Мектеп асханалары талапқа сай ма? | arainews.kz

Мектеп асханалары талапқа сай ма?

181

Жасыратыны жоқ, кейбір білім ошақтарында ас мәзірі көңіл көншітерліктей емес. Өйткені мектептерде оқушыларға көбіне ұн өнімдері мен құрамында қанты көп түрлі тәттілер ұсынылып, жеміс-жидек пен көкөністерге тиісті деңгейде мән берілмеген. Бұл мәселе ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері тарапынан әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп келеді. Осыны ескерген «Нұр Отан» партиясы «Мектеп асханалары» жобасын бастап, партия филиалдарының ұйымдастыруымен облыстық, Тараз қалалық және аудандық деңгейлерде ведомствоаралық сарапшы топ құрған болатын.

Тараз қаласында ұйымдастырылған зерделеу жұмыстарына партия облыстық филиалы, облыс әкімдігі білім басқармасының басшылығы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Арнайы құрылған топ әуелі ат басын үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепке бұрды. Қазіргі таңда 485 оқушы білім алып жатқан оқу ордасының асханасы 150 орынға шақталған екен. Аталған мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Мадияр Шүмбеков оқушылардың аптаның әр күніне түрлі ас мәзірі бойынша тамақтанатынын айтады. Сондай-ақ 8 оқушы ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілген екен. Олардың күндік асының құны 250 теңгені құрайды. Ал ата-аналар есебінен тамақтанатын оқушылар үшін ыстық тамақтың құны 200 теңге болып белгіленген. 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен асханадан сарапшы топ өкілдері талапқа сай емес дүниелерді байқай қоймады.
Келесі кезекте топ мүшелері ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатына бас сұқты. 130 орынға шақталған асханадан жеткіншектер
3 ауысым бойынша тамақтанады екен.
Әрине, сабақ беруде әдістемесі қарапайым мектептерден өзгеше мұндай білім ордаларында оқушылардың тамақтануына да ерекше көңіл бөлінетіндігі белгілі. Ал қара­пайым орта мектептердегі асханалардың жағдайы қалай? Осы мақсатта сарапшы топ өкілдері Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектепке барды. Жасыратыны жоқ, 1 100 оқушы білім алатын мектептің асханасында кейбір ас жабдықтары ескірген. Мәселен, бәліш пісіретін табақшалар талапқа сай емес. Сондай-ақ оқушылардың қол жуатын орындарында сүлгі қойылыпты. Бұл өз кезегінде санитарлық талапқа қайшы. Сондықтан сарапшы топ өкілдері мектеп басшылығына осы жағдайды ретке келтіруді тапсырды.
Зерделеу жұмыстары барысында арнайы құрылған топ №7 және Қ.Тұрысов атындағы №53 мектептердің асханаларында да болды. Ондағы жұмыстар бір жүйеге келтірілген, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін дүниелер көзге ілінбеді.
Дейтұрғанмен ведомствоаралық сарапшы топ мүшелері мектеп басшылығы мен аспаздарға жұмыстарына мұқият болу керектігін айтып, бала денсаулығының негізі тамақтануында жатқандығын тағы бір рет естеріне салды. Айта кету керек, зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.