«Нұрлы жердің» шапағаты мол

Баспана мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Соңғы уақытта Үкімет бірқатар тиімді бағдарламалар ұсынып, оның орындалуын өзі де жіті қадағалай бастады. Сондай маңызды бағдарламаның бірі – «Нұрлы жер».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2016 жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін одан әрі арттыруды қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді шешу. «Нұрлы жер» бағдарламасының талаптарына сәйкес, тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 120 000 теңгеден аспауы қажет. «Нұрлы жер» бағдарламасы әр қазақстандыққа 10 сотық жер бөлу туралы мәселені шешеді. Қазақстан Республикасының әр азаматының жер заңнамасымен регламенттелген жеке тұрғын үй құрылысына әкімдікпен инженерлік инфрақұрылым тартылған 10 сотық жерді тегін алуға құқығы бар. 10 сотық жер алу үшін әкімдікке өтініш беру керек, яғни жер теліміне жергілікті атқарушы органында кезекте тұру қажет.

Сонымен қатар Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта жеке тұрғын үйлер құрылысы жүргізілуде. Жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін 403 жер телімі белгіленіп, бірінші кезекте жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге  ұсынылуда.

Бүгінгі таңда 255 жер теліміне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 мердігермен келісімшарт жасалып, 26 коттедждік үйдің құрылысы аяқталып, оның 20-сына әлеуетті сатып алушылар анықталды. Осы жеке тұрғын үйлер жол, су және газ желілерімен қамтамасыз етілсе, электр желілерімен қамту жұмыстары ағымдағы жылы іске асырылады.

Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің тарапынан 2005-2006 жылдары кезекте тұрған азаматтарға «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысу үшін 65 еріктінің көмегімен ескерту хаттарын көрсетілген мекенжайларға жеткізу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде және «Jambyl-Taraz» газетінде хабарландырулар жарияланды.

Нәтижесінде 11752 ескерту хат таратылып, бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ына жолдама алған азаматтар саны – 457,  соның ішінде  50  азаматтың төлем қабілеттілігі расталды.

 «Нұрлы жер» бағдарламасымен  Сүлейменов көшесінің соңындағы 15-ші мөлтек ауданында көпқабатты тұрғын үйлер де бүгінде халық игілігіне берілуде.

Жаңа мөлтек ауданда бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Ағымдағы жылы 80 пәтерлі 1 және 45 пәтерлі 9 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 24 тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге өтінім ұсынылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы қалада сәтті жүзеге асып жатыр. Оның шапағатын тұрғындар көре береді.

Айтқазы Қарабалаев,

Тараз қаласының әкімі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.