Механикалық жасаққа артылған міндет зор | arainews.kz

Механикалық жасаққа артылған міндет зор

290

Мемлекет басшысының Жолдауында жерді пайдалану тиімділігін арттыру, суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажеттігі айтылған болатын. Осыған орай, аймақта суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мәселесі жіті қолға алынуда.

Осы орайда, облыс басшысы Асқар Мырзахметов өткен аптада Жамбыл ауданында болып, жаңадан құрылған механикалық жасақтың мүмкіндігін бағамдап қайтты. Мамандардың айтуынша, бүгінде облыс көлемінде иесіз жатқан канал саны 211 бірлікті құрайды екен. Бұдан бөлек, 28 шағын тоған қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етсе, 36 мың гектар жер айналымнан шығып қалған. Сол себепті, аталмыш жасақтың көмегімен биылға 43 миллион теңгенің жұмыстары атқарылмақ.
Облыс әкімі А.Мырзахметов, мехникалық жасақты құру ең алдымен пайдаға жарамай тұрған суармалы жерді айналымға қосумен қатар, қаражат пен уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретіндігін айтты.
– Біз осыған дейін мехжасақты не үшін құрып жатқанымызды айтқан болатынбыз. Себебі, қолданыстағы суармалы жердің алқабын көбейтуге қатысты мәселеге келген кезде көбіне ірі су жүйелері мен су қоймаларынан басқа шағын су қоймалар мен тоғандар солардың тасасында қалып қойды. Дәл қазір, 36 мың гектар жерді суармалы жер ретінде пайдалануға болады. Оны бюджеттік тәртіппен жасайтын болсақ жобалық-сметалық құжаттарын реттеудің өзіне кем дегенде 1 жыл кетеді, одан соң тендер деген бар. Ал, механикалық жасақты қолдансақ әлдеқайда арзан бағамен осы жұмысты іске асыруға болады. Салыстырмалы түрде есептесек шығын көлемі 2 еседен арзанға түседі екен. Яғни, 40 мың гектарды пайдаға асыру өз алдына, мұнымен қоса су жүйелерін ғана емес басқа да қар тазалау, су қоймаларын соғу сынды жұмыстарды да бірге атқаруға болады, – деді облыс басшысы.
Бүгінде облыстық бюджеттен 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, оған 48 техника сатып алынған. Атап айтсақ, 1 бульдозер, 3 экскаватор, 1 бетон тасығыш, 1 «КамАЗ», фронтал тиеуіш, 4 МТЗ-82 трактор,
4 құмсепкіш, 4 культиватор,
4 гербицид шашқыш, 4 доминатор,
4 соқа жұмысқа сақадай сай тұр. Тіпті, кадрлық мәселе де 100 пайызға шешімін тапқан.
Жалпы, Жамбыл облысындағы жер көлемі 180 мың гектарды құрайтын суармалы аумақтың бүгінгі күні 100 мың гектары ғана игерілген. Қалған 80 мың гектары пайдаланусыз жатыр. Жаңа жасақтың көмегімен бұл түйткіл шешімін табады деп күтілуде. Яғни, алдағы 3 жылдың көлемінде 180 мың гектар жердің барлығы толығымен айналымға қосылады деген жоспар бар.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.