Парламент Сенатының жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев валюта нарығындағы теңге бағамына түсінік берді.
«Жылдың басынан бастап 24 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 10,1 пайызға әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 365,82 теңгені құрды. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, дамып жатқан елдердің валюталарына қарағанда АҚШ долларының күшеюі. Екінші фактор — Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі қатайту туралы хабарландыруы. Осыған орай, жылдың басынан бері Ресей рублінің әлсіреуі 15 пайыз болды. Ұлттық банк шекарасы, дәлізі немесе басқа да өлшемдері жоқ өзгермелі айырбас бағамы саясатын жалғастырады», — деді Данияр Ақышев.
Сонымен қатар ҰБ басшысы несиелік нарық қалпына келіп жатқанын атап өтті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 9 айда жаңа несие беру көлемі 25,8 пайызға немесе 2 трлн теңгеге өсті.
«Қайта құрылымдап жатқан және лицензиядан айырылған банктерді қоспағанда, экономиканы несиелеудің жылдық өсуі 11,2 пайызды немесе 1,1 трлн теңге болды. Кәсіпорындарға теңгедегі несиелер бойынша ставка жыл басындағы 13,2 пайыздан 2018 жылғы қыркүйекте 12,2 пайызға дейін төмендеді», — деп нақтылады ол.
Еске сала кетсек, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында бюджетке енгізілген түзетулер қабылданды.