Мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сай орналастырылуы туралы семинар өтті | arainews.kz

Мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сай орналастырылуы туралы семинар өтті

1 373

Мемлекеттік рәміздер біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі, ел тәуелсіздігінің қасиетті біріктіруші бейнесі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы» аудандық әкімдікте мемлекеттік мекемелердің және аумақтық органдардың жетекшілеріне нормаларды түсіндіруге арналған семинар өткізілді.

Өткізілген семинарда мемлекеттік рәміздер саласындағы нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген талаптарды орындау, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, насихаттау және қолдану тәртіптері туралы айтылды.

Кездесуге ауылдық округтер әкімі аппаратының мамандары, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің жауапты мамандары қатысты. Айтулы шараны аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернұр Мадияров Мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздігіміздің жарқын дәлелі екені, сондықтан оған деген құрметтің ерекше болу керектігін айта келіп, шараның мақсатына тоқталды:

– Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады және мемлекеттік рәміздерді орналастырудың, оны қолданудың өзіндік белгіленген тәртібі мен талабы бар. Кей жағдайда сол талап орындалмай жатады. Бүгінгі семинарда мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолдану тәртібі кеңінен түсіндірілетін болады.

Семинар барысында аталған бөлімнің бас маманы Өркен Тамшыбай «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін орналастыру және пайдалану тәртібі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндама жасады. Баяндамашы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалануды реттейтін заңнамалық актілерге тоқталды. Рәміздерді стандартқа сәйкес орнату және пайдалану, жарамсыз Елтаңбаларды және Туларды жою ережесімен таныстырды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұру міндеттілігіне, Мемлекеттік рәміздердің стандарттық талаптарын сақтауға аса жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, жиынға қатысқан Т.Рысқұлов ауданы прокуратурасының прокуроры Динара Айтбек қатысып, өз кезегінде рәміздердің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасу тәртібі аса маңызды екенін әрі мемлекеттік ұйымдардың барлығында болуы шарт екендігіне тоқталып өтті. Әрбір мекеме басшысы мемлекеттік рәміздерге ұқыппен қарап, уақытылы ауыстырып, егер ескірген болса жою жұмыстарын жүргізуге үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.

Семинар еркін форматта өткендіктен, қатысушылар тарапынан туындаған барлық сұрақтарға жауаптар қайтарылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.