Менің туым—менің мақтанышым | arainews.kz

Менің туым—менің мақтанышым

39

Асқақтай бер, жарқырай бер көк туым,

Әркез сені мақтан тұтар бек ұлың.

Көк байрақтың қасиет пен қадірін,

Өмір бақи есте сақтап сен ұғын, — деп өзім шығарған өлең шумақтарым көк байрағымды ойлап, ой елегінен өткізгенде ақ параққа өрілді. Әлі сиясы кеппеген өлең жолдарымда көк туыма деген ыстық махаббатым тұнып тұр. Менің туым —менің мақтанышым!  Көк байрағымды қастерлеу өз борышым деп білемін. Менің туым —бұл  елімнің нышаны, тәуелсіздік пен еркіндіктің белгісі. Ту- елдің бейнесі, оның мәдениеті мен тарихының символы. Менің туымның тағы бір маңызды элементі-қыран. Ол — еліміздің еркіндігі мен күшін білдіреді. Қыранның ұшуы мені рухтандырып, елім үшін еңбек етуге шақырады. Бұл менің бойымда патриоттық сезімді оятып, туған еліме, жеріме деген махаббатымды арттырады. Осы орайда, осы көк туымыздың авторы, менің жерлесім — Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков атамыздың  тудың шығуына қосқан үлесі өте зор екендігін айтып өткім келеді. Шәкен Ниязбеков- сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі. 1992 жылы еліміздің мемлекеттік рәміздерінің бірі туды анықтауға арналған байқауда Шәкен атаның ұсынған нұсқасы үздік деп танылуының өзі үлкен талғампаз өнер иесі екенін көрсетеді. Ол қазақ сурет өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан байрағымызды президенттер сүйіп, ант береді, тағзым етіп бас иеді.Спортшыларымыз төрткүл дүниені мойындатқан сәтте жалауымыз желбірейді.

Көк ту- аспанның бейнесі. Ол мені әрқашан биікке, армандарымды жүзеге асыруға, елімнің дамуына үлес қосуға шақырады.Туымның ортасында орналасқан алтын күн- үміттің, болашақтың нышаны. Күннің жылуы мені әрдайым шабыттандырады, ал жұлдыздар елімнің ерлік жолын еске салады.

Туымның мен үшін мәні-тек символикалық емес.Ол менің Отанымның тарихын,оның өткенін,бүгінін және болашағын қамтиды.Туымды көтергенде,мен халқымның батырларын,ел үшін күрескен ата — бабаларымның  рухын сезінемін.Олардың ерліктері менің бойымда патриоттық сезімді оятады.Туым мені жауапкершілікке де шақырады. Мен өз елімнің азаматымын, және өз елімнің дамуына, мәдениетінің өркендеуіне, тарихының сақталуына үлес қосуды  міндетім деп санаймын.

Туымды көргенде,менің жүрегімде мақтаныш пен құрмет сезімі пайда болады.Бұл тек менің жеке сезімім емес,бүкіл халықтың бірлігі мен ынтымағының белгісі.Көк туым менің мақтанышым, өйткені ол менің кім екенімді,қайдан келгенімді және менің болашағымды айқындайды.

Туымды көтеру-менің елім үшін жасаған ең кішкентай,бірақ маңызды ісім. Отанымның әрбір жетістігі,әрбір табысы менің жүрегімде мақтаныш ұялатады.Туым мен үшін мәңгілік құндылық,менің жаратылысымның негізі.Мен туымды мақтан тұтып, төбемде көтеріп өтемін. Менің туым —менің мақтанышым!

Афлатун Давуд Абузарұлы,

Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебі,

8-сынып оқушысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.