Мұрат Әбенов: мемлекеттік органдар әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануы тиіс | arainews.kz

Мұрат Әбенов: мемлекеттік органдар әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануы тиіс

170

Қазақстандықтардың 91 пайызы смартфон қолданады. Бұл туралы қызметтік әдеп нормаларын сақтауға байланысты Қостанайда өткен республикалық форумда Мұрат Әбенов айтты.

Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов «Мемлекеттік қызметтегі мінез-құлық әдеп стандарттары: тәжірибе және жетістіктер» атты республикалық форумда сөз сөйлеп, ұсыныстарын ортаға салды. Ол конференция барысында мемлекеттік қызметтің жаңа моделі халықпен барынша ашықтықты ұстанатынын атап өтті.

Сондай-ақ, жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс.

«Елбасы мемлекеттік органдардың ашықтығы туралы үнемі қозғап келеді. Биылғы Жолдауында да бұл мәселені баса айтты. Расында, мемлекеттік қызметші қандай болуы қажет? Осы сұрақ мемлекеттік қызметке жаңа қадам басқан әрбір жасты ойландыруы тиіс. Олар жұмысқа тұрған күннен бастап, халық пен биліктің арасын алшақтатпауды негізге алғандары абзал. Президентіміз жаңа мемлекеттік қызметшінің моделін құру туралы тапсырма берді. Мұны мен әлемде болып жатқан өзгерістерге қарап, соның баламасында іске асатын тиімді тәжірибе деп есептеймін», — деді Мұрат Әбенов.

Қоғам қайраткері мемқызметтегі оңтайландыру туралы да пікір білдірді. Оның сөзінше, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі осы тұрғыда жемісті жобаларды қолға алды.

«Мемлекеттік қызметтегі оңтайландырудың арқасында жұмыс сапасы артты. Жас қызметкерлерге қосымша стимул пайда болды. Мен мемлекеттік қызметші болмасам да, агенттіктің атқарып келе жатқан жұмыстарымен таныспын. Алик Шпекбаев қоғам белсенділері арқылы халыққа жақындаудың жолдарын тапты. Ол мемлекеттік органдарға әлеуметтік желілерді пайдаланып, тұрғындармен кері байланыс жасауды ұсынды. Меніңше, бұл қолдайтын бастама. Сараптама жүргізіп көрдім, қазақстандықтардың 91 пайызы смартфон қолданады. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұрын ҚР ІІМ автоорындық туралы норманы қабылдады. Алайда, жұрттың әлеуметтік желілердегі наразылығы салдарынан бұл мәселе кейінге шегерілді. Осындай мысалдарды саралай келе, мемлекеттік органдар халықпен барынша ашық болуы тиіс деген тұжырым шығарамыз», — дейді ол.

Еске салсақ, Елбасы биылғы Жолдауында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыруды тапсырды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.