Мойынқұмда Айтбай Назарбековтың ескерткіші ашылды | arainews.kz

Мойынқұмда Айтбай Назарбековтың ескерткіші ашылды

254

Мойынқұм ауылында ауданның құрылуы мен қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, ауданды ұзақ жылдар басқарған Айтбай Назарбековтің ескерткішінің ашылу рәсімі өтті. Оған аудан тұрғындары көп жиналды. Олардың басым бөлігі Айтекеңмен кезінде бірге қызмет жасаған, еңбек еткен ата-апалар еді. Алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімі Бақытжан Нүркенов «Өткенсіз болашақ жоқ дегендей, бұл ескерткішке деген көзқарас тек А.Назарбековке ғана емес, сол кездерде білек сыбанып, еңбек көрігін қыздырған барша жерлестерімізге жасалған құрмет деп білемін. А.Назарбековтің Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде жұлдызы жарқырай түсті.
Қай заманда, қандай қоғамда болсын ер азаматтың халық алдында беделге, атақ-абыройға, құрметке бөленуі оның ел үшін атқарған адал еңбектеріне байланысты. Айтбай Назарбеков таршылық қиын кезеңде қарапайым отбасында туып, тәрбиеленіп, бар ғұмырын, күш-жігерін елге қызмет етуге арнаған асыл азаматтар қатарына жатады. Ол жаны жайсаң, қарапайым, кішіпейіл, ақыл-парасаты мен қайырымы мол, білімі терең, өресі биік, халықпен етене араласа еңбек еткен, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат болды.
VIII-IX шақырымдардағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ленин, Еңбек Қызыл ту, Қызыл ту ордендері, бірнеше медальдармен марапатталып, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды. Міне мұндай үлкен құрмет, марапаттар ағамыздың жанқиярлық еңбегінің арқасында келді. Айтбай аға ұлы қаламгер Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұршайықов, сазгер Ш.Қалдаяқов, әнші Б.Төлегенова, үлкен өнер иесі А.Әшімов тағы басқа бірнеше әдебиет- мәдениет өкілдеріменде жақсы сыйластық, қарым-қатынаста болды. Сондықтанда болса керек осы тұста Ш.Қалдаяқовтың «Мойынқұмда ауылым» әні өмірге келіп, бүгінде үлкен сахналарда айтылып жүр. Айтбай аға бұған дейін 1961-1963 жылдары Көктерек ауданын басқарса, 1963-1965 жылдары Шу ауданында атқару комитетінің төрағасы қызметінде абыроймен атқарған жан. Міне осындай лауазымды қызметтерде ысылып, мол тәжірибе жинақтаған білікті басшы, іскер ұйымдастырушы еді.
1964 жылы шөл және шөлейт аймақты игеру, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жаңадан ашылған аудан тізгіні Айтбай Назарбековке тапсырылды.
Ол кісі сол кездегі қызметкерлермен бірігіп шөл далада маңдай терін төге отырып, еңбек етті. Нәтижесінде жеріміз түрленіп, өңір көркейді. Міне осылайша бастау алған ұлағатты да өркенді іс өрісін тапты.
Айтбай ағамыз ауданды басқарған 20 жылдың ішінде 14 орта, 2 бастауыш мектеп, 18 балабақша, 6 пошта ғимараты, 12 мектеп интернат, 5 аурухана, 5 дәрігерлік пункт салынды.
Аудан орталығында бірнеше қабатты сәнді үйлер мен айрықша жобамен Мәдениет үйі, кинотеатр, қонақ үйі, байланыс үйі, сауда орталығы, аудан әкімдігінің ғимараты салынып, ауыл ажарын аша түсті. Әрбір елді мекенге баратын жолдар асфальттанып, оларға ұшақ қатынай бастады.
Ал Алматы, Тараз қаласына «ЯК-40» ұшағының күнделікті ұшуы Айтбай Назарбековтің тікелей еңбегі екенін айта кеткен жөн. Мұндай ұшақ Мойынқұмнан басқа еш аудан орталығына ұшқан жоқ.
Өзінің тікелей ықпалымен салынған Жасұлан ауылына 1997 жылы Айтбай Назарбековтің есімі берілді. Сондай-ақ аудан орталығындағы бір көше оның есімімен аталады.
Қоғам қайраткері Айтбай Назарбековтің ел алдындағы өлшеусіз еңбегі, халық пен мемлекет тарапынан жоғары бағаланды»,- деді Бақытжан Балтабекұлы.
Содан соң сөз кезегін облыстың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Лидия Ахметова алып, біртуар тұлға Айтбай Назарбековке арналған ескерткіштің ашылуымен құттықтап, бүгінгі шара «Ер есімі — ел есінде» деген халық тәмсілінің бекер айтылмағанын нақтылай түскенін айтты. Ол бұл ескерткіш арқылы Мойынқұм жұртшылығының көп жылдар ауданның дамуына елеулі үлес қосқан арда азаматқа деген құрметінің белгісі, елі барда ерінің есімі ел есінен ешқашан ұмытылмайтындығының көрінісі деп атап өтті. Ал аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев Айтбай Назарбековтің сіңірген еңбектерін жиналған көпшіліктің есіне салды. «Айтекеңнің тұсында Одақ көлеміндегі аудандарда болмаған, Белоруссияның бір қаласынан келбетті Мәдениет үйінің және Сауда орталығының жобаларын алдырып, аудан орталығына орнатты. Өркениеті өркендеп, өресі өсіп, өнері дамыған аудан өнерпаздарына Мәскеу қаласы мен Португалияның Лиссабон қаласы тұрғындары ризашылығын білдіріп, қайта-қайта қол соқтыруы да осы Айтекеңнің тұсы болатын. Республика көлемінде ешбір ауданда болмаған «ЯК – 40» ұшағын да Бетпақтың даласынан бой көтерген аудан Мойынқұмға қондырды және ол Алматы, Жамбыл қалаларына күніне бір рет қатынап тұрды. Бас-аяғы бірер жылда қазіргі өзі атында аталатын «Жасұлан» совхозын құрып, соңғы үлгідегі қала іспеттес ауыл тұрғызды. Ол ауылда тауарлы сүт фермасы тек аудан ғана емес, өзге де аймақтарды сүт- май өнімдерімен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, түрлі жеміс-жидек пен 240 гектар жерге алма бағын ашып, аудан жұршылығын және өзге де өңірлерді көкөніспен қамтамасыз еткені ел есінде.
Мойынқұмның бұйратты құм – шөлейттерін, Бетпақтың бет қаратпас боранын, аптап ыстығын бағындырып, қойнауын мыңғырған малға толтырып, оны жүздеген суат – құдықтармен қамтамасыз еткен, шөл даланы абаттандырып, жайылым – шабындықтарды ашып кеңейту, сан мыңдаған гектарға егін салып, өңірде болмаған су торабын салған, екі бірдей орман шаруашылығын ашып, аудан аумағында сексеуіл отынының көптеп өсуіне тікелей ықпал етті.
Осылай ширек ғасырға жуық ауданымызды басқарған Айтбай Назарбеков Бетбақтың даласынан аңызға айналған аудан құрып, оның өсіп- өркендеуіне зор үлес қосқан ғасыр саңлағын мойынқұмдықтар әрдайым ардақ тұтып « Құмға гүл өсірген Адам» деп таниды. Бүгінгі болып отырған іс – шара да Мойынқұм халқының Айтекеңе деген ыстық ықыласының, зор құрметінің белгісі деп білген ләзім. «Адам – жақсы ісімен мың жасайды» деген. Айтекең мәңгі біздің жүрегімізде! Айтекең мың жасайды! — деді Ж.Қалыбаев.
А.Назарбековтің ұлы Асқанбай Назарбеков әкесінің елге сіңірген еңбегін ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан Мойынқұм халқына алғысын айтты. Еңбек ардагері Сланбек Алдабергенов Айтбай Назарбековтің кезінде ауданды дамытуға сіңірген еңбектеріне тоқталып, қойнауы қазба байлықтарға толы өңірдің бұдан да қарыштап дамитындығына сенетіндігін айтса, еңбек ардагері Жапар Сатылғанов ауданымыздың даму үрдісін тек қазба байлықтарымен байланыстырып қана қоймай, ата-кәсіп төрт түлік малды өсіруге ден қоюуымыз керек. Енді Айтбай Назарбековтің есімін аудандық Мәдениет үйіне беруді қолға алайық. Рухани жаңғырудың алдыңғы шебінде болайық,- деді.
Ал биназарлық сазгер-ақын Болатбек Әбішев өз тілегін өлең жолдарымен жеткізді. Ескерткіштің ашылу лентасын аудан әкімі Бақытжан Нүркенов пен А.Назарбековтің бауыры Қалдыбай Назарбеков қиды. Сол сәтте ақ жамылғы сырғып түсіп, биік тұғырға қондырылған Айтбай ағаның жарқын жүзі көрінді. Қуанышқа орай шашу шашылып, халық өзінің сүйікті ұлымен қайта қауышқандай болды. Осы бір сәтте жиылған халық мәре-сәре күйде болып, қуаныштары тау суындай тасып жатты…
Лезде-ақ Айтбай ағаның ескерткіші гүл шоқтарымен көмкерілді. Ал А.Назарбековтің ұл-қыздары әкесімен бірге Жазылбек ата бастаған Еңбек Ерлеріне де құрмет көрсетіп, алдарына гүл қойып шықты.
Аудандық Спорт кешенінде ауданды ұзақ жылдар басқарған Айтбай Назарбековтің құрметіне орай аудандық оқушылар арасында кіші футболдан жарыс өтті. Жарысқа 16 команда қатысып, екі алаңда күш сынасты. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Бақытжан Нүркенов пен Айтбай ағаның қызы Күләш Айтбайқызы сөз алып, ширек ғасырдан астам Мойынқұм ауданының өсіп-өркендеуіне қажыр-қайратын жұмсаған Айтбай ағамыздың еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті, адами болмысы жайлы жас жеткіншектерге айтып беріп, оларға жарыста сәттілік тіледі. Аталған жарыс алдағы уақытта жыл сайын өтетін дәстүрлі жарысқа айналатыны да айтылды.
Мол қасиетті бойына жинаған асыл жан Айтбай Назарбековтің құрметіне аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Сәуле» мейрамханасында құдайы тамақ берілді. Оған кезінде Айтекеңді көріп, бірге қызметте болғандар, Айтекеңнің туған-туыстары, бала-шағалары қатысып, ағаға арналып оқылған құранға қол жайды. Бұл жерде де Айтекең туралы естеліктер айтып, тарқасты, қариялар осындай сауапты іс жасаған аудан басшыларына алғыстарын айтып, тарқасты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.