Мемлекеттік бағдарлама аясында 26 тұрғын үйдің құрылысы жүруде | arainews.kz

Мемлекеттік бағдарлама аясында 26 тұрғын үйдің құрылысы жүруде

163

Таразда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 26 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 15-і 80 пәтерлік болса, 11 тұрғын үй 60 пәтерге шақталған, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысандардың бірқатары тапсырылуға да дайын болып үлгерген. Мәселен, тамыз айында аталған көппәтерлі үйлердің 10-ы қолданысқа берілмек.

Бұл үйлердің басым бөлігі екінші деңгейлі банктер арқылы несиеге беріледі. Тұрғын үй құрылысына 4 миллиард теңгеден аса қаражат бөлініп, 15 мөлтек ауданда 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, 9 үй өткен жылы пайдалануға тапсырылған. Жалпы былтыр Таразда 960 пәтер ел игілігіне берілген.

Қазіргі таңда қала бойынша 16 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Осыған байланысты 5 әлеуметтік 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған. «Агроспецстрой» құрылыс компаниясының басшысы Марат Рахымбердиевтің айтуынша, қазір компания 80 пәтерлі екі үйдің құрылысын аяқтап жатыр. Құрылысқа пайдаланылған материалдардың 90 пайызы жергілікті өндірістен алынған.

– Қазір 4 көпқабатты үйдің құрылысын бастап жатырмыз. Оның үшеуі 60, ал біреу 80 пәтерлі. Біздің компания санға емес сапаға мән береді. Сондықтан, сапалы отандық өнімді қоданып жатырмыз, – дейді М. Рахымбердиев.

2016 жылы ел Үкіметі әзірлеген «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қазақстандық отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге негізделген. Жоспар бойынша, бағдарлама аясында 15 жылда шамамен 1,5 миллион қолжетімді баспана салынбақ.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.