тұтас мемлекетте заңсыздықтардың тіркелуі қалыпты құбылыс. Мұндайда қазақ «Бес саусақ бірдей емес» деп бір-ақ сөзбен түйіндеген. Сондықтан, елдегі заңсыз әрекеттерге түсіністікпен қарап, осы келеңсіз жайттарды жоюға, олардың алдын алуға әрқашан да даяр болуымыз қажет. Сонда ғана біз заң толық үстемдік құрған мемлекетте өмір сүру бақытына кенелеміз.
– Еңбек жолыңызды сот орындаушы болып бастап, Жоғарғы соттың төрағасына дейінгі лауазымды қызметтерді атқардыңыз. Алайда, БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарыңызда судьялардың жұмысына көңіліңіз толмайтынын жиі айтып жатасыз. Әсіресе, тәуелсіз шешім шығару, судьялардың жалтақтығы, үкімді екі тарапқа бірдей түсіндірмеу сынды мәселелерді ұдайы көтеріп жүресіз. Айтыңызшы, сонда біздің сот жүйесінде әлі күнге кемшін тұстардың көп болғаны ма?
– Мен осы жасыма дейін өз еліндегі сот жүйесі қызметіне, ондағы судьялардың кәсіби жұмысына толық көңілі толатын бірде-бір мемлекетті естіген де, көрген де емеспін. Ондай болуы мүмкін де емес. Өйткені, сотта біреу ұтады, екіншісі ұтылады. Ал, жеңілген тарап сотқа да, судьяға да өз наразылығын білдіреді. Әртүрлі сын мен пікірдің көп болуы да сондықтан.
Десе де, өз басым сот жүйесі жұмысын реттеуге елімізде барлық жағдай жасалған деп есептеймін. Тек, соны байыппен орындай білу қажет. Мәселен, судьялар көп жағдайда үкім шығарғаннан кейін оны екі тарапқа бірдей түсіндірмей жатады. Нәтижесінде, шағым мен арыз жазылып, аппеляциялық шешімдер шығарылады. Егер судья үкімді толыққанды түсіндіріп берсе, ең әділ шешім осы болғанына екі тараптың бірдей көзін жеткізсе, әртүрлі кикілжіңдер тумас еді. Судья ең алдымен адамгершілік қасиетті ұстанған парасатты жан болуы керек. Сонда ғана халықтың да, соттасушылардың да сеніміне кіре алады.
– Екі тараптың келіспеушілігінен туындайтын дау-дамайды сотқа жеткізбей шешудің бір жолы – медиация. Алайда, осы жүйе бүгінде өз функциясын толықтай орындай алмай отырғандығын сан мәрте сынға алғаныңызды естідік. Бітімгершілік арқылы дауды шешудің дұрыс жолға қойылмай жатуына не себеп деп ойлайсыз?
– Иә, бұл қазір сот жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі болып тұр. Себебі, кейінгі кездері жөн сөзге тоқтаған кісілік қасиет адамдардың бойынан азайып барады. Даудың бітімгершілікпен бітпей жүргені де содан шығар. Одан бөлек, тура сөзді тауып айтып, екі жақты бітімгершілікке шақыратын медиаторлардың да біліктілігі кенжелеп тұр.
Бұл жүйе елімізге енді ғана еніп жатқандықтан әлі пысықтайтын, ширататын тұстары көп болуда. Сол себепті, бұған халық біртіндеп бой үйретіп, медиация арқылы сотқа дейінгі бітімгерлікке келу кең етек жайып, өз жемісін береді деп сенемін.
– Күні кеше облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерімен кездескен жиында Жергілікті полиция қызметі өз міндетін жүйелі орындай алмай отырғанын ашып айттыңыз. Жаңа құрылымның жұмысын жүйелеу үшін не істемек керек?
– Жергілікті полиция қызметі көпшіліктің көңілінен шықпай отырғаны рас. Оның негізгі себебі – ұйымдастыру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілмей отырғандығы. Ішкі істер министрлігі бұл мәселеге өте үлкен зердемен қарап, жаңа құрылымның жұмысын бір ретке келтіруге күш салуы қажет. Бұған облыс әкімдіктері де жіті көңіл бөліп, ішкі істер құрылымымен тығыз қарым-қатынаста болғаны абзал. Әйтпесе, заң органына деген халықтың сенімі сейіліп, түбі түрлі түсінбеушіліктерге апаруы мүмкін.
– Қарапайым халыққа заң шығару, әлде заң жобасын талқыға салып қарау оңай көрінуі мүмкін. Алайда, оның жауапкершілік жүгінің ауыр екені белгілі. Айтыңызшы, елімізді алда қандай жаңа құқықтық өзгерістер күтіп тұр?
– Заң шығару өте күрделі процесс. Кейбір заңдардың дүниеге келуіне ондаған жылдар кетеді. Қоғамға қажетті заңдардың қабылдану мерзімін Елбасы анықтайтындықтан, Сенат құқықтық нормалардың бекітілуіне себепші құрылым. Соңғы нүктесін Президент қояды. Тек содан соң ғана заң күшіне енеді. Десе де, заң жобасын талқылауда депутаттардың өздері қарама-қайшы пікірге келіп қалуы мүмкін. Осындай сәттерде халық қалаулылары байсалдылық танытқаны абзал. Себебі, ол заң жобасының артында халық тағдыры тұр. Міне, осыны депутат ретінде әрдайым жадымда ұстап келемін. Мен ең бірінші шенеунік емес, халықтың адамымын.
Алдағы 1 қыркүйекте Сенат пен Мәжілістің жалпы кеңейтілген отырысы өтеді. Осы қос палата жиынында Елбасы алдағы уақытта қандай заңдар қабылдануы қажеттігі туралы нақты жоспарын жариялайды. Елімізді қандай заңдық өзгерістер күтіп тұрғанын осы басқосудан кейін білетін боламыз. Десе де, Президент тарапынан ұсынылатын жаңа заң жобалары еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін, кезек күттірмейтін құжаттар болатындығына күмәнім жоқ. Ал, ол құқықтық нормалардың сапалы әрі нақты шығуы үшін біз өз тәжірибеміз бен біліктілігімізді барынша салатын боламыз.
– 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні. Мереке қарсаңында жерлестеріңізге жүрекжарды лебізіңізді білдірсеңіз…
– Жалпы Жамбыл жері жыл санап көркейіп келе жатқаны жасырын емес. Бұны мен ғана емес, Әулиеата топырағына ат басын бұрған министрлер, депутаттар, түрлі компаниялардың өкілдері айтуда.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана қазақ. Аймаққа Асқар Мырзахметов басшы болып келгелі көп өзгерістер орын алған. Әсіресе, облыс орталығындағы саябақтар мен скверлерді жаңғырту жұмыстарына жұрт дән риза. Бір ғана «Жеңіс» саябағындағы ауқымды жұмыстарды көзбен көріп, тындырымды тірлікке көңілім толды. Сондай-ақ, бұрын тар көрінген көшелер кеңейтіліп, көлік қозғалысы ретке келтіріліпті. Қала тазалығы да назардан тыс қалмай, саябақтар гүлзарларға көмкерілген. Ал, көне археологиялық қазба орындары, Қарахан мен Айша бибі кесенелерінің жайы бір бөлек. Таразды мұндай көне тарихи орындарсыз елестету мүмкін емес.
Аудандарды аралау барысында да атқарылған ауқымды жұмыстардың куәсі болдым. Әлеуметтік нысандардан бөлек, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес айтарлықтай алға басқан. Жуалы ауданында тау шаңғысы кешенінің іргетасы қаланып жатқанын естіп, марқайып қалдым. Бір сөзбен айтқанда, Жамбыл облысы жаңғырудың жолына түсіпті. Бұл сөз жоқ, өңірді өрістетіп, келешегін кемелдендіре түсетіні айқын.
Сондықтан, барлық жерлестерімді ел тарихындағы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларына бақыт, тірліктеріне табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.