Назарбаев зияткерлік мектебі 5 жылдық белесін бағындырды | arainews.kz

Назарбаев зияткерлік мектебі 5 жылдық белесін бағындырды

253

Биыл Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылғанына бес жыл толып отыр. Осыған орай, «Баласағұн» орталық концерт залында «Бес жылдың белесінде» атты шара өтті.

Аз ғана уақытта таңдаулы оқу ордасы атанған мектеп бүгінде облысымыз бойынша білім саласында көш бастап келеді. Десе де, аталған оқу ордасының оқушылары әдебиет пен өнерге де жақын. Ол жағы ыстық ұя мектептерінің 5 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада айқын аңғарылды.

Мерекелік кеште мектеп оқушылары домбыра сынды музыкалық аспаптарда қазақтың 100 әнінен попурри орындап, ұлттық би мен күйден шашу шашты. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылып, 5 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерге шолу жасалып, әлеуметтік жобалар қорытындылары баяндалды.

Концерттік бағдарламаны тамашалауға «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өкілдері, мектептің қамқоршылық кеңес мүшелері, серіктес ұйымдар, қалалық білім беру мекемелері және әлеуметтік орталық басшылары мен ата-аналар шақырылды. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы оқу әдістемелік кабинетінің басшысы Шахризада Өсерова шараға арнайы қатысып, басқарма басшысының ыстық ықыласын жеткізді.

«Құрметті Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы, білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру, әлемдік білім кеңістігіне ену ÷ еліміздің дамуындағы басты міндет. Осы күрделі міндеттің шешімін табу үшін қойылған сапалы білім беру жолында болашаққа қанат қағатын жастарды даярлауға толық мүмкіндігі қалыптасқан білім ұясына 5 жыл толып отыр. Сіздерді осы атаулы мерекемен құттықтаймын! Сіздер 5 жыл ішінде үлкен тәжірибе жинақтап, күрделі және үлкен белестерден өттіңіздер. Түлектеріңіз тек қана Қазақстан Республикасының аймақтарында ғана емес, сонымен қатар, таяу және алыс шет елдерде оқып жүргенін және жоғары біліктілік, жауапкершілік, терең білімімен ерекшеленетінін үлкен мақтанышпен атап өту қажет. Құрметті әріптестер, Сіздер ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін шығармашылық ізденіске толы ұстанымдарыңыздың арқасында қазақстандық білім беру жүйесін дамытуға айтулы үлес қосып отырсыздар. «Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», — деп елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай жастарымыздың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, рухани байлық пен ұлттық құндылықты сіңіріп, оларды бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеудегі еңбектеріңіз арта берсін. Игі істеріңізге әрқашан абырой мен жоғары мәртебе, тың бастамаларыңызға педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық табыс тілеймін!»,- деген басқарма басшысының құттықтау адресатын мектеп директорына табыс етті.

«Меніңше, Назарбаев зияткерлік мектебі – мол мүмкіндіктер ордасы. Бұл білім ұясының өзге мектептермен салыстырғанда, өзіндік ерекшеліктері көп.  Біріншіден, басқа оқу ошақтарындағыдай емес, мұнда математикалық және физикалық бағытта тереңдетіп оқытады. Екіншіден, кез-келген оқушының жеке тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етеді. Білімнен бөлек, мектепті нағыз өнер ошағы деп айтқым келеді. Себебі, сабақтан тыс үйірмелерге қатысып, шет елдерге шығуға мүмкіндік алып жатырмын», — дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрай Джумашева.

Ал, мектепішілік ата-аналар комитетінің төрайымы атынан сөз алған Гүлмира Абсаматова мектеп ұжымына алғысын білдіріп, сәттілік пен табыс тіледі.

Білім ордасының 5 жылдық мерейтойы 24 қыркүйектен бастау алып, мектепішілік шаралар тізбегімен аяқталды. Аптаға созылған мерейтой қорытындысы мың адамдық аудитория алдында мектеп қауымдастығының есеп беру концертімен тәмамдалды.

Биылғы жылы мектеп қауымдастығы халықаралық стандарттарды дамыту мен білім саласындағы жаңа жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған Халықаралық мектептер кеңесі (CIS – Council of international schools) халықаралық аккредитациясынан өту мақсатында қызу дайындық жүргізуде.

Нұргүл ЕСМАХАНОВА

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.