«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу және педагогтердің мәртебесін арттыру мақсатында «Мұғалім Talks» атты кейс-платформасын ұйымдастырды. Бұл іс-шараға өңір аудандарынан іріктелген 250-ден астам мұғалім, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қатысты.
TED-алаңына шақырылған мектеп директорлары мен педагогтер құндылықтарға негізделген білім беру жағдайында жинақталған өз тәжірибелерімен немесе өз өмірлерінде болған қызықты оқиғалармен, басқаға үлгі болар тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды. Бұл іс-шара ашық ойталқы форматында өтіп, ашық қоғам құру мен отандық білім саласын жақсартуға үн қосуға келген, өздерінің бірегей оқиғасымен бөлісті.
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов білім беру саласының әрқашан Мемлекет басшысының назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол партия ұстаздар мәртебесін көтеруді, білім саласының өзекті мәселелерін шешуді басты бағыттарының бірі ретінде санайтынын жеткізді.
– «Мұғалім Talks» — білім беру саласының жаңашыл көшбасшыларын, өз кәсібіне шын берілген мұғалімдерді, қоғам өміріне оң өзгеріс әкелуге ниетті жанашыр жандарды тоғыстырып отыр. Ұстаз – ел болашағын тәрбиелейтін, жүрегі мейірім мен білімге толы ұлы тұлға. Әрбір жетістікке жеткен азаматтың артында ұлағатты ұстаздың еңбегі мен ерен тәрбиесі тұрады. Бүгінде Сіздердің арқаларыңызда еліміз білімді, білікті, ұлтжанды жас буынмен толығып келеді.
Сіздер – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар елдің ертеңін қалыптастыратын тұлғасыздар. Ал осындай еркін пікір алаңдары – тәжірибе бөлісуге, жаңа идеялармен қанаттануға, кәсіби шабыт алуға зор мүмкіндік, – деді Дауыл Бейсенқұлов.
Ал, өз кезегінде Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков «Мұғалім Talks» кейс-платформасы өңірдегі ұстаздардың тәжірибесін арттыруда бірегей алаңға айналатынын сенім білдіріп, алдағы уақытта бұл іс-шараның ауқымын кеңейтуге дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кетерлігі, байқау ретінде ұйымдастырылған іс-шара барысында аудандар мен Тараз қаласынан, облыстық білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарынан барлығы 17 педагог қатысты. Олар кейс-платформасына 3 бағытта шығармашылық жұмыстарын ұсынып, өз идеяларымен, ашық пікірлерімен, өзіндік педагогикалық тәжірибелерімен бөлісті. Ячни, эссе жазу, үй тапсырмасы аясында бейнежазба ұсыну және ойталқы бөлімдері арқылы үздіктер анықталды.
Нәтижесінде, бас жүлде Қордай ауданынан келген тарих пәнінің мұғалімі Әлішер Аяпбергенге бұйырды. Ал, біліктілігі мен білімділігін таныта білген Тараз қаласындағы «Дарын» лицей-интернаты физика пәнінің мұғалімі Рауан Жаңабай І орын, А.Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Кусева ІІ орын, ІІІ орын №39 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнар Раптаева алды.
«Мұғалім Talks» – бұл ұстаздардың пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін, білім беру саласын дамытуға бағытталған маңызды алаң. «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы алдағы уақытта да мұғалімдердің ұстаздар қауымымен бірлесе жұмыстарын жандандырып, білім саласын дамытуда өнімді еңбек ете беретін болады.